Талдықорғандық «Жетісу» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ–2026) жаңа маусымы басталар алдында ресми атауының жазылу тәртібін өзгертті. Бұдан былай команда барлық ресми алаңдарда FC ZHETYSU деген атаумен өнер көрсетеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Клуб басшылығының мәлімдеуінше, жаңартылған атау барлық ресми платформаларда қолданылатын болады. Дегенмен команданың тарихы, қалыптасқан дәстүрлері мен ұстанған құндылықтары өзгеріссіз қалады. Мұндай қадам клуб имиджін халықаралық стандарттарға сай бейімдеу және заманауи бренд ретінде ілгерілету мақсатында жасалып отыр.
Еске сала кетсек, FC ZHETYSU жаңа маусымдағы алғашқы кездесуін 8 наурыз күні сырт алаңда елордалық «Астанаға» қарсы өткізеді. Талдықорғандық жанкүйерлер өз командасынан биылғы чемпионатта жоғары нәтижелер күтеді. Клубтың ресми атауының өзгеруі жаңа маусымдағы тың серпін мен табысты жеңістердің бастауы болады деген сенім мол.





