Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында волейболдан ерлер арасында ІІІ кіші тур ойындары аяқталды. «Жетісу» командасы «Б» тобында ойнап, «Буревестник» (Алматы), «Тараз», «Ұшқын-Көкшетау» командаларын жеңді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кіші турдағы соңғы ойынын «Ұшқын-Көкшетауға» қарсы өткізген «Жетісу» 3:1 (25:22, 22:25, 25:19, 28:26) есебімен ұтты. Оның алдында «Буревестникті» (3:0 — 25:21, 25:22, 25:18), «Таразды» (3:0 -25:15, 25:22, 25:22) сенімді жеңген еді. Талдықорғанда өткен ІІІ кіші тур ойындарында «Жетісу» сапынан «Үздік ойыншы» болған – Михаил Устинов.
«Ұшқын-Көкшетаумен» болған топтағы соңғы ойында үздік нәтиже көрсеткен үш ойыншы:
- Владислав Кунченко – 17 ұпай (17 шабуыл).
- Михаил Устинов – 16 ұпай (14 шабуыл, 1 эйс, 1 тосқауыл).
- Нұрғали Қожатаев – 10 ұпай (8 шабуыл, 1 эйс, 1 тосқауыл).
– Өз алаңымыздағы ойындарды сәтті аяқтадық. Тек соңғы кездесуде босаңсып кеткен сияқтымыз. Бірақ есімізді тез жидық. Енді бізді Оралда өтетін ІІІ үлкен тур ойындары күтіп тұр. Ол жерде біз «Жайық» командасымен Қазақстан Суперкубогын сарапқа саламыз. Жеңіс үшін аянып қалмақ емеспіз, – дейді «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы Владислав Кунченко.





