Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында күрес түрлерінен кезекті ел чемпионаты басталды. Бұл сын – биылғы Олимпиада ойындарына жолдама беретін іріктеу турнирлеріне балуандарды жасақтауға жақсы мүмкіндік. Алғашқы күні бірінші болып жетісулық балуан Нұрзат Қабдырахимов жеңіс тұғырынан көрінсе, тағы бір жерлесеміз Альмир Төлебаев күміс медаль алды.
Кіші салмақта (55 келі) күрескен жетісулық Нұрзат Қабдырахимов қарсылас шақ келтірмеді. Ол финалда астаналық Айбек Айтбековтен басым түсті.Бұл салмақта үшінші орынды алматылық Ербол Камалиев пен түркістандық Әден Қасым алды.
– Әр қарсылас оңайға соқпады. Физикалық тұрғыда өте қиын болды. Бұл жеңіспен тоқтап қалмауға тырысамын. Алдағы болатын ірі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғағым келеді, – деді өз сөзінде Нұрзат Қабдырахимов.
Жарыстың бірінші күні жүлде алған тағы бір жетісулық 82 келіде күрескен Альмир Төлебаев финалда атыраулық Евгений Поливадовтан жеңілді. Бұл сынға еліміздің әр өңірінен 600-ден астам балуан қатысып жатыр. Ел чемпионатында жеңіске жеткендер Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Стамбұлда (Түркия) болатын Олмипиадаға әлемдік деңгейде өтетін іріктеу жарысына қатысады.
Қали АСҚАР
Фото: sportpress.kz





