Елімізде өтетін айтулы сын V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын жетісулық спортшылар жолға шықты. Оларды жұртшылық Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрының алдында сән-салтанатпен шығарып салды.
Астананы бетке алған спортшыларымыз бен оларға жанкүйер болып бара жатқан делегацияға жиналғандар сәттілік тілеп, ел намысын абыроймен қорғауды тапсырды. Үздіктер көшін бастап жақсы нәтиже көрсету – басты міндет. Оған спортшыларымыздың бүгінгі күнге дейінгі жаттығуы да, жарыстарда көрсеткен нәтижесі де дәлел.
Ал делегация құрамында батагөй ақсақалдар, өңір зиялылары, атақты спортшылар мен қолөнер шеберлері және Жетісудың жезтаңдай әншілері бар. Жетісулық қолдаушы қауым өңірдің символы ретінде Орта Азиядағы ең биік сарқырама Бұрқанбұлақтың суын апара жатыр. Оны облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов қазақ күресінен әлем чемпионы Руслан Әбдіразақовқа арнайы торсықпен тапсырды.
– Жетісу өңірінен қазақ күресінен әлем чемпионы болған бауырларымыз қатысады. Қазақ елінің намысын қорғайтын барша спортшыларымызға сәттілік тілейміз. Бұл еліміз үшін айтулы сын, – деді өз сөзінде балуан.
Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында тұңғыш рет ұйымдастырылатын «Ұлы Дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесіне шыққан жетісулық шабандоздар діттеген жерге жетіп, жаттығуды бастады. Бұл жөнінде марафоншы жетісулықтармен бірге аттанған әріптесіміз Әсет Бекбатыр айтты.





