Еркін күрестен қыздар арасында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалына шыққан үнді балуаны Винеш Пхогат салмағының рұқсат етілген шектен 100 грамм (!) асып кетуінің кесірінен жарыстан шеттетілді. Бұл салмақ дәрежесінде сынға түсу үшін спортшының салмағы 48-52 келі аралығында болуы, артық не кем шықпауы керек еді.
Үндістан құрамасының дәрігері Диншоу Пардивала былай дейді: «Балуан, әдетте, өзінің нақты салмағынан сәл жеңілдеу салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Бұл белдесу барысында спортшыға аздап болсын артықшылық береді. Салмақ қуу процесі қатаң қадағаланады: жеңіл ғана тамақтану, су ішу, жаттығулар жасау, тер шығарудың түрлі тәсілдерін қолдану… Салмақ қуу барысында спортшы ағзасы сәл әлсірейді, күші азаяды, сол себепті біз сайыстан соң энегертикалық қуаты басым тағамдардың көмегімен дене күшін қайта қалпына келтіреміз. Бұл – жылдар бойы бүкіл әлем спортшысы қолданып келе жатқан әдіс.
Финалдан бір күн бұрын Винеш өте ауыр үш белдесу өткізді, сондықтан оның ағзасын қалпына келтіру және дегидрация жасау (денедегі артық сұйықтықты шығару) қажет еді. Кешке, жартылай финалдан соң, өлшенгенімізде, Винештің салмағы рұқсат етілген 52 келіден 2 келі 700 грамм асып тұрды. Біз түні бойы салмақ қуудың бар амалын жасадық: спортшы тамақтанған жоқ, тек су ішті, тер шығарды. Медициналық тұрғыдан біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Тіпті ақырында ол шашын да қысқартты, спорттық комбинезонының да артық тұсын кесті. Әйтеуір миллиграмдап болса да салмағын азайтуға барын салды.
Өкінішке қарай, бұдан еш нәтиже шыққан жоқ. Винештің салмағы 52 келіден бәрібір 100 грамм асып тұрды. Бізде бірер сағат артық уақыт болғанда, ол жүз грамды да бірдеме ғып құртар едік. Бірақ финал уақыты күндіз болды да, үлгермедік. Оны неге қатаң жазаға тартып, жарыстан шығарып тастағанын түсінбедік. Финалға қатыстырмай, қола жүлдемен қалдыруға да болар еді ғой. Өкінішті. «Шешім шыққан соң инемен егу арқылы Винеш ағзасындағы су балансын қалпына келтіруге кірістік, қан анализін тексердік, қазір жағдайы жақсы…».
Винеш Пхогат жартылай финалда 4 жыл бойы жеңілмек түгілі, ешкімге ұпай да бермей келе жатқан жапондық Юя Сусаканы 3:2 есебімен жеңген болатын. Финалда да үнді қызы австралиялық Сара Энн Хильдебрандтқа лайықты қарсылас бола алар ма еді, кім білсін?! Австралия балуаны кеше кубалық Юснейлис Гусман Лопесті аса қиналмай жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды.
БЕСІНШІ ОЛИМПИАДАСЫНДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
42 жастағы кубалық балуан Михаин Лопес бесінші рет Олимпиада чемпионы атанды.
Грек-рим күресінен ең ауыр салмақта (130) сынға түскен ол шешуші белдесуді жеңген соң кілем ортасына шығып, аяқкиімін шешіп, тізерлеп отыра кетті. Оның күрес алаңында соңғы рет тұрғанын, осымен спорттық мансабын аяқтайтынын түсінген зал толы көрермен он минут бойы тоқтаусыз қол соқты.
Михаин Лопес алғаш рет Олимпиадаға сонау 2004 жылы Афинаға барған еді. 22 жастағы балуан ол кезде ширек финалда ресейлік Хасан Бароевтан жеңілген болатын. Есесіне, содан кейінгі бес Олимпиадада қатарынан алтын иеленумен келді: 2008 жылы Бейжіңде, 2012 жылы Лондонда, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода, 2021 жылы Токиода, енді, міне, 2024 жылы Парижде! Спорттың нағыз шыңында тұрып қоштасу деген осындай-ақ болар!
Сәкен СЫБАНБАЙ
Фото: Dan Mullan / Staff / Getty Images





