Қазақ халқы елдің атын асқақтатқан азаматтарды әрқашан төбесіне көтерген. Сондай көптің маңдайына бақ болып біткен ұлдардың бірі – Жақсылық Үшкемпіров. Оның есімі тек спорт тарихында ғана емес, тұтас ұлттың рухани шежіресінде алтын әріппен жазылды. 1980 жыл. Мәскеу. Әлем назарын өзіне аударған дүбірлі дода. Бұл тек спорт жарысы емес, саясат пен бедел тайталасқан аламан еді. Сол кезеңде Кеңес одағы құрамасынан орын алу – спортшылар үшін қол жетпес арман болатын. Алып жүйенің ішінен суырылып шығып, Олимпиадада жеңіс тұғырына көтерілу – нағыз ерлік.
Қазақтың қара баласы Жақсылық Үшкемпіров әлемдік аренаға шығып, жаһан жұртына қазақ деген халықтың қайсарлығын, намысын, жігерін дәлелдеді. Ол жеңіс – жеке адамның ғана жетістігі емес, ұлттың еңсесін тіктеген тарихи сәт. Көк байрағы әлі көтерілмеген елдің рухы сол кілем үстінде асқақтады. Жақсылық ағаның жеңісі – қазақтың жеңісі! Қазақ баласы Олимпиадаға бірден қатысқан жоқ. Оның артында 15 жыл бойы табандылықпен төгілген тер, қақпайлау, әділетсіздікпен күрес жатқан еді. Әрбір жеңіс – жанкешті еңбек. Сондықтан да ол жеңістің салмағы ауыр, мағынасы терең еді. Тарихи сәтті бағалаған ұлт қайраткері Дінмұхамед Қонаев: «Жас- тар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ болса да ел мен жердің атын шығарған Жақсылық сияқты жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны даусыз. менің бір жапырағымды ұмытпаңдар, қолдаңдар, мақтан етіңдер», – деп бағалағаны әлі күнге дейін әр қазақтың жүрегінде.
Жақсылық Үшкемпіровті құрметті еткен Олимпиада алтыны ғана емес. Оны даралаған – адамдығы. Мыңбаев ауылын әлеуметтік жағынан көтерді. Басқаларды да осы бастамаға қосылуға шақырды. Ол: «Қазақстанда көп болса бес мыңнан аса ғана ауыл бар шығар. Сол бес мың ауылды өз қамқорлығына алатын бес мың қазақтың жігіті табылмайды деймісіз» деп үн тастап еді. Содан бері қазақтың атпал азаматтары қаншама ауылды көтерді. Жақсылық Үшкемпіров жалындаған жастық шағында Күлпан есімді қызбен танысып, үйленеді. Тұңғышы Жандос, кейін ортаншы ұлы Елдос дүниеге келеді. Ол Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы атанған сәтте кенже баласы Жеңіс өмірге келеді. Жандос пен Жеңіс те білімді, ел сыйлайтын азаматтар. Аналары Күлпәнді ардақтап, тәлімді ұл-қыз өсіріп, жақсының ғұмырын жалғап келеді.
Бүгінде Жақсылық Үшкемпіровтің ауыл шаруашылығын дамытудағы ісін ұлы Елдос қолға алған. Спортшы «Чемпион болу – парыз емес, адам болу – парыз» деген ұстанымды ту етті. Елдостың айтуынша, ағамыз кім қонаққа шақырса да қалмайды екен. «Әкем адамды алалағанды ұнатпайтын. Барша қазақты бірдей көретін. Қасында тұр едім бір адам телефон соқты. «Аға, сәлеметсіз бе? Мен пәленбаймын ғой» дейді арғы жағындағы дауыс. Әкем жалпақтап жағдайын сұрап жатыр. Ол: «Аға, жақында баламның тұсаукесер тойын жасамақшы едік. Тұсауды сіз кесіңізші, өзіңіздей адал азамат болып өссін», – деді. Әкем: «Жарайды, барамын. Мекенжайды жазып жібер»,– деп елпектеп жатыр. Мен: «Әке, ол кім?» десем, «Танымаймын, бірақ, ол мені танып жатыр ғой, сол жетеді», – деп барып баланың тұсауын кес- ті», – дейді Елдос. Өзін құрметтеп шақырған адамдардың көңілін қалдырмайтын болыпты. Қайта лауазымды адамдар шақырса бармауға тырысады екен. «Ондай ортада өзімді ыңғайсыз сезінемін» дейтін көрінеді. Халық оны Қазақстан Республикасының Сенат депутаттығына ұсынбақшы болды. Бармады. «Жоқ, маған қарапайым халқымның арасы жайлы» дейтін. Ол институтта оқыған Нұрмахан Қаратаев, Ыдырысқан Ақышев деген достарымен өмірінің соңына дейін араласты. Қайтыс боларында «Елдос, менің екі досымды қайда барсаң да қасыңнан қалдырма, қадірле» деп айтып кеткен. Елдос осы күнге дейін той-томалаққа, айтулы шараларға әкесінің аманатын орындап, «қос әкесін» қалдырмай алып барады. Ол ұлдарына «қарапайымдылық – ұлылықтың белгісі», – деп үйретті.
Осындай асыл қасиеттер Елдос Жақсылықұлына дарыды. Елдос – әке аманатын арқалап келе жатқан перзент. Әке мен бала арасындағы байланыс ерекше еді. Елдос әкесінің ойын айтқызбай түсінетін. Көңіл-күйін қабағынан аңғаратын. Әкесі де оны өзгеше жақсы көрді. Елдос алыс сапарларға әкесімен бірге шыққанда демалғанын, тамақ ішкенін қадағалап отыратын. Ұлдың айтуынша, екеуінің арасында ерекше сыйластық, түсіністік болатын. Әкесінің «Сен мені анаң сияқты ойлап жүресің» деген сөзінің өзінде қаншама ризашылық жатыр десеңізші?!
Жақсылық аға елдің баласын өз баласындай көретін. Спортшыларды жарысқа шығарып саларда малын сойып, батасын беріп, ақ жол тілейтін. Әрбір жас спортшыға елдің ертеңі, намысы деп құрметпен қарайтын. Әр сөзінде «Қазақтан шыққан жалғыз чемпион болғым келмейді. Балалар жеңіске жету керек» дейтін. Ол – дара болуды емес, қазақтан шыққан көп чемпионның бірі болуды мақсат етті. Бұл оның елін сүйген, адамдығы жоғары тұлға екенін аңғартады. Еліне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалардың ұл-қыздары жайлы жазылатын «Асылдың сынығы» айдарының кезекті санын жазарда Жақсылық ағаның ұлы Елдосты таңдап алуымыздың да сыры осы. Себебі, әке жолын жалғаған Елдос та кеңдікті, дарқандықты бойына сіңірген арда туған ұл. Бүгінде ол әке аманатын орындап қана жүрген жоқ, асылдың сынығы деген атты абыроймен алып жүрген ақпейіл перзент. Сәт сайын өз ісіне есеп беруге, жан-жағындағыларға үлгі болуға тырысады. Сын сағаттарда «Менің орнымда осы кезде әкем не істейтін еді?», – деп барып шешім шығарады. Ойша Жақсылық ағаның пайымын іске асырады. Мыңбаев ауылын көркейту, ауыл шаруашылығын дамыту, спортты қолдау әке аманатын орындаудың нақты көрінісі. Ол «Жақсылық» шаруа қожалығының ісін дөңгелентіп басқарып кетті.
Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өмірден өткенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы спорт кешеніне бірден Жақсылық Үшкемпіровтің атын беріп, алдынан еңселі ескерткішін тұрғызғанына ел риза. Жақсының аты өлмейді.
Жақсылық аға қайтыс болған соң сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталов Елдосты шақырып алып: «Әкең мықты азамат еді. Ол кісіні халық қалаулыларының тізімінен алып тастауға қолым бармайды. Тәні өлгенмен ісі өлмейді. Сен ісін жүргізіп жүрсің ғой. Елге ол кісіден кем қызмет етпейтініңе сенемін. Тек есімін ғана ауыстырып, орнына сені қояйықшы» – депті. Осылайша Елдос әкенің өмірін ары қарай жалғап кетті. Жақсылық Үшкемпіров өмірден өтсе де оның рухы, өнегесі, ізі сайрап жатыр. Оның есімі берілген спорт кешендері, халықаралық турнирлер – соның айғағы. Бұл – халықтың ұлына деген құрметі ғана емес, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесінің мәңгілік екенін білдіреді. Ал сол өнегені жалғап келе жатқан Жандос, Елдос, Жеңіс – аманатқа адал ұлдар.
P.S. Елдос – әкенің атын асқақтатып, аманатын арқалап жүрген перзент. Уақыт өткен сайын бір шындыққа көз жеткіземіз. Олимп шыңына жету – ерлік. Ал сол жетістікке асып-таспай, адамдықты сақтап қалу ерліктің төресі. Жақсылық Үшкемпіров – ерліктің, азаматтықтың белгісі. Ал Елдос – сол ерліктің жалғасы. Асыл зат ешқашан сынбайды. Ол – уақыт өткен сайын шыңдалып, жарқырай түседі.
Гүлжан ТҰРСЫН





