Бүгінгі таңда Қазақстанның ірі қалалары мен өңірлерінде 5G желісін енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл бір жағынан – жоғары жылдамдықты интернетпен қамтып, жаңа мүмкіндіктер ашады, ал екінші жағынан – қоғамда жаппай «радиофобия» деп аталатын үрейдің белең алуы. Мақаламызда біз бұл қорқыныштың қаншалықты негізді екенін, оның ел дамуына қалай кедергі келтіріп жатқанын және 5G технологиясының экономиканың түрлі салаларына тигізер нақты пайдасын зерделеп көрдік.
Ғылыми тілмен айтқанда, радиофобия сөзі иондаушы (радиация) және иондамайтын электромагниттік сәулелену көздерінен қорқумен сипатталатын кешенді жүйке-соматикалық бұзылыс. Қазіргі қоғамда бұл қорқыныш базалық станцияларға, антенналарға, тіпті қарапайым микротолқынды пештер мен смартфондарға қатысты көрініс табады.
Мамандардың пікірінше, аталмыш қорқыныш психологиялық үрей ғана емес, ол экономикалық және технологиялық дамуға тұсау болатын фактор. Мәселен, Beeline Қазақстан компаниясының мәліметінше, жыл сайын жүзге жуық базалық станция тұрғындардың негізсіз қорқынышы мен талабынан кейін демонтаждалады. Бұл станциялар кезінде кедергісіз жұмыс істеп тұрған, бірақ уақыт өте келе біреулердің «сәуледен уланамыз» деген қаупінен соң алынып тасталады.
Радиофобияның зардабын бүгінде қала тұрғындары да, ауыл халқы да тартып отыр. Соңғы екі жылда тек Алматы қаласында 20 нүктеде базалық станцияларды орнатуға қатысты қиындықтар туындаған. Соның ішінде Gagarin Park, Lake Town, «Сезам», «Атамекен» және Centreal Avenue сияқты тұрғын үй кешендеріндегі тұрғындардың қарсылығынан соң 8 станция демонтаждалып, қалған 12 жағдайда операторлар жаңа орын іздеуге мәжбүр болған. Бостандық ауданындағы Өтегенов көшесінде жалға беруші радиациядан қорқып, барлық құрылғыны алып тастауды талап еткен, нәтижесінде тұтас бір аудан байланыссыз қалу қаупіне тап болды.
Өңірлердегі жағдай да мәз емес. Тұрғындар монтаждау бригадасына техникамен жұмыс істетпей, тіпті төбелесуге дейін барған. Өскеменде 100-ге жуық тұрғын базалық станцияны үйлерінің жанына қоймауды талап етіп шағым түсірген, нәтижесінде алты ауданда байланыс пен интернет іс жүзінде жоқ. Түркістан облысының Ынталы ауылында да тұрғындардың қысымымен базалық станция алынып тасталған.
Beeline Қазақстанның техникалық директоры Олег Снимщиков бұл жағдайдың парадоксын: «Кейде күлкілі жағдайлар болады. Тұрғындар келіп, станцияны алып тастауды талап етеді. Біз оны алып тастаған соң, сол адамдар байланыс пен интернеттің нашарлығына шағымдана бастайды. Олар бұл екеуінің арасындағы байланысты көргісі келмейді», – деп түсіндіреді. Статистика бойынша, Қазақстандағы базалық станциялардың бестен бір бөлігі (20%-ы) тек осы радиофобия кесірінен жойылады.
Осы орайда «Жетісу облысындағы жағдай қалай?» деген сұрақ туындауы шарт. Қазақстанда цифрлық технологияларды енгізуде Жетісу облысы көш бастап тұр. Бұл өңірде Акмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарымен қатар жасанды интеллект пен мониторинг жүйелерін қолданудың тұрақты тәжірибесі қалыптасқан. Бұл Жетісу фермерлерінің технологияға сеніммен қарап, Smart Farming – интеллектуалды ауыл шаруашылығына көшуге дайын екенін көрсетеді.
Қоғамдағы үрейді сейілту үшін сала мамандары нақты ғылыми дәлелдерді алға тартады. Kcell компаниясының өкілі Бақытжан Сандыбаев радиофобия мәселесіне ерекше тоқталып, базалық станциялардың жұмыс істеу механизмін түсіндірді. Ол адамдар арасындағы қорқыныштың көбіне мобильді байланыс туралы нақты әрі ғылыми ақпараттың жетіспеуінен туындайтынын айтады.
Бақытжан Сандыбаев арнайы құрылғы арқылы микротолқынды пештен шығатын сәуле деңгейін өлшеп көрсетіп:
– Қыс мезгілінде ағаш жапырақтары түскенде сигнал тікелей тарайды, ал жазда жапырақтар белгілі бір кедергі келтіруі мүмкін. Сапалы байланысты қамтамасыз етуге әсер ететін факторлар көп. Солардың бірі – радиофобия. Кейбір тұрғындар сапалы байланыс қажет десе, енді біреулері радиациядан қорқып, қарсы пікір білдіреді. Алайда ұялы байланыс пен интернет радиотолқындар арқылы жұмыс істейді, бұл радиация емес және денсаулыққа зияны жоқ, – деді ол.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, радиация (иондаушы сәулелену – рентген, гамма сәулелері) мен радиотолқындардың (иондамайтын сәулелену) айырмашылығы жер мен көктей. Иондаушы сәулелену адамның ДНҚ құрылымын бұзуға қабілетті болса, байланыс желілеріндегі радиотолқындардың мұндай қуаты жоқ.
Көрсеткіштерді салыстырып көрейік: микротолқынды пештің қуаты: 500–1000 Ватт, теледидардың қуаты: минимум 60 Ватт, базалық станцияның орташа қуаты небәрі 20–30 Ватт.
Сонымен қатар, Қазақстандағы электромагниттік сәулелену нормалары әлем бойынша ең қатаң нормалардың бірі. Бізде рұқсат етілген шек 10 мкВт/см² болса, АҚШ пен Скандинавия елдерінде бұл көрсеткіш 100–200 мкВт/см², яғни біздің норма 10-20 есе қатаң.
5G технологиясы – жай ғана жылдам интернет емес. Ол – Заттар интернеті (IoT), жасанды интеллект және цифрлық экономиканың негізі. Бұл технология 4G-ден әлдеқайда жоғары жылдамдық пен минималды кідірісті қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанның 648 ауыл шаруашылығы өндірушісі цифрлық технологияларды енгізуде. 5G мен IoT арқылы «Ақылды» фермаларда келесі мүмкіндіктер ашылады. Дәлме-дәл егіншілік: Дрондар мен сенсорлар топырақ пен егіннің жай–күйін нақты уақытта бақылап, гербицидтерді қолдануды 90%-ға дейін азайтуға көмектеседі. Автоматтандыру: Автономды комбайндар мен роботтар адамның қатысуынсыз жұмыс істеп, өнімділікті арттырады. Мал шаруашылығы: IoT жүйелері малдың денсаулығы мен азығын автоматты түрде қадағалайды.
Бразилия сияқты елдердің тәжірибесі көрсеткендей, 5G мен жасанды интеллектті қолдану егістік алқаптарын тексеру уақытын бір аптадан бір сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде экономикалық пайда алып келеді.
Неліктен адамдар жаңа технологиялардан қорқады? Мамандардың айтуынша, кез келген ірі өзгеріс қоғамда скепсис тудырады. Кезінде адамдар теледидардан, автомобильден, тіпті қарапайым жазудың пайда болуыннан да қорыққан.
Тарихи парадокс: 1918 жылы «испанка» тұмауының өршуін радионың пайда болуымен байланыстырған, 2003 жылы SARS эпидемиясын 3G желісінен көрген, 2009 жылғы шошқа тұмауын 4G-мен байланыстырған, 2020 жылы COVID–19 пандемиясы 5G-мен байланысты деген миф тарады.
Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) базалық станциялардың денсаулыққа қаупі жоқ екенін және вирустардың радиосигнал арқылы таралмайтынын мәлімдеді. Соңғы ғылыми эксперименттер 5G толқындарының (40,5 ГГц) адам терісіне небәрі 1 мм ғана енетінін және жасушалық деңгейде ешқандай зақым келтірмейтінін дәлелдеді.
Радиофобиямен күресу үшін тек техникалық дәлелдер жеткіліксіз. Мамандардың пікірінше, ақпараттық-ағарту жұмыстарын күшейту қажет. Көптеген жағдайларда операторлар тұрғындармен конструктивті диалог жүргізу арқылы, СЭС өлшемдерін көрсетіп, мәселені шеше алады.
Сонымен қатар, заңнамалық деңгейде де өзгерістер қажет. Мысалы, жаңадан салынған үйлерді міндетті түрде байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз ету және базалық станцияларды демонтаждауға негізсіз тыйым салу мәселелері талқылануда.
Технологиялық прогресс әрқашан үреймен қатар жүреді. Біз сапалы байланыс пен жоғары технологиялық болашақты қалаймыз, бірақ оның негізі болып табылатын инфрақұрылымнан қорқамыз. 5G бізді «сәулелендіретін» қауіп емес, бұл – балаларымыздың заманауи білім алуына, фермерлеріміздің табысын арттыруға және еліміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін құрал. Қорыта айтқанда, 5G-де ешқандай қауіп жоқ.
Мәулен Әнербай





