XXI ғасырдың трендтегі мамандығы – фриланс. Біреу үшін ол қосымша табыс көзі, енді біреуге өмір салтына айналған қалыпты құбылыс. Дәстүрлі кеңсеге таңылып, таңертеңнен кешке дейін белгілі бір режимге бағыну талай адамның жанына батса, фриланс сол жүйеден шығудың, еркіндіктің синониміне айналды. Бірақ фриланс тек «бостандықтың символы» ғана емес, оның көлеңкелі жағы да бар екенін ұмытпау керек: жалғыздық, тұрақсыздық, психологиялық қысым.
Қазақстанда да фрилансқа бет бұрғандар жылдан жылға артып келеді. Бұл үрдіс әсіресе жастар арасында айқын көрініс табуда. Бірақ тәжірибелі мамандардың өзі дәстүрлі жұмысты тастап, тәуелсіз еңбекке көшіп жатыр. Олар бір жағынан шығармашылық еркіндікті сезінсе, екінші жағынан әлеуметтік оқшаулану мен тұрақсыздыққа тап болуда. Осы аралықта «фриланс психологиясы» деген жаңа түсінік қалыптасады.
Фрилансердің басты мотивациясы – еркіндік. Бұл таңғы сегізде жұмысқа асықпау, жұмыс уақытын өзіңе ыңғайлы етіп жоспарлау ғана емес. Еркіндік –жобаны өз қалауынша таңдау, клиентпен тең дәрежеде келіссөз жүргізу, шығармашылық потенциалды толық ашу.
Тәжірибелі фрилансер Айжан былай дейді:
«Мен үшін фриланс – бұл бостандық. Өз уақытымды өзім басқарамын, қайда барғым келсе, сонда отырып жұмыс істеймін. Бірақ мойындаймын, кейде тапсырыс аз болғанда уайым басталады. Сол кезде тұрақты жалақысы бар достарыма қызыға қараймын». Шынында да, фрилансердің көбі өзін-өзі басқару арқылы тұлғалық өсуге жол ашады. Олар жаңа білім алып, өз стилін дамытады, өмірін бақылауда ұстау сезімін бастан кешіреді. Бірақ еркіндік әрқашан да жеңілдік емес – оның да құны бар. Фриланс психологиясында ең үлкен сын – жалғыздық. Кеңседе әріптестермен пікір алмасу, ортақ түскі ас ішу, идея бөлісу – бәрі адамның әлеуметтік қажеттілігін өтейді. Ал, фрилансер осының бәрін еркіндікпен алмастырады.
«Мен тұрақты жалақы мен ұжымда жұмыс істеуді құп көремін. Фрилансерлерге қарап кейде қызығамын, бірақ олардың жалғыздықта, тұрақсыздықта жүргенін көргенде «жоқ, маған тұрақтылық қымбат» деймін», – дейді офис қызметкері Ерлан.
Психологтың айтуынша, жалғыздық қауіпті емес. Ол керісінше адамға ой жинақтауға, жаңа идея табуға, өзін қайта тануға мүмкіндік береді. Бірақ ұзаққа созылған оқшаулану эмоционалдық шаршау мен күйзеліске әкелуі мүмкін. Фрилансер үшін ең үлкен жау – сыртқы емес, ішкі факторлар. Прокрастинация, жалқаулық, өзін қадағалай алмау – еркіндікті хаосқа айналдырады. Уақыт тапшылығы, дедлайнға үлгермеу, сапасыз жұмыс – бәрі осыдан туындайды. Сарапшылардың айтуынша, фрилансерлердің ең басты қабілеті – өзін-өзі ұйымдастыра білу. Нақты жоспар, уақытты тиімді бөлу, мотивацияны сақтау – табыстың кепілі. Әйтпесе еркіндік кәсіби дамуға емес, тоқырауға әкеледі. Фриланс табысы – тұрақсыз. Бір айда мол кіріс болса, келесі айда тапсырыс азаюы мүмкін. Бұл адамның ішкі сеніміне, болашаққа жоспар құруына әсер етеді.
Айжан сияқты фрилансерлер мұндай сәтте тұрақты жалақысы бар достарына қызығады. Себебі жүйелі табыс – адамның психологиялық тұрақтылығының басты негіздерінің бірі. Сондықтан фрилансерлер үшін қаржылық сауаттылық пен жинақ мәдениеті ерекше маңызды.
Фрилансерлердің тағы бір проблемасы – әлеуметтік бейімделу. Кеңседегі ортадан айырылған адам өзін «жүйеден тыс» сезінеді. «Мен кіммін?», «Еңбегімнің құндылығы бар ма?» деген сұрақтар жиі оралады.
Бұл мәселенің шешімі бар. Қазіргі таңда коворкинг орталықтары, онлайн қауымдастықтар, кәсіби платформалар фрилансерлерге жаңа «ұжым» рөлін атқарып отыр. Онда адамдар тәжірибе алмасып, бір-бірін қолдап, жалғыздықты жеңілдетеді.
Фрилансер үшін уақыт ұғымы ерекше. Кеңседегідей «жұмыс күні басталды, аяқталды» деген шектеу жоқ. Бұл бір жағынан еркіндік болса, екінші жағынан уақытты басқаруда қиындық туғызады.
Көптеген фрилансерлер «бәрін кейінге қалдыру» проблемасына тап болады. Бұл психологиялық кінәлілік сезімін күшейтіп, ынтаны төмендетеді. Сонымен қатар жұмыс пен демалыстың шекарасы өшіп, «мәңгілік жұмыс» сезімі пайда болады. Мұның бәрі түптің түбінде күйзеліске апаруы мүмкін.
Фриланс психологиясын үш кезеңге бөлуге болады:
Романтика – еркіндіктің дәмін сезіну, үлкен шабыт.
Шынайылық – жалғыздық, тәртіп, қаржылық тұрақсыздықпен бетпе-бет келу.
Тепе-теңдік – еркіндікті де, жалғыздықты да қабылдап, өзіндік жүйесін құру.
Әр адам бұл жолды әртүрлі еңсереді: бірі қиындыққа шыдамай дәстүрлі жұмысқа қайта оралады, бірі болса жаңа деңгейге көтеріледі.
Кеңседе мотивацияны сыртқы факторлар анықтаса (жалақы, басшының бағасы, әріптестердің беделі), фриланста мұндай сыртқы итермелеушілер жоқ. Сондықтан фрилансер ең алдымен ішкі мотивацияға сүйенеді.
Өз ісіне деген сүйіспеншілік, еркіндікті бағалау, жаңа білімге құштарлық –фрилансердің басты қозғаушы күші. Егер бұл әлсіресе, жалғыздық пен тұрақсыздық оны жеңіп кетуі мүмкін.
Фриланс – бұл табыс табудың тәсілі ғана емес, адамның ішкі дамуының алаңы. Ол еркіндіктің артықшылықтарын да, жалғыздықтың салмағын да қатар сыйлайды. Бірі фрилансты еркіндік пен дербестік деп қабылдайды, бірақ тұрақсыздықтан уайым көреді. Енді бірі тұрақты жалақы мен ұжымға сүйеніп, жалғыздықтан қашады.
Фриланс – осы екі ұстанымның ортасындағы нәзік көпір. Кім осы тепе-теңдікті сақтай алса, сол шынайы еркіндіктің дәмін татады, жалғыздықты қорқыныш емес, күш-қуаттың көзіне айналдырады.
Мақпал Әділханқызы





