Қызық, бала кезде «Кімнің баласысың?», «Әкеңнің аты кім?», «Қай елсің?» деген сұрақты бүкіл ауылдың ағайыны қоятын. Дұрыс амандаспасаң: «Не, әкең амандасу үйретпеген бе?» деп сөзбен сыбап өтеді. Артынан «Өскенде кім боласың?» деген сауалды да жолдайды. Біріміз ғарышкер, біріміз ұшқыш, енді біріміз суретші деп қиялға берілеміз.
Мектеп табылдырығын аттаған соң «дәрігер боламын», «мұғалім» деген жауаптар пайлда болады. Алайда аялы мектепті бітірер шақта, үлкен өмірдің табалдырығында тұрған жастар үшін бұл сұрақ жай арман емес, өмірлік шешімге айналады. Өйткені, мамандық тек күнкөріс көзі емес, адамның болашағын айқындайтын, қоғамдағы орнын белгілейтін үлкен ұғым.
Қазір Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде жастардың мамандық таңдаудағы қателігі, еңбек нарығына бейімделе алмауы үлкен әлеуметтік мәселе туындатып отыр. Біріншіден, қазір экономика өте қарқынды өсіп, өзгеруде. Жасанды интеллект, цифрландыру, робототехника жаңа мамандық әкелсе, кейбір дәстүрлі кәсіптерге сұраныс азайып барады. Екіншіден, жастар арасында дипломы бар, бірақ өз мамандығымен жұмыс істемейтіндер көбейіп келеді. Білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы алшақтықты осыдан айқын байқауға болады.
Осы тұрғыда «мамандық таңдау мәселесі тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның болашағына әсер етеді» деген пікірді сарапшылар жиі айтады. Ендеше, әлемдік тәжірибеге көз жүгіртіп, Қазақстандағы жағдайды саралап көрейік.
Жапония үлгісі. Жапон мектептерінде оқушыларға бастауыш сыныптан бастап «еңбекке баулу» арнайы сабақтары енгізіледі. Мектеп қабырғасында балалар тек білім ғана емес, түрлі кәсіп түрлерімен танысады. Жоғары сыныпта олар арнайы тестілеуден өтеді: қызығушылығы, қабілеті, психологиялық ерекшелігі анықталып, кәсіби бағдар картасы жасалады. Жапондық зерттеушілердің айтуынша, мұндай жүйе мамандық таңдаудағы қателікті 30 пайызға азайтады.
Германия тәжірибесі. Германияда «дуальды білім беру» кең тараған. Яғни студент бір мезгілде оқу орны мен өндірісте тәжірибе жинайды. Бұл модель жастарға дипломмен қоса нақты еңбек дағдысын береді. Бүгінде Германиядағы түлектердің 68 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істейді.
АҚШ пен Еуропа. АҚШ-та кәсіби бағдар беру орта мектептен басталады. Әр оқушы жыл сайын психолог-педагогпен әңгімелесіп, өзінің қызығушылығы мен қабілетін бағалайды. Университетке түсерде «major» (негізгі пән) мен «minor» (қосымша пән) таңдау мүмкіндігі бар. Бұл жастарға икемділік беріп, қажет жағдайда мамандығын өзгертуге жол ашады.
Ал Скандинавия елдерінде мамандық таңдауда басты ұстаным — «жеке тұлғаның бақытты болуы». Мектеп түлектері көбіне бір жыл «gap year» алып, саяхаттап, тәжірибе жинайды. Содан кейін ғана жоғары оқу орнына түсіп, саналы шешім қабылдайды.
Ал біздегі жағдай ше?
Қазақстанда жыл сайын 250 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Оның шамамен 70 пайызы жоғары оқу орнына немесе колледжге түседі. Бірақ ресми статистикаға сүйенсек, түлектердің 40 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Қалғандары басқа салаға кетеді немесе жұмыссыз қалады.
Оғае себеп, кәсіби бағдар берудің әлсіздігі. Көптеген мектепте оқушыларға нақты бағыт-бағдар беретін кәсіби бағдар мамандары жоқ. Ата-ананың қысымы. Әр ата-ана баласын «құрметті мамандыққа» бағыттағысы келеді: заңгер, дәрігер, қаржыгер. Бірақ еңбек нарығында бұл салаларда артықшылық байқалады. Еңбек нарығы мен білім беру арасындағы алшақтық. Мысалы, IT саласында жыл сайын 30 мың маман қажет болса, оқу орындары небәрі 10 мың түлек шығарады. Ал заңгерлер мен экономистер жылына 50 мыңға жуық дайындалады, бірақ олардың көпшілігі жұмыссыз қалып отыр.
2024 жылғы II тоқсан нәтижесі бойынша, 15–34 жас аралығындағы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 3,2% болды — бұл 2023 жылғы ІІ тоқсанмен салыстырғанда (3,6%) төменгі көрсеткіш. Ал 2024 жылдың III тоқсанында, бұл көрсеткіш 3,1%-ға дейін төмендегені анықталды. Және 2024 жылдың IV тоқсанында да, ресми дерекке сәйкес, жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,3%-ды құрады.
Жалпы, 2023 жылғы көрсеткіш — 3,8% пайызбен салыстырғанда, 2024 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендегені байқалады.
Қоғам белсендісі, педагог Аятжан Ахметжан мектептерде кәсіптік бағдар беру міндеттелмейді, әр білім мекемесі бұл жұмысты әрқалай жүргізетінін және лл жасөсіпірімдерге кәсіптік бағдар беру жұмысымен белгілі бір деңгейде университеттер де айналысуы керек екенін жеткізді.
«Кей мектептер кәсіби бағдар беру мақсатында әр саланың мамандарын шақырып кездесулер өткізеді. Ал кей мектептер мүлде жүргізбейді. Көбіне оқушылар кәсіптік бағдарды интернет арқылы алады деп ойлаймын. Кәсіби бағдар беруге университеттер де мүдделі болу керек. Алайда көп оқу орындары мемлекеттік грантқа сеніп алған. «Онсыз да студентке грант беріледі, біздің қоржынымыз толық» деген түсінік бар. Грант мамандыққа бөлінеді. Университет мамандықтардың насихатын жасайтын болса, онда ол өтімдірек болатын еді»,- деді ол.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халық даналығын ескерсек, елдегі ата дәстүр бойынша ата-ананың пікірі де шешуші рөл атқарады. Әрине, ата-ананың өмірлік тәжірибесі құнды. Бірақ кейде олардың «дәрігер бол, заңгер бол» деген қатаң талаптары баланың шынайы қабілетін тұншықтырады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ата-ана баласының таңдауына бағыт беріп, қолдау көрсетуі тиіс, бірақ шешімді баланың өзі қабылдауы қажет. Өйткені болашақта ол таңдаған кәсібін өмір бойы атқарады.
Қазақстанда «диплом бар, бірақ жұмыс жоқ» құбылысы жиі кездеседі. Статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда жоғары білімді жастардың 35 пайызы өз саласы бойынша жұмыс істемейді.
Бұл — жастардың уақытын, мемлекет қаржысын зая кетіру ғана емес, қоғамның да даму қарқынын тежейді. Себебі маман тапшылығы бар салаларға жастар келмейді, ал артық мамандар жұмыссыз қалады.
Білім саласының сарапшысы Майраш Тайкенованың айтуынша, қазіргі еңбек нарығы өте құбылмалы, сондықтан трендтерді болжау өте қиын. Әсіресе, технология мен жасанды зерденің қарқынды дамып жатқанын ескерсек, төрт жылдан кейін не болатыны белгісіз. Сондықтан, маманның пікірінше, ата-аналар үшін ең бастысы – баланы бастапқыда болашағы жоқ мамандыққа баруға мәжбүрлемеу.
Бұрынғы ережелермен, көне наным-сеніммен өмір сүретін ата-аналар бар. Қазіргі таңда іс жүзінде жойылған, ешбір қажеттілігі жоқ мамандықтар аз емес. Бірақ университеттер аталған мамандықтарды оқытуды жалғастырып келеді. Және кейбір ата-аналар балаларын осындай мамандықтарды оқуға мәжбүрлейді. Өкінішке орай, бұрын беделді саналған көптеген ғылыми мамандықтар қазір қажетсіз. Өтінемін, балалардың таңдауын шектемеңіздер, – деп шақырды Тайкенова.
Мамандық таңдау тек жеке адамның ғана емес, елдің болашағына әсер ететін шешім. Жастар дұрыс таңдау жасаса, қоғамда кәсіби мамандар көбейеді, жұмыссыздық азаяды, экономика нығаяды.
Енді назарларыңызға ауылдық жердегі қажетті мамандық тізімін ұсынамыз.
- Педагогика саласындағы бағыт — қазақ, орыс, шетел тілдері, математика, физика, биология, химия, география, құқық негіздері мен экономика, музыка, көркем еңбек, дене шынықтыру пәні мұғалімдерін даярлау, сондай-ақ бастауыш және мектепке дейінгі білім беру;
- Медицина және денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар — жалпы медицина, педиатрия, стоматология, фармация, мейіргер ісі және санитарлық-гигиеналық іс;
- Аграрлық ғылымдар — өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, агроинженерия, ветеринария, орман және балық шаруашылығы, су ресурстары;
- Инженерлік-техникалық және IT бағыт — механика, энергетика, көлік құрылысы, электротехника, ақпараттық технология, гидромелиорация, сумен жабдықтау;
- Басқа да басым салалар — туризм, қонақ үй және мейрамхана ісі, санитария, өрт қауіпсіздігі, әлеуметтік жұмыс, менеджмент, журналистика, дәстүрлі музыкалық өнер және дін.
Осы бойынша ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарына арнайы квота бойынша оқуға мүмкіндік беретін білім беру бағыттарының тізімі бекітілді.
Елдегі ең жиі сұранысқа ие мамандар – тау-кен жабдығының машинистері, дәнекерлеушілер, жөндеу слесарлары, электрмонтерлер, энергетиктер, инженер-технологтар және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары.
Сонымен қатар, елде жұмысшы мамандықтарға сұраныс артпақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Сондықтан осындай мамандықтарға да мән беру қажет.
Қорыта келе айтпағымыз, ең алдымен мектепте кәсіби бағдар беру жүйесін күшейту керек. Әр оқушыға жеке кеңес беру, психологиялық тестілеу енгізу маңызды. Келесі кезекте ата-аналарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Баланың қызығушылығына қолдау көрсеткен жөн. Одан кейін жоғары оқу орындарын еңбек нарығымен сәйкестендіруді қолға алса. Қай салада сұраныс бар, соған грант санын көбейтсе. Тағы бір ұсынысымыз дуальды білім беруді кеңейту. Студент оқу барысында-ақ тәжірибе жинақтап, еңбек нарығына дайын болуы тиіс.
Мәулен Әнербай





