Жастар болашағы кез келген елдің ертеңін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Алайда бүгінгі таңда бұл маңызды міндет көбіне екінші қатарға ысырыла бастағандай. Себебі, қазір қарапайым халықты тұрмыстың тауқыметі қинап тұр. Пәтердің жоқтығы мен кредиттің көптігі таңның атысы, кештің батысына дейін жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Оның жантүршігерлік қайғылы көріністері ел есінде. Мәселен, Астанада болған бес баланың өлімі – тек тұрмыстық қауіпсіздік мәселесін ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік қорғау жүйесінің де осал тұстарын айқын көрсетті. Мемлекеттің атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауына Астанадағы бес баланың тірідей жанып кетуі себеп болды емес пе?
Осындай жағдайда, үйде жалғыз қалып, телефонға телмірген балалардың болашағы қандай болмақ? Бала үшін ең басты жауапкершілік – ата-ананың мойнында. Бірақ жұмыстан шаршап келген ата-ана баламен қашан, қалай айналыспақ? Ал телефондағы атыс-шабыс ойындары жеткіншектің ойын бұзып, санасын улайды. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Қарызға батпай, баласына жеткілікті деңгейде уақыт бөліп жатқан ата-аналар да баршылық.
Мағжан Жұмабаев не дейді?
Осыдан жүз жыл бұрын Мағжан Жұмабаев «Педагогика» кітабын жазады. Сол жерден үзінді келтірейік.
Бала бөлмесі. Мынау сөзді оқығанда “атыңның басы тиіп, жорғасы қалып па?” дегендей, қазақтың өзіне үй бітіп, баласының жорғасы қалып па деп күліп, кекетуші де табылар. Шынын айтқанда, қазақта үй дерлік үй бар ма? Жоқ. Өнерлі ауылдың адамы түгіл малы да жатпайтын бір былық қора.
Қазақтың қысқы үйінің көбі жермен-жексен болып жатқан шымнан жасалған бір қуыс. Терезе деген – тышқанның көзіндей ғана бір тесік. Есіктен, тесіктен, үстінен аңырап тұрған суық. Желдің жыбыр-жыбыр сөйлегенін, дауыл, боранның адасқан аңдай ұлығанын естігің келсе, сорлы қазақтың қысқы үйіне кір. Шым қабырғадан, төбедегі сирек салынған сырғауылдың арасынан сорғалаған су. Жер әбден саз. Босағада қатар-қатар малдың төлі. Иіс-қоңыс, түтін. Егер қазақ жаз шығысымен мынау сасық үңгір-зынданын тастап, киіз үйіне шықпаса, сөз жоқ, бірнеше жылдың ішінде қырылып бітер еді. Мінеки, жыл он екі ай ішінде сегіз-тоғыз ай қазақ тұратын үйдің түрі осы. Әрине, мұндай үйде тұрған қазаққа бала бөлмесі пәлендей болсын деп айту орынсыз болар еді.
Бірақ біздің үмітіміз келешекте: сорлы қазақ мәңгі сасық үңгірде құрттап, шіріп жата бермес, тұрмысын түзетер деп сенеміз. Бізге жұбаныш – ақынның әлгі өлеңі.
Сөзге келейік.
Бала бөлмесінің ішінде 6–5 куб сажын ауа болсын. Және ауа жиі-жиі жаңартылып тұрсын. Бала жатқан үйде кір жуу, кір кептіру, кірлеген киім тастау жарамайды. Себебі кірдің кірі бу болып, ауа болып, баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді. Бала бөлмесінің жылылығын да бақылап тұру керек. Жаңа туған бала жатқан бөлменің жылылығын Рьюмер бойынша 17–18 градус, бір жеті мен алты жеті арасында 17–16 градус, мұнан соң 15–16 градус болуы тиіс.
Қандай үйдің, әсіресе, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Тамағы қанша жақсы болса да, зағып, нашар болып өседі. Сондықтан бала жатқан бөлменің жарығы мол болуы керек. Бөлменің жарығы мол болу үшін терезелері оңтүстік-шығысқа немесе оңтүстік-батысқа қарауы шарт.
Терезелері тура оңтүстікке қараған бөлме қыстыгүні жарық, жылы болғанымен, жаздыгүні ыстық, қапа болады. Ал енді терезелері солтүстікке – түн жаққа қараған бөлме қашан да қолайсыз.
Сөз аяғында қазақтың үйінде бала өсіруі, асырауы туралы бір-екі ауыз сөз айтып өтейік.
Бала тәрбиелеу үшін киіз үйді аса қолайлы деуге болмайды. Аңғал-саңғал, ашық-тесік киіз үй баланың жел тиіп, суық тиіп, ауру болуына көп себепші. Бірақ баланы киіз үйден біржола бездіріп кетуге орын жоқ. Киіз үйдің зиянды болғаны сықылды, пайдалы жағы да бар. Әңгіме сол киіз үйдің ішінде баланы ұстай білуде. Таза ауа сол киіз үйде болмағанда қайда болады?
Тегінде, жаратылыспен бауырласып, құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік етіп, үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді. Бұл сөзбен мен балаңды баяғыдай “шалбардың ішіне салып асыра” дейін деп отырғаным жоқ. Ол заман озды ғой. Әйткенмен де қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл.
Одан бері қаншама дәурен өтті, заман ауысты, қазақтың тұрмысы басқаша сипатқа енді. Бұрынғыдай көшіп, қонып жүрмейді, қазақ үйді тек наурыз мерекесінде ғана көретін күнге жеттік. Дегенмен Мағжанның осы бір сөзін қазірдің өзінде дұрыс ұстанып жүрміз бе?
Қарапайым ғана мысал келтірейік. Жағдайы жақсы, не орта деген бір үйге кірдіңіз делік. Байқасаңыз, сол үйдің барлық сән-салтанаты қонақ бөлмеде тұрғандай. Ең әдемі перде, кілем, жиһаз да сол жерден табылады. Әрине, қазақ қонақжай халық, қонақты Құдайындай сыйлайды. Дей тұрғанмен, бала бөлмесіне де назар аударса дейміз. Бала өскен соң оны бөлек жатқызып, тіпті бөлек бөлме арнау керек.
Бала бөлмесін жабдықтау жағы да бөлек болуы керек: жұмыс үстелі, кітап сөресі, тіпті қабырғасы мен төбесі де бала әлеміне сай безендірілсе, қандай керемет болар еді.
Бала бөлек ұйықтауы керек пе?
40 жылдық тәжірибесі бар педиатр әрі жанұялық дәрігер Бақытгүл Әуілбекқызының айтуынша, бала туғаннан кейін 2,5 жасқа дейін анасымен бірге жатуына болады. Бұл оның психологиялық тұрақтылығы мен денсаулығына пайдалы. Алайда осы жастан бастап бала бөлек ұйықтауға үйренуі тиіс.
«2,5 жастан кейін ата-анасымен бірге жату бала ұйқысының бұзылуына, мазасыздануына себеп болуы мүмкін. Ең бастысы – баланың өз төсегі болуы керек. Бөлмесін әдемілеп безендіріп, ұйықтар алдында ертегі оқу – пайдалы әдіс», – дейді дәрігер.
Сонымен қатар ол аналардың жиі жіберетін қателігін де атап өтті:
«Баланы емізгенде телефон ұстамау керек. Бала анасының жүзіне қарап, байланыс орнатуы тиіс. Бұл оның тілінің дамуына, эмоциялық қарым-қатынас орнатуына әсер етеді».
Бұрындары әже ертегісін тыңдап, небір батырлар жырын жаттап өскен едік. Ал қазір әжелердің өзі телефон ұстап, «ТикТокта» отырады. Елуден асып, ел ағасына айналар шағында бата білмейтін адамдар бар. Қартайған шағында ол адамнан не күтуге болады? Тіпті бесік жырын білмейтін аналар баласын телефонмен жұбатады.
Цифрлық тәуелділік және бала психологиясы
Бүгінде ата-ананың көпшілігі баланы уақытша тыныштандыру үшін қолына телефон ұстата салады. Бірақ бұл – ең қауіпті әдеттердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша:
-
2 жасқа дейінгі балаларға экранды мүлде көрсетпеу керек;
-
2–5 жаста – күніне 1 сағаттан артық емес;
-
6 жастан кейін – экран уақыты қатаң бақылануы тиіс.
Телефон мен планшетке тәуелділіктің зияны:
-
Тілдің дамуын тежейді – контенттің басым бөлігі орыс немесе ағылшын тілінде болғандықтан, баланың ана тілі шетке ығысады.
-
Көру қабілетіне зиян – ұзақ қарау көз бұлшықеттерінің қажуына, көрудің нашарлауына әкеледі.
-
Ми белсенділігін төмендетеді – агрессивті ойындар немесе тез ауысатын бейнелер зейіннің тұрақсыздығын тудырады.
-
Психологиялық тәуелділік – гаджетсіз ашулану, мазасыздану, жылау.
Төрт баланың анасы Гүлмира бұл туралы былай дейді:
– Үлкендер «бұрын қиын заман болды, балалық шақ деген болмады, бірден еңбекке араласып кеттік» деп жататын. Керісінше, қазір одан да қиын сияқты. Өйткені бала үшін бәрі бар. Төрт қабырғаға қамалып, күндіз-түні телефон қарайтындар кездеседі. Оның қасында қой бағып, тезек терген жақсы ма дейсің. Сонда баланың денсаулығы жақсы болар еді. Өзім балаларды телефоннан шектеп, не көріп жатқандарын бақылап отырамын. Кейде қорқынышты, бала санасына кері әсер ететін бейнеролик, ойындар шығып кетеді. Кішкентайлардың телефонын алып қойсаң, бәлеге қаласың, айқайлап, жылап шығады, – дейді.
Бала тілінің кеш шығуы немесе бірден өзге тілде сөйлеуіне тікелей әсер етіп жатқан – осы телефон. Себебі ондағы контенттің барлығы дерлік орыс пен ағылшын тілінде. Қазақша контент, мультфильм өте аз. Салдарын ата-ана көреді. «Тілі шықпады» деп логопедке сүйреп, қыруар ақша жұмсайды. Сондықтан бала тәрбиесімен құрсақта жатқанда-ақ айналысу керек.
Бар жауапкершілік ата-анада
Қызық, кезінде ауылдағы үлкендер «темекі зиян, арақ ішпе» деп ақыл айтады. Ал өздері сол шылымды шегіп, ішімдікті ішеді. Оны елейтін жастар бар ма? Үлкеннің жасағанын қайталайды. Сол сияқты, баланы телефоннан тыйғың келсе, алдымен өзің тыйыл. Телефонды тастап, баламен ойна, қуала, тығыл, доп теп – сонда ғана бала саған қарап бой түзейді.
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Баламен айналысу – тек уақыт өткізу емес, эмоционалды байланыс орнатудың негізгі жолы. «Ата көрген оқ жонар» деген мақал осыдан шықса керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсілдің мәні тереңде жатыр.
Болашақ – бүгіннен басталады
Бала тәрбиесі – тек жеке отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Әлеуметтік жағдай, ата-ананың уақыты мен көңіл бөлуі, технологиялық орта – бәрі бірігіп ұрпақтың болашағын қалыптастырады.
Мағжан Жұмабаев айтқандай, баланы табиғатпен үндестіріп, жарық, таза, жылы ортада өсіру – ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын қағида. Қазіргі заманда оған тағы бір міндет қосылды – цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Бүгінгі ата-ана баласына тек материалдық жағдай ғана емес, уақыт пен мейрімін бөлуі тиіс. Өйткені ертеңгі елдің иесі – бүгінгі кішкентай ғана бала. Ата-анасының жылулығын сезінбей өскен баланың басынан ешкім келіп сипай қоймайды.
Мәулен Әнербай





