Әжем айтқан әр даналық сөз сүйекке сіңіп, өмірлік ұстанымыма айналды. Әсересе, ырым-тыйымдары әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. «Үйге қарай жүгірме, күлді баспа, түнде суға барма, есікті керме, тізеңді құшақтама, шашыңды жайма» деп тізбектеліп кете беретін ескертпелерінің бірі де естен шықпады. «Неге?» деген сұрағымымызға берер жауабы «Жаман болады» деген бірауыз сөз. Не жаман болатынын кейін өмір өзі үйретіп, ұғындырды.
Дей тұрғанмен, қазіргі кезде оларды жоққа шығарып, тіпті, қарсы келіп, керісінше жасап жүрген жандардың қарасы аз емес. «Ескіліктің, шаманизмнің көрінісі» деп тыйымды былай қойып, аластау мен ұшықтауға дейін санадан сызып тастады. Ал көшеге шықсаңыз шашын жайып, тырнақты өсіргендерден көз сүрінеді. Иә, қазіргі жаһандану дәуірі. Бар шаруаны саусақтың ұшымен-ақ істей салуға болады. Бірақ, мән беріп қарасаңыз, ұлттық құндылықтардың маңызы күн сайын артып келеді. Ата-бабадан аманат болып қалған ырым мен тыйымды «ескінің қалдығы» деп мансұқтайтындарға айтар уәж де дайын. Ырым да, тиым да ұлттың өзін-өзі сақтау инстинкті, мәдени коды және болашақ ұрпаққа қалдырған рухани аманаты іспетті. Тәрбиенің осы бастауларын тәрк ету ұлттық болмысымызға орасан зор зиян келтіріп, мәңгүрттікке бастайтын төте жол. Сондықтан, тыйымдардың шынайы мағынасын ұғыну және оларды заманауи өмірмен ұштастыру заман талабы екені айдан анық.
Ұлттық тәрбиеде «тыйым» ұғымы психологиялық мағынасы зор, адамды қолайсыз, зиянды әрекеттерден тартынуды талап ететін рәсім ретінде танылады. Халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге берудегі басты құралдарының бірі ретінде жастарды жаман әдеттен жирентуге бағытталған. Ғұлама ғалым Әл-Фараби айтқан «Адамға бірінші білім емес, тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тұжырымды негізге алсақ, тыйым сөздер осы тәрбиенің іргетасын қалайды.
Осы орайда ел ертеңі үшін еңбек етіп жүрген ғалымдар да аянып қалып жатқан жоқ. «Қазақтың халықтық тәлім-тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған профессор Серғазы Қалиұлының зерттеулерінде халық педагогикасының ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі ерекше аталады. Оның пайымдауы бойынша, тыйым сөздер балаларды жаман әдеттен, жат пиғыл мен ерсі қылықтардан сақтандыруда өте үлкен қызмет атқарады. Мұндай қағидалар адамдар арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады. Ғалым өзінің 12 томдық «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы» атты еңбегінде 30 ғасыр бойы жинақталған осы құндылықтарды жүйелеп шыққан. Оның пікірінше, халықтық педагогика салт-дәстүр, ырымдар мен ауыз әдебиеті арқылы адам мінезін қалыптастырудың белгілі нормасына айналған.
Түнде екі қабат келіншекті далаға, қараңғы ортағы жалғыз жібермейді. Үйде жалғыз қалдырып түнетпейді. Ондай жерлерді жын-шайтан, пері, албастылар жүреді деп ұққан. Екі қабат әйелдің басына пышақ, балта жастатып, қасқырдың азуын, бүркіттің тырнағын іліп қою ырымдары жын-шайтан сескенсін деген ұғымнан туған. Қазақ арасында кең тараған сенім бойынша екі қабат әйел түйенің етін жемеу керек. Түйе етінен екі қабат кезінде жесе, әйел баланы 12 ай көтереді-міс деген сенім болған, – делінген кітапта.
Осыдан-ақ қыз балаған түнде қоқыс тастатпай, суға жібермегенін түсінуге болады.
Күнделікті тұрмыста жиі еститін «Үйге қарай жүгірме» деген тыйымның астарында терең мағына жатыр. Қазақ ұғымында үйге қарай алқа-қотан жүгіру – суық хабарның, тосын жағдайдың немесе үлкен қайғының нышаны саналған. Ертеде жаман хабар жеткізушілер немесе жаназаға шақырушылар ғана атпен шауып келіп, үйге жүгіріп кіретін болған. Сондықтан, жайшылықта үйге жүгіріп кіру «жамандық шақыру» деп бағаланып, баланың салмақты, ұстамды болып өсуіне ықпал еткен. Мұндағы басты мақсат адамның ішкі мәдениетін қалыптастырып, айналасындағыларға үрей туғызбауға тәрбиелеу болып саналады.
Мәдениеттанушы Өзбекәлі Жәнібековтің өмірінде де осы тыйымның әсері айқын байқалады. Ол бала кезінде анасының қазасын естігенде үйге қарай жүгіріп келе жатып, «Үйге қарай жүгірме, жамандық шақырма» деген қазақы рәсімнің санасында жаңғырғанын еске алады. Мұндай психологиялық жайттар халқымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жинастырған тәліми тәжірибесінің көрінісі. Аталған тыйым адамның іс-қимылы арқылы қоғамдық тыныштықты сақтаудың бір жолы.
Тағы бір маңызды тыйым – «Тізеңді құшақтама». Халықтық түсінікте тізе мен табанды тарту немесе тізені құшақтап отыру – жалғыздықтың, жетімдіктің белгісі. Осы әрекет «ұрпақсыз қалдым», «қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді. Сондай–ақ, ертеде кісісі өлген үйдің әйелдері бүйірін таянып, тізесін құшақтап жоқтау айтатын болған. Осы себепті, жас ұрпаққа мұндай әрекеттерді жасауға қатаң тыйым салынған. Аталған қағидалар адамның ертеңгі күніне деген сенімін нығайтып, жасықтықтан сақтайды.
Сондай-ақ, «Жағыңды таянба» деген сөз де осы қатарда тұр. Қазақ ұғымында жақты таяну – қайғының, мұңның көрінісі. «Бетіңді баспа» деген тыйым да жаманшылық шақыру деп түсіндірілген, өйткені тек өлі адамның ғана беті жабылады. Осы қағидалар жас ұрпақтың бойында өмірге деген құштарлықты оятып, жасырын депрессиялық күйлерден аулақ болуға көмектеседі.
Қазақ халқының табиғатқа деген көзқарасы тыйымдар арқылы жүйеленген. «Түнде суға барма», «Суға түкірме», «Бұлақты лайлама» деген сөздер экологиялық тәрбиенің бастауы. Түнде суға бармаудың прагматикалық пайдасы – қараңғыда су жағасындағы қауіп-қатерден (жылан, жәндік, жарқабақ, жын-шайтан) сақтану болса, рухани жағынан суды қасиетті санап, оның тыныштығын бұзбауға үндейді. Сол себепті су патшасы Сүлейменге де бой ұсынған.
Ал, ғалым Абай Дүйсенбаев қазақ этнопедагогикасындағы экологиялық тәрбиенің маңызын зерттей келе, халықтың табиғатты аялауы қоғамдық сана деңгейіне көтерілгенін айтады. «Аққан суда тегін деме, судың да сұрауы бар» деген қағида үнемшілдік пен табиғатқа деген құрметті қатар дәріптейді. Өзбекәлі Жәнібеков өз еңбектерінде қазақтың табиғатты аялауының жоғары мәдениетін ерекше атап өткен. Ол ұлттық кодтың сақталуы үшін осындай қарапайым тыйымдардың атқаратын рөлі зор екенін дәлелдеген. Оның пікірінше, халықтың генефондын, тілін және мәдениетін сақтап қалу үшін ұлттық бағдарлама қажет, ал осы бағдарламаның іргетасы – бағзыдан келе жатқан этнопедагогикалық құндылықтар.
Философия докторы Е. Ержановтың зерттеуінше, қазақы ырымдар мен тыйымдар – тарихи-әлеуметтік институт. Олар адамның мінез-құлқын реттеп, қоғамдағы моральдық нормаларды қалыптастырады. Ал педагогика ғылымдарының докторы С. А. Ұзақбаева қазақ халық педагогикасының материалдарын қазіргі қоғам өміріне лайықты, қабілетті азаматты қалыптастыратын үдеріс тұрғысынан қабылдау керектігін айтады. Оның «Тамыры терең тәрбие» атты еңбегінде ұлттық өнер мен тыйымдардың бала бойындағы эстетикалық талғамды қалыптастырудағы рөлі терең ашылған.
«Халықтық тәрбиедегі тыйымдар – баланы жаман әдеттерден сақтандырудың, оның бойында ізеттілік пен инабаттылық қасиеттерін қалыптастырудың басты құралы. Қазақ ұғымындағы ырымдар тек сенім ғана емес, ол – ұрпақтың таным-түсінігін кеңейтіп, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге баулитын тәрбиелік жүйе. Босағаны керме, табалдырықты баспа деген тыйымдар арқылы баланың бойына шаңырақты сыйлау, үйдің киесін қадірлеу сияқты адамгершілік ұстанымдар сіңіріледі», – делінген кітапта.
Қазіргі таңда жастардың ұлттық этикет пен тыйымдарға деген ынтасының төмен екенін байқауға болады. Осы жайт – ұлттық тәрбие жүйесіндегі үлкен олқылық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін», – деп ескерткен болатын.
Сарапшы Темур Аманқұл ислам құндылықтары мен ұлттық тыйымдарды үйлестіре отырып, жастардың бойында радикалды ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру қажеттігін айтады.
Көптеген тыйымдар тікелей денсаулық пен гигиенаны сақтауға бағытталған. Мәселен, «Нанды бір қолмен сындырма» (нан – қасиетті дәм, оны құрметтеу керек), «Жуған қолды сілкіме» (ырыс-несібе кетеді), «Түнде тырнақ алма» (денсаулыққа зиян, жарақат алу қаупі жоғары) сияқты қағидалардың барлығында нақты пайда бар. Сондай-ақ, «Саусағыңды сорма», «Аяғыңды жоғары көтерме» деген тыйымдар бала кезінен тазалыққа, ұқыптылыққа баулиды.
«Босағада тұрма» немесе «Табалдырықта отырма» деген тыйымдар жетім балаға тән әрекет саналған және үйдің берекесін кетіреді деп түсінген. Осының бәрі жас баланы мәдениеттілікке, әдептілікке және үй иесін сыйлауға үйретеді. «Ақты төкпе» деген тыйымның астарында да тағамды қадірлеу, малдың сүтін қасиетті санау жатыр. Бұл қағидалар отбасылық берекенің негізі саналады.
Ұлт болашағы қыз баланың тәрбиесіне тікелей байланысты. «Қызға қырық үйден тыйым» қағидасы қыз баланың қас-қабағын, жүріс-тұрысын қадағалау арқылы оның абыройын сақтауды көздейді. Бұл – тар шеңбердегі шектеу емес, қыз баланың ибалы, инабатты болып өсуіне жасалған қамқорлық. Профессор К. Ж. Қожахметова қыздарға арналған ережелердің ұлттық тәрбиеден бастау алатынын, оның ішінде жағын таянбау, ашық-шашық киінбеу, үлкеннің жолын кеспеу сияқты маңызды тұстарды атап көрсетеді.
Өзбекәлі Жәнібеков те қыз тәрбиесіне, оның ішінде ұлттық киім мен этнографиялық болмысты сақтауға үлкен мән берген. Оның пайымдауы бойынша, «Қасаба», «Сәукеле» сияқты бас киімдер мен әшекейлер тек сәндік үшін емес, қыздың әлеуметтік мәртебесін, оның тазалығы мен нәзіктігін қорғау үшін қызмет еткен. Ол қазақ қыздарының техника тілін білмейді деген жаңсақ пікірге қарсы тұрып, олардың білімді ана болып қалыптасуына жағдай жасау керектігін айтқан.
«Сәукеле – тек қалыңдықтың басына киетін сәндік бұйымы ғана емес, ол – қазақ халқының қолөнер мәдениетінің, эстетикалық талғамының, салт-дәстүрінің жиынтық көрінісі. Оның биіктігі – айбындылықтың, тазалығы мен әшекейі – пәктік пен тектіліктің белгісі іспетті»
«Қасаба – көбіне бойжеткен қыздар мен жас келіншектердің мерекелік бас киімі. Оның алтын жіппен зерленіп, маңдайшасына асыл тастардың қадалуы – әйел затына тән нәзіктік пен сырбаздықтың үйлесімін білдіреді.»
«Қазақ киімі – ұлттық мінездің айнасы. Қыз баланың киімі оның жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, қоршаған ортамен қарым-қатынасын реттеп отырған»
Сонымен, қазақтың тыйымдары – жай ғана «болмайды» деген сөз емес. Олар – ғасырлар бойы сұрыпталған өмір сүру философиясы, қауіпсіздік ережесі және этикалық нормалар жиынтығы. 2 млн-нан астам қазақтың өмірін қиған ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдарында да халқымызды аман алып қалған осы – рухани темірқазығымыз еді. Бүгінгі таңда елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың арасында өзара түсіністік пен сыйластықтың сақталуына да осы ұлттық тәрбиенің, соның ішінде өзгеге құрметпен қарауды үйрететін тыйымдардың әсері мол.
Біз Өзбекәлі Жәнібековтей ұлы тұлғалар салған жолмен жүріп, ұлттық мәдениетімізді заман талабына сай жаңғыртуымыз қажет. Ол кісінің «Ана тілін білу – құдірет, білмеу – қасірет» деген сөздері әр қазақтың санасында тұруы тиіс. Қазіргі жастар ғаламтор мен компьютерге тәуелді болып бара жатқан шақта, халықтық педагогиканың құралдарын тиімді пайдалану – кезек күттірмейтін міндет. Тыйымдарды мансұқтау – тамырымыздан ажырау. Ал тамырынан ажыраған ағаш ұзаққа бармайды.
Ұлттық тәрбие – жайбарақаттылықты көтермейтін өте күрделі мәселе. Тыйым сөздер – ұлттық тәрбиенің негізі, қазақ халқы балаларын кішкентай кезінен жақсы нәрсеге үйір болсын, жамандықтан аулақ болсын деп тыйым арқылы тәрбиелеп отырған. Сондықтан, «Тек» деп өсірген бабалар аманатына адал болып, тыйымның терең мәнін ұғыну – әрбір азаматтың борышы есептеледі. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамды ізгілендіруге, имандылық пен адамгершілікке бастайтын негізгі күш болып қала бермек. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзінен сусындаған ұрпақ қана елін, жерін шын сүйетін азамат болып қалыптасады. Біз тарихымызды, мәдениетімізді және ата-бабаларымыз қастерлеген ырым-тыйымдарды сақтай отырып қана өркениетті елдердің қатарынан орын ала аламыз. Тектілік – біздің басты байлығымыз, ал тыйымдар – сол тектіліктің қорғаны. Осы құндылықтарды келер ұрпаққа бұзбай жеткізу – біздің қасиетті борышымыз екенін ұмытпайық.
Мәулен Әнербай





