Қызық, бүгінгі заманда алақандай ғана телефонға бүтін бір әлем сыйып кеткендей. Қолы босай қалса, әркім қалтасындағы смартфонына үңіліп, әлеуметтік желінің шексіз ағынына кіріп кетеді. TikTok, Instagram, Facebook – бәрі де адамның назарын тартып, уақытты ұрлайтын үлкен алаңға айналды.
Мен де сондай сәттің бірінде ұнамаған видеоны сипай салып келесісіне ауысып отырдым. Бір кезде күтпеген жерден көзіме ерекше мазмұнды, терең ойға жетелейтін бір видео шықты. Бір рет емес, бірнеше мәрте қайта көріп, ішіндегі ойға үңілдім. Сол сәтте баяғыдағылардың сөз құдіретіне қатысты айтқан даналықтарының бекер еместігін анық сезіндім.
Видео жапон зерттеушісі Масару Эмото жасаған ерекше тәжірибеге арналған еді. Үш бірдей ыдысқа күріш салып, үстіне су құйып, әрқайсысына әртүрлі энергия береді. Біріне күн сайын жақсы сөздер айтылады, екіншісіне жеккөрушілік пен ашу, ал үшіншісі мүлдем еленбейді. Нәтижесі сізді де таңғалдыратыны айдан анық. Жақсы сөз естіген банкідегі күріш бұзылмайды, ал жаман сөз естігені қарайып кетеді, ал назарсыз қалғаны көгеріп, ең нашар күйге түседі. Бұл тәжірибе сөздің адамға қалай әсер ететінінің айқын дәлелі секілді.
Адам баласы да дәл солай. Баланың көңіліне айтылған жылы сөз бойына қуат береді, ал ауыр сөз жүрегін жаралайды. Қарапайым күріштің өзі сөз құдіретіне жауап берсе, сезімі нәзік адам жанына сөздің қалай әсер ететінін ойланып көріңізші. «Сен ынжықсын», «Қолыңдан ештеңе келмейді», «Қорқақ» деген сөзді естіп өскен бала мен керісінше, «Сенің қолыңнан бәрі келеді», «Ақылдысың», «Мықтысың» деген сөзді жиі еститін баланы салысытрып көріңіз. Сөз – жанға түскен із. Оның салмағы, киесі бар. Осы тұста халқымыздың сөзге қатысты даналығын еріксіз еске түседі. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сөз – сүйектен, таяқ – еттен өтеді», «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады». Бұлардың әрқайсысы жылдар бойы айтылып келе жатқан өмірлік қағида. Сондықтан, қазақ сөзге ерекше құрметпен қараған халық. Жырау, би, шешендерден бастап бүгінгі ойшылдардың барлығы сөзді – рухтың өзегі деп бағалаған. Асан қайғы бабамыз:
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады – деп жырға қосқан. Бұл бір ғана өлең жолы емес, бүтін бір философия. Асыл сөздің түбі тереңде екенін, оның адам ойынан бастау алатынын меңзейді. Қазақтар үндемей қалуды да құп көрмеген. Өйткені дұрыс айтылған сөз – ем, орынсыз сөз – жара. «Бір жылы сөз бітірер мың көңілдің жарасын», «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деген нақылдар да соны меңзейді.
Соңғы жылдары өмір салтындағы өзгерістер қоғамдағы сөз мәдениетіне де әсер етті. Адамдар ашуға тез берілетін болды, бір-біріне айқайлап, боқтап сөйлеу қалыпты жағдайға айналып келеді. Көшедегі жүргізушілердің кикілжіңі, қоғамдық көліктегі айғай, емханадағы кезек таласы – бәрі де сөздің тәрбиелік қуаты әлсірегенін көрсетеді. Әлеуметтік желіде де жағдай осы. Бір-бірін жамандау, балағаттау, негативке толы пікір жазу – көпшілікке әдетке айналды. Мұның бәрі – жаман энергия тарататын әрекеттер.
Осы кезде тағы бір тәмсіл еске түседі: «Он бәленің тоғызы тілден». Тіпті «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» дегеннің де мағынасы ашыла бастайды. Тіл – қару. Ол жаралайды да, айықтырады да. Бұл ақиқат бүгін ғана емес, ежелден бар.
Жақсы сөздің құдіретін сақтап қалған халықтардың бірі – жапондар. Аядай ғана аралда отырып, әлемдегі ең өркениетті, ең тәртіпті, ең еңбекқор елге айналған жұрттың бір-біріне деген сыйластығы ерекше. Жапон қоғамында сөзді салмақтап айту, басқасын сыйлау, сыпайылық таныту – өмір салты. Олар әлеуметтік желіде бірін-бірі жамандап уақыт өткізгенше, жаңа дағды меңгеріп, өзін дамытуға көбірек мән береді.
Күрішке жасалған тәжірибе мені одан әрі қызықтырып, YouTube желісінен қосымша видеолар көрдім. Бір азамат дәл осы экспериментті 10 күн бойы қайталаған. Нәтижесі айна-қатесіз ұқсас. Жақсы сөз айтылған күріш тазарады, жаман сөз естігені қарайып кетеді. Осындай қарапайым нәрсенің өзі сөз энергиясының қаншалықты күшті екенін дәлелдеп тұрған жоқ па? Әліде нанбай тұрсаңыз, өзіңіз де осы тәжірибені жасап көріңіз.
Сөз – адамның ішкі дүниесінің айнасы. Ол көңілдің, тәрбиенің, мінездің көрінісі. Сөзді түземей, қоғам түзелмейді. Әрбір айтылған сөз – біреудің жүрегіне қалдырған ізің. Жылы сөз жақсылықтың есігін ашса, ауыр сөз жан жарасын тереңдетеді.
Қазір қоғамда өзгелерге өкпелі жандар көп: «адам өзгерді, заман бұзылды» дейді. Бірақ өзгеріс әркімнің өзінен басталмай ма? Егер біз бір-бірімізге жақсы сөйлеп, мейіріммен қарауды әдетке айналдырсақ, баламызды жақсы сөзге үйретсек, әлеуметтік желіде пайдалы дүниелер таратсақ – қоғам өздігінен жақсара бастайды. Бұл – үлкен теория емес, қарапайым өмір шындығы.
Сөз – киелі. Оның киесі бар және ол біз ойламаған күйде әсер етеді. Күріштің өзі жақсы сөзді қабылдаса, адам баласының жүрегі қабылдамай ма?
Өмірдің күрделі сәттерінде де, қуаныш пен реніште де сөз – адамның қолындағы ең қуатты құрал. Біз қоғамды түзегіміз келсе, алдымен сөзімізді түзеуіміз керек. Өзгеріс сөзден басталады – жақсы сөз айтқан адамның жүзі де, жолы да жарық болады.
Мақаламызға тұздығы болсын, назарларыңызға ғалымдардың да пікірін қосып беруді жөн санадық.
Қазақ тіл білімінің алыптарының бірі Рәбиға Сыздық сөздің киесі мен жауапкершілігі туралы көп айтқан: «Сөз – қолдан жасалатын қару. Қалай қолдансаң, сондай нәтиже береді», «Сөз адамның ішкі мәдениетін танытады. Адамның өзі қандай болса, сөзі де сондай», «Сөзді орынсыз жұмсау – тілге жасалған зор қиянат». Ал, Мұхтар Әуезов: «Сөз – халықтың ең қымбат қазынасы», «Тіл – қай халықтың болмасын, жаны. Ал сөз – сол жанның үні», «Сөздің қасиетін білген адам айтар сөзін бір емес, мың рет таразылайды», – десе, түрколог-академик Әбдуәли Қайдар сөздің ұлттық болмыспен байланысына ерекше мән берді: «Әрбір сөзде ұлттың талай ғасырлық тәжірибесі, дүниетанымы, рухы сақталады», «Сөзді бүлдіру – ұлттың сезімін бүлдіру». Әдебиеттанушы З. Қабдолов сөздің эстетикалық табиғатын ерекше ашқан: «Әдебиет – сөз өнері, демек сөз – өнер атаулының анасы», «Сөздің де мінезі бар. Жылы сөз жылатады, суық сөз мұзатады». Философ Ғ. Есім сөздің онтологиялық мәнін ашқан: «Сөз – адамның өзін-өзі тануының басты құралы», «Адам сөз арқылы ұлт болады, сөз арқылы ұсақталады». Академик С. Қирабаев сөздің тәрбиелік күшін ерекше атаған: «Сөз – тәрбиенің ең ежелгі әрі ең әсерлі құралы», «Тіл мәдениеті – адамдық мәдениеттің өлшемі». Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болса сөз жайлы тұжырымдары классикаға айналды: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», «Сөздің асылы – ойдың айқындығы», «Әр сөздің өзінің орны бар. Орынын таппаған сөз – адамға пайда емес, зиян».
Мәулен Әнербай





