Соңғы он жыл ішінде әлеуметтік желі, әсіресе TikTok пен Instagram жастар өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Олардың күнделікті уақытының көп бөлігі дәл осы платформаларда өтеді. Бұл тек бос уақытты өткізу құралы ғана емес, сананы, құндылықтарды, тіпті мінез-құлықты қалыптастыратын ықпалды ортаға айналып үлгерді. Қысқа бейнероликтер жастардың ақпарат қабылдау тәсілін түбегейлі өзгертті. Орта есеппен 15-60 секундқа созылатын роликтер адамның назарын ұзақ уақыт ұстап тұру қабілетін әлсіретеді.
Енді мына қызыққа қараңыз, Microsoft компаниясының зерттеуі бойынша, адамның орташа назар аудару уақыты 2000 жылы 12 секунд болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш небәрі 8 секундқа дейін қысқарған. Мұның салдары оқу барысында немесе күрделі жұмыс істегенде алаңдауға, ойдың бөлінуіне әкеледі.
Желідегі жылтыр өмірді, сәнді киім мен қымбат саяхатты көрсету арқылы бақыт материалдық байлықпен теңестірілді. Фильтрлер мен фотомонтаж шынайылықтан алшақ бейнелер қалыптастырып, сырт келбетке байланысты қысым мен стандарт күшейеді. Мына зерттеуге назар салсаңыз, 2023 жылы Dove Self-Esteem Project жүргізген зерттеуде жасөспірімдердің 80 пайызы әлеуметтік желідегі идеалды бейнелер олардың өзін-өзі бағалауына кері әсер ететінін айтқан. Алматы қаласының тұрғыны, 19 жастағы студент Айша да осыны растайды:
– Инстаграмда бәрі керемет өмір сүріп жатқандай көрінеді. Бұл кейде мені күйзеліске түсіреді. Өмірімді, өзімді әдемі қыздармен, бай адамдармен салысьтырамын. Осының әсерінен болашаққа деген сенім жоғалды. Барлық адам жетістікке жетіп жатыр, ал менде түк жоқ деген ойлар маза бермейді, — дейді ол.
Бұл туралы психолог Назира Сейдахметова да өз ойын қосты.
– Әлеуметтік желідегі мінсіз суреттер көбіне шынайы өмірдің бейнесі емес, өңделген, сүзгіден өткен сәттер ғана. Оларды көріп, өзіңізді басқалармен салыстыру өзін-өзі бағалауды түсіреді және сенімсіздік тудырады. Сол себепті ақпаратты саналы түрде таңдау маңызды: шабыт беретін, мотивация сыйлайтын контентті көбірек тұтыну, ал керісінше, теріс эмоция тудыратын парақшаларды шектеу керек. Сонымен қатар, оффлайн өмірдегі қарым-қатынасты күшейту, хобби мен спортқа уақыт бөлу психологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі, – деді.
Онлайн платформа адамдарды байланыстыратын құрал болып көрінгенімен, шын мәнінде жалғыздық сезімін де қалыптастырды. Желідегі достар саны артқанымен, шынайы қарым-қатынас азайып барады. Pew Research Center зерттеуіне сәйкес, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 59 пайызы әлеуметтік желілерде белсенді болғанымен, кейде өзін жалғыз сезінетінін мойындаған. Қазақстандағы жағдай да соған ұқсас. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының 2024 жылғы сауалнамасында жасөспірімдердің 41 пайызы офлайн достық қатынастардың азайғанын атап өткен.
Алгоритмдер пайдаланушыға тек қызықты және ұнайтын мазмұнды ұсынатындықтан, керексіз ақпараттар пайда болады. Бұл жастардың дүниетанымын шектеп, тек біржақты көзқарастың қалыптасуына жол ашады. Сонымен қатар, жалған ақпараттың таралу қаупі артады. Media Matters Kazakhstan 2023 жылы жүргізген зерттеу нәтижесінде TikTok-тағы жалған ақпараттың 37 пайызы саясат пен денсаулыққа қатысты болғаны анықталған. Бұл факт жастардың сыни ойлау қабілетінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Дегенмен, TikTok пен Instagram тек теріс әсермен шектелмейді. Көптеген жас блогер, музыкант, дизайнер дәл осы платформалар арқылы өз шығармашылығын дамытып, танылып қана қоймай, табыс табуда. 25 жастағы SMM-маман Ержан М. бұл пікірді қолдайды.
– Менің табысым мен карьерам TikTok пен Instagram арқылы басталды. Қазір өз бизнесімді жүргізіп отырмын. Демек, дұрыс бағытта қолданса, бұл платформалар үлкен мүмкіндік береді, – дейді ол.
Білім беру контенті де кеңінен таралып жатыр. Танымдық роликтер қысқа уақытта маңызды ақпаратты жеткізуге мүмкіндік береді. TikTok 2024 жылы білім беру бағытындағы контент көлемі үш есеге артқанын мәлімдеген. Бұл саналы түрде пайдаланған жағдайда әлеуметтік желілердің оқыту мен кәсіби дамуға да оң ықпал ете алатынын дәлелдейді.
Психологтар мен сарапшылар жастарға әлеуметтік желілерді саналы қолдану мәдениетін қалыптастыруды ұсынады. Күнделікті қолдану уақытын шектеу, аптасына кем дегенде бір күнді интернетсіз өткізу, ақпараттың дереккөзін тексеру, білім беретін және мотивациялық мазмұндарға жазылу бұл тәуелділікті азайтып, желінің пайдалы жағын арттыруға көмектеседі. Ата-аналар да жасөспірім кезеңінде контентті бақылап, бағыт-бағдар беру арқылы балаларын артық әсерден қорғауы тиіс. Мына қызықты қараңыз, Al Jazeera сайтының мәліметіне сүйенсек, бір адам күніне шамамен 2,5 сағатын әлеуметтік желіде өткізеді екен. Бұл жылына 864 сағат, немесе 36 күнге, яғни шамамен бір айға тең келеді.
– Оқушылардың сабақ кезінде назарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұру қиын болып кетті. Қысқа, жылдам ауысатын бейнелерге үйренген балалар үшін ұзақ мәтінді тыңдау немесе оқып шығу – үлкен сынақ. Бірақ бұл жағдай тек теріс жағын ғана емес, жаңа мүмкіндіктерді де ашады. Мысалы, TikTok сияқты платформаларды дұрыс бағытта қолданса, қысқа, бірақ мазмұнды видеолар арқылы да маңызды ақпарат жеткізуге болады. Бастысы – оқушының қызығушылығын оятып, білімді ойын немесе креативті форматпен беру. Қазіргі буынның ақпарат қабылдау ерекшелігін ескеріп, дәстүрлі оқыту әдістерін заманауи цифрлық құралдармен үйлестіру – білім сапасын арттырудың бір жолы– дейді мұғалім Айбек Мұсанов.
Соңғы жылдары TikTok-тың қоғамға әсері туралы пікірталас тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қызу жүріп жатыр. Әлемнің бірқатар мемлекеттері бұл желіге шектеу қойып, тіпті бұғаттаған.
Мәселен, Үндістан 2020 жылы Қытаймен шекаралық шиеленістен кейін TikTok пен тағы 50-ден астам қытайлық қосымшаны ұлттық қауіпсіздік мақсатында біржола бұғаттады. Бұл қадамнан кейін ел ішінде баламалы жергілікті платформалар дамып, Instagram Reels пен YouTube Shorts жаңа аудиторияға жол ашты. Ал Албания 2025 жылдың басында бір жылдық толық тыйым енгізді. Себебі, кәмелетке толмаған жастар арасында зорлық-зомбылық пен қылмыстың орын алу тікелей әлеуметтік желінің ықпалы дейді.
Ал, Канадада TikTok үкіметтік құрылғылардан алынып тасталды. Еуропалық Одақ елдері де мемлекеттік қызметкерлерге оны қолдануға шектеу қойды.
Бұл туралы сарапшылардың пікірі сан түрлі.Internet Society ұйымы мұндай тыйымдарды «сплинтернет» яғни, ғаламтордың бөлшектенуіне әкелетін қауіпті үрдіс деп атайды. Virginia Commonwealth University профессоры Уильям Пелфри бұл қадам сөз бостандығына артық қысым түсіретінін айтса, Огайо университетінің доценті Чад Моурнинг VPN арқылы кез келген шектеуді айналып өту мүмкін екенін ескертеді.
Қазақстанда да бұл тақырып назардан тыс емес. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева:
– TikTok жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен ата-аналардың бақылау жүйесін одан әрі жақсартуда. Платформа жасөспірімдер үшін қауіпсіз онлайн кеңістік құруға және ата-аналарға балаларының TikTok-тағы белсенділігін басқаруға көмектесетін жаңа мүмкіндіктерді іске қосқанын хабарлайды. Атап айтқанда, TikTok «Отбасылық баптаулар» бөлімінде ата-аналарға жасөспірімдердің қосымшаға қолжетімділігін белгілі бір уақыт аралығында шектеуге мүмкіндік беретін жаңа функцияны іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, платформа сағат 22.00-ден кейін TikTok-ты пайдаланатын жасөспірімдердің назарын аударып, тынығуына көмектесетін жаңа мүмкіндікті іске қоспақ. TikTok-тағы ата-аналардың бақылау жүйесінің бір бөлігі болып табылатын «Отбасылық баптаулардың» іске қосылғанына бес жыл болды. Осы жылдар ішінде ата-аналардың кері байланысы мен сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, TikTok жаңа функцияларды бірнеше рет еңгізіп отырды. Бұл жолы TikTok қолданбасының әзірлеушілері «Демалыс» деген жаңа функцияны қосты. Ол қосымшаны белгілі бір уақытқа бұғаттауға мүмкіндік береді, – деп пікір білдірген болатын.
Жалпы, әлемдік тәжірибе көрсеткендей TikTok-қа қатысты саясат әр елде әртүрлі: бір жерде қатаң тыйым, бір жерде рұқсат, ал енді бірінде – келісім арқылы реттеу. Бірақ бәрінде ортақ мәселе технологияның қоғамға әсерін дұрыс бағалап, қауіп пен мүмкіндіктің ара-жігін ажырата білу.
TikTok пен Instagram сияқты әлеуметтік желілер – заманауи баланың өмірінің бір бөлігіне айналды. Бір жағынан, олар ақпарат алмасудың, шығармашылық дамудың және қарым-қатынастың жаңа мүмкіндіктерін ашса, екінші жағынан, бала санасына, психикасына және құндылықтарына айтарлықтай әсер етеді. Психологтар мен сарапшылар ата-аналарға басты назарды тыйым салуға емес, баланың цифрлық сауаттылығын арттыруға, сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамытуға және интернеттегі уақытын дұрыс басқаруға бағыттауды ұсынады.
Өйткені әлеуметтік желіні толықтай жою мүмкін емес, бірақ оның зиянын азайтып, пайдасын көбейту – ата-ана, мұғалім және қоғамның ортақ міндеті.
Мақпал Әділханқызы





