Жетісудың жүрегі саналатын Талдықорған қаласында соңғы жылдары қарқын алған құрылыс жұмыстары қоғамда әрқилы пікір туғызуда. Әсіресе жол жиегіндегі бордюрларды жиі ауыстыру, жаңадан төселген асфальттың қазылып, қайта жасалуы тұрғындар наразылығын күшейткендей. Сырт көзге «жаңарту» болып көрінгенімен көпшілік бұл әрекеттердің шынайы қажеттілігіне күмәнмен қарайды.
Шаһар көшелерінде жыл сайын қайталанатын көрініс қалыпты жағдайға айналған: кеше ғана төселген жол бүгін қайта бұзылады, жаңа қойылған бордюр алынып, орнына тағы жаңасы орнатылады. Мұндай жұмыстардың сапасы мен жүйелілігіне күмән келтіретіндер аз емес. «Бір жылға жетпейтін дүниені неге қайта-қайта ауыстырамыз? Бұл кімге тиімді?» деген сауал ел ішінде жиі айтылады.
Бұл сөздің төркіні де түсінікті дерсің. Себебі бюджет қаржысы – халықтың ақшасы. Сондықтан әрбір теңгенің қайда, қалай жұмсалып жатқанына қоғам бейжай қарай алмайды. Әсіресе, әлеуметтік нысандарға сұраныс жоғары кезеңде мұндай «косметикалық» жұмыстардың басымдық алуы орынды ма деген заңды сұрақ туындайды.
Қала тұрғындарының пікірінше, шешімін күткен мәселелер жетерлік. Балалар емханаларының жетіспеушілігі, білім беру мекемелерінің тапшылығы, жастарға арналған инфрақұрылымның әлсіздігі – күн тәртібінен түспей келетін өзекті проблемалар. Осындай жағдайда миллиардтаған қаржының бордюр мен асфальтқа жұмсалуы көпшілікке түсініксіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында: «Бюджет қаражатын тиімді әрі ұқыпты пайдалану – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі», – деп нақты атап өткен болатын. Сондай-ақ, Президент: «Халықтың тұрмыс сапасын арттыру – барлық мемлекеттік саясаттың өзегі болуы тиіс» екенін де бірнеше мәрте ескерткен. Бұл – бүгінгі қоғам талабының айқын көрінісі. Алайда «жергілікті деңгейде осы қағидалар толыққанды жүзеге асып отыр ма?» деген сұрақ туындайды. Себебі тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін салалар – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік инфрақұрылым – әлі де болса жеткілікті деңгейде дамымай келеді.
«Жолды жөндеу керек шығар, бірақ жыл сайын қаза бермей, сол қаражатқа жаңа емхана салынса игі еді», – дейді қала тұрғыны Б. Жұмаділ. Бұл – бір адамның ғана емес, қоғамдағы ортақ пікірдің көрінісі.
Әрине, қала көркін жақсарту – маңызды міндеттердің бірі. Бірақ ол жүйелі, сапалы және ұзақмерзімді жоспарға негізделуі тиіс. Бүгін жасалған жұмыс ертең қайта бұзылып жатса, оның тиімділігі туралы айту қиын. Мұндай жағдайда қоғамда сенімсіздік қалыптасады. Мәселенің тағы бір маңызды қыры – ашықтық пен есептілік. Егер әрбір жоба бойынша нақты ақпарат беріліп, оның қажеттілігі мен тиімділігі жан-жақты түсіндірілсе, халықтың да көзқарасы өзгерері анық. Ал түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі күмән мен сынның күшеюіне алып келуде.
Жалпы, бюджет қаржысын игеру емес, оны тиімді пайдалану – басты қағида болуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Әрбір мемлекеттік шешім халықтың нақты сұранысына негізделуі керек». Демек, қаланың дамуы сыртқы келбетпен ғана емес, тұрғындардың өмір сапасымен өлшенуі керек.
Бүгінгі қоғамның талабы өзгерген. Халық сәнді плитка мен жаңартылған бордюрдан бұрын сапалы медицина мен қолжетімді білімді қалайды. Сондықтан «миллиардтан миллион жеп, елге пайдасын тигізсін» деген халық сөзі – жай реніш емес, нақты сұраныстың көрінісі. Қалай болғанда да Талдықорған қаласының дамуы көзбояушылықтан емес, мазмұнды, халық игілігіне бағытталған жобалардан басталғанда көрікті. Әрбір жұмсалған қаржы тұрғындардың тұрмысын жақсартуға қызмет еткенде ғана оның шынайы мәні мен маңызы арта түседі.
Сарби ӘЙТЕНОВА





