Балалардың шығармашылығын шыңдау, көк құрақтай көз қуантып өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату мақсатында 2021 жылы құрылған «Мейірім» орталығының өрендері биік белестерді бағындыруда. Бұл талай шәкірттің дарынын ашып жүрген шығармашылық ұжымның ерен еңбегінің арқасы.
Оқушылардың білім мен өнерге шабытын оятқан орталықта 200-ге жуық бала әртүрлі үйірмеге қатысады. Бес жыл ішінде шығармашылық орталықтан білім алған шынашақтай ұл-қыздар облыстық, республикалық, халықаралық додаларда жеңістің желкенін көтерді. Оған дәлел Алматыда өткен қылқаламға тіл бітірген жас суретшілер байқауы. «Жарық жұлдыз» балалар журналы ұйымдастырған Х республикалық балалар өнер байқауында «Көркемсурет» жанры бойынша «Мейірімнің» суретші қыздары үздік деп танылды. Әртүрлі тақырыпта салынған суретін түрлі түсті бояулармен өрнектеп, көрермен назарына ерекше дүние ұсынған Айнұр Серікова, Адина Айтқали, Айша Әлімжан, Алима Орынбаева жұмыстары жоғары бағаланып, Түркияның Анталия қаласында өтетін халықаралық байқаудың финалдық кезеңіне жолдама алды.
Қыздардың қиялын шыңдап, сурет салудың қыр-сырын үйретіп жүрген жетекшісі Елена Жиембаева:
– Бұл байқауға 2023 жылдан бері қатысып келеміз. Суреттерді сөйлеткен жас қылқалам шеберлеріміз жылда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Атап айтсам, бұған дейін Аяжан Есімхан есімді қызымыз халықаралық байқауда топ жарды. Биыл 4 қызым да жеңіс тұғырынан көрінді. Енді жас суретшілер Түркия төрінде бақ сынайтын болады. Сонымен қатар, сәуір айында Талдықорғанда өтетін республикалық «Жетісу жұлдыздары» байқауына дайындалудамыз. Бұл сында да оқушыларым жүлделі орындардан көрінеді деген сенімдемін, – дейді.
Бұл оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытқан ұстаз бен бар уақытын бір кескінге беріп, қағаз бетіне телміріп отырып сурет салған талантты қыздардың еселі еңбегінің жемісі.
Айта кетейік, халықаралық байқаудың ақтық сыны мамыр айының 14-20 аралығында Анталия қаласында өтеді. Олай болса біз он саусағынан өнер тамған, талабына нұр жауған жас қылқалам шеберлерінің алдағы байқауына сәттілік тілейміз.
Айдар ҚАЛИЕВ





