Алтынемел жотасының етегінде уақыттың өтуін баяулататын бір орын бар. Бұл жерде шулы аймақтан алыс жатқан Шоқан Уәлихановтың мемориалдық мұражайы орналасқан.
Кербұлақ ауданындағы Шанханай немесе Шоқан ауылы деп аталатын бұл елді мекенді әркім білуі тиіс. Дәл осы жер бар болғаны 30 жыл өмір сүрген қазақ халқының көрнекті ғалымы, географы, этнографы және саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың мәңгілік мекеніне айналды. Дара тұлғаның туғанына 150 жыл толуына орай 1985 жылы ашылған мұражай кешені ауылдық аумаққа ерекше көрініс беріп тұр. Сәулетшілер Р. Сейдалин, Б. Ыбыраев және С. Рустамбеков жобалаған бұл ғимарат Софиядағы INTERARCH-87 биенналінде күміс медаль алған Қазақстанның алғашқы сәулеттік ғимараты.
– Біздің ауыл – жай ғана елді мекен емес, бұл Шоқан Уәлихановты еске алатын мәдени-тарихи орталық. Біз келушілерге қонақжайлылық танытып, бар ықыласымызбен қарсы аламыз. Өйткені, біз үшін әр қонақ даланың дара ұлын құшағына алған осы жердің ұлылығын сезінуі маңызды, – дейді Шанханай ауылдық округінің әкімі Олжас Сәтқалиев.
Ауылға апаратын жолдың жағдайы жақсы. Автокөлікпен еш алаңсыз жетуге болады. Мұражай табалдырығынан аттамас бұрын, бұл адамның кім болғанын есте ұстаған жөн. Мұхаммед-Қанафия (Шоқан) Уәлиханов – Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы және әйгілі Абылай ханның немересі. 12 жасында Сібір кадет корпусына түсіп, мұғалімдерді ақылдылығымен таңғалдыра білген. Ол жасынан бастап ғылымға ерекше қызығушылық танытты. Петербургте білім алып, түрлі мәдениет пен халықтардың өмірімен танысуға мүмкіндік алды.
Ол өзінің ғылыми еңбектері арқылы Қазақстанның тарихын, этнографиясын, географиясын зерттеп, терең танымға ие болды. Орталық Азияға жасаған экспедициялары кезінде көптеген дерек жинап, қазақ жерінің табиғаты мен халқы туралы шынайы мәліметтер қалдырды. Сонымен бірге, Шоқан тек ғалым ғана емес, керемет ойшыл әрі әдебиет жанашыры болды. Халықтың ауыз әдебиетіне, тарихи деректерге зор мән беріп, болашақ ұрпаққа мол қазына қалдырды. Қазақ ғылымының негізін қалаушылардың бірі ретінде Шоқан Уәлиханов әрдайым есте қалатын тұлға. Оның еңбектері бүгінгі таңда да ғылым мен тарихты зерттеуде маңызды рөл атқарады.
Бүгінде музейдің іші жөндеуден өтіп, жаңартылған. Сыртқы келбеті мен ішкі көрінісі үйлесім тапқан рухани орда. Төбесі үш қабатқа бөлінген, бұл көшпенділердің дүниетанымын айшықтайды. Дәстүрлі шаңырақтың орнына төбеде бақыт пен берекенің нышаны – шашақтар, яғни, бақыт түйіндері ілулі тұр. Жаңартылған экспозицияда LED-экрандар мен заманауи дыбыс жүйесі орнатылғанымен, көне дәуірдің тынысы әр бөлшегінен сезіліп тұр.
Музейдің кіреберісінде суретші Шамиль Қожақановтың қой жүнінен тоқыған 250 келілік монументалды гобелені орналасқан. Онда Шоқанның Омбыдан Қашқарға дейінгі барлық бағыты бейнеленіпті. Сондай-ақ, жеке заттары да тұр. Олар аз болса да әрқайсысының өз орны бар. Қашқардан әкелінген брокад белбеуі, жеке қаруы (1858 жылғы револьвер), Уәлихановтар отбасының мыс ыдыстары адамға ерекше әсер қалдырады.
– Біз құрғақ деректерді ғана емес, ол өмір сүрген ортаны да көрсете алатынымызды мақтан тұтамыз. Біздің көптеген экспонатымыздың ішінде Жапония, Швециядан жиі келетін ең білгір ғалымдардың өзін таңғалдырып, таңдай қақтыратын жәдігерлер де бар, – дейді музей қорының сақтаушысы Данагүл Шымырбекова.
Шанханайға саяхат – жай ғана экскурсия емес. Бұл – адамның қаншалықты көп нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндігі бар екенін айғақтайтын орын. Мұражай айналасы жасыл желекке оранып, күтімі де келіскен. Ал төбе жақта Шоқан Уәлихановтың ескерткіші сонадайдан менмұндалап көз тартады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





