Темiрдей тәртiптi талап ететiн әскери салада өзiне жүктелген жауапты мiндеттi атқара жүрiп абырой мен беделге ие болған Айбол Төлеутайұлы Ақсу ауданы, Сағабүйен ауылында дүниеге келді. Кейіпкеріміз бала күнінен қиындығы мен қызығы мол әскери салада қызмет істеуді армандайды. Ол қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әскери саланың рөлі айрықша екенін және қоғамның патриоттық рухын көтеретін, ұлттың болашағына сенімділік ұялататын маңызды саланың бірі екенін айтады.
Айболдың бала күнгі арманы орындалып, 2020 жылы №18386 әскери бөлімінің қызметкері атанады. Бүгінде жүргізуші-прожекторшы қызметін абыроймен атқарып келеді. Отанға адал қызмет атқарып жүрген сарбаз қазір Астана қаласында өтетін әскери шеруге дайындалуда.
– Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл. Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ, миллиондаған адамдардың төгілген қанымен келді. Бейбіт күнде алаңсыз өмір сүріп жатқанымыз әуелі Жаратқанның, содан соң қан майданда кеудесін оққа тосып, Отан үшін от кешкен боздақтар ерлігінің арқасы. Қайсарлық пен қайтпас рухтың хас үлгісін көрсеткен жауынгерлер ерлігі ел жүрегінде сақтаулы. Біз батыр бабалар ерлігін еске түсіріп тағзым етуіміз, болашақ ұрпаққа насихаттауымыз қажет. Сондықтан Жеңіс күніне орай өтетін шеруге қатысатынымды естігенде қуанышпен қатар жауапкершілікті сезіндім, – деген кейіпкеріміз әскери шеруге қатысатынын мақтанышпен айтып, тебіреніп сөйледі.
Айта кетейік, салтанатты шеруге аталмыш әскери бөлімнен 3 сарбаз аттаныпты. Олар таңғы сағат 9.00-ден бастап 13.00-ге дейін жаттығады екен. Екі сағат үзілістен кейін сағат 17. 00-ге дейін қайта дайындық жаттығуына кіріседі.
Салтанатты шеру өткізу арқылы біз бүкіл әлемге еліміздің әскери қуатын көрсетіп қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына туған жерге, Отанға деген патриоттық һәм мақтаныш сезімін дарытатынымыз анық.
Айдар ҚАЛИЕВ





