Талдықорған қаласының тұрғыны Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ұстаз Ысқақ Құсайынов 101 жасқа келді. Ардагерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының №5514 әскери бөлімінің командирі, полковник Әмір Мансұров арнайы барып құттықтады.
Бөлім командирі ардагерге Ұлттық Ұланның медалін тағып, Алғыс хат табыс етті. Сарбаздар ардагердің алдынан салтанатты шерумен өтіп, жеке құрамның оркестрі «Жеңіс күні» музыкасын орындады.
1924 жылы Көлбай ауылында дүниеге келген Ысқақ Әбілпейісұлы 18 жасында соғысқа өз еркімен аттанып, Украина майданы және Амур флотының Зенит дивизиясында ұрысқа кірген. Атқыштар дивизиясында зенитші-пулеметші бола жүріп, Еуропа елдерін фашист басқыншыларынан азат етуге қатысып, 1943-45 жылдар аралығында Тынық мұхитына ауысады. Әскери қызметке деген адалдығы үшін «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағына ие болған. Кейін Кеңес-Жапон соғысына қатысып, 1947 жылы елге оралады. Елге келген соң Лепсі педагогикалық училищесін бітіріп, 40 жылға жуық ұстаздық еткен Ысқақ Әбілпейісұлы ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және «Жуков», «Ерен еңбегі үшін» медальдармен марапатталған. Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы.
Ысқақ Әбілпейісұлының зайыбы Бақыш Нұратаева да ұзақ жыл мұғалім болды. Қызы мен немересі әке жолын қуып, білім саласында еңбек етеді. Бүгінде ардагердің 9 немересі, 31 шөбересі, 5 шөпшегі бар.
Гүлжан ТҰРСЫН





