Жауынгерлер майданда жанын шүберекке түйіп шайқасса, ел ішіндегі халық бар күш-жігерін тылдағы еңбекке арнады. Осындай сын сағатта Жетісу жұрты да Отан алдындағы қасиетті парызын адал атқарды.
«Жетісу облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, өңірден 150 мыңға жуық адам майданға аттанды. Бұл – сол кездегі халықтың айтарлықтай бөлігінің қолына қару алып, ел қорғауға бет алғанын көрсетеді. Олардың арасында әртүрлі жастағы азаматтар болды – жастығы жалындаған бозбалалар да, елдің алдында беделі бар ересектер де майдан даласында ерлік көрсетті.
Алайда соғыстың салқыны тым ауыр тиді. 40 015 жетісулық жауынгер ұрыс даласында қаза тауып, хабарсыз кеткен. Бұл – әр шаңыраққа түскен қаралы қасірет, әр жанның жүрегіндегі жазылмас жара. Олар Отан үшін жанын қиып, болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін құрбан болды.
Соғыс жылдарында жетісулық жауынгерлердің көрсеткен ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. 38 жетісулық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, 5 жауынгер Даңқ орденінің толық иегері атанды. Бұл – олардың майдан даласында көрсеткен қайсарлығы мен қаһармандығының нақты дәлелі.
Атақты 316-шы атқыштар дивизиясының жауынгерлері – 28 гвардияшы-панфиловшылар бүкіл Кеңес одағына әйгілі болған еді. Осы даңқты жауынгерлердің 11-і Жетісу өңірінен шыққан азаматтар болатын. Олар Мәскеу түбіндегі шешуші шайқастарда фашистік танкілерге төтеп беріп, ержүректіліктің шынайы символына айналды.
Жетісу елі тек майданмен ғана емес, тылдағы тынымсыз еңбегімен де көзге түсті. Азық-түлік, киім-кешек, әскери жабдықтар жөнелту арқылы соғыс даласындағы жауынгерлерге қолдау көрсетті. Әйелдер мен қарттар, жасөспірімдер күн-түн демей еңбек етіп, Жеңіс үшін аянбай тер төкті.
Жетісудан шыққан 150 мыңға жуық жауынгердің әрбірі – ел тарихының беттерінде алтын әріппен жазылатын есімдер. Олардың ерлігі – бейбіт өміріміздің іргетасы, Тәуелсіз Қазақстанның рухани байлығы. Ерлік ұмытылмайды, батыр есімдері мәңгі ел жадында сақталады.
Сәрби Әйтенова




