Кешегі сұрапыл соғыс ел қорғаудың асыл парыз екенін ұғындырып, шапқыншылықтың ауыр қасіретін болдырмауды тарихқа таңбалады. Осы дауылды жылдарда қазақ перзенттері де жанын шүберекке түйіп жүріп, туған жердің бір түйір топырағын басқыншыларға таптатпауға үлес қосты. Есесіне береке мен бірлікті, ынтымақ пен ерлікті ту етіп, елінің, жерінің амандығын, ұрпақ болашағын ойлап күресті. Соның бірі ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Құрмантай Бақбергенов ақсақал еді.
– Әкелеріміз қатысқан соғыста қаншама адамның өмірі қиылды, қаншасы хабар-ошарсыз кетті. Қанша ару жарынан, сәби әкеден, ана баласынан айырылды. Әрине, бірнеше адамның қолымен жасалатын қасірет мыңдаған, миллиондаған бейбіт халықтың өмірін ойрандады. Әкем соғыстан аман-есен оралды. Бірақ, ағасы Жаппарбергеннен қазірге дейін хабар жоқ, тағы бір ағасы Мәулімберген Брест қамалындағы шайқаста қайтыс болды. Сүйегі сол жерге жерленген. Әкеміз соғыстан аман-есен оралып, ұрпақ өсіріп, қажырлы еңбегін елдің өркендеу жолына арнап, қазақ елінің тәуелсіздігін көріп, мәңгілік мекенге аттанды. Ал біздің алдымызда әкемнің ұлылығын ұлықтайтын, есімін тарихқа таңбалайтын міндет тұр, – дейді соғыс ардагері Құрмантай Иманғалиұлының қызы зейнеткер Қымбат Бақбергенова.
Әрине, бүгініміз тәуелсіздікпен етене байланысты. Дегенмен тәуелсіздікке жетудің ең негізгі сыры – от кешкен жылдарда Отанын қорғай білген, бейбіт күндерде халқының қам-қайғысыз тірлік етуі үшін жанталасып, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен азаматтардың қажыр-қайратының арқасы. Сондықтан оларға құрмет көрсету, еңбегін бағалау, ұрпақ жадында қалатындай игілікті істер істеу бізге аманат. Осы тұрғыдан келгенде Құрмантай Иманғалиұлының да ел мен жер, болашақ ұрпақтың қам-қарекеті үшін істеген ізгіліктері еленіп, есте қаларлықтай игілік жасалғаны жөн.
Құрмантай Бақбергенов 1925 жылы Абай облысы, Шұбартау ауылында дүниеге келді. Елін, жерін жаудың тепкісінен азат ету мақсатымен 1942 жылы Алматы қалалық әскери комиссариатының жолдамасымен соғысқа аттанды. Сол бір от кешкен жылдары Кутузов атындағы 98-ші десанттық армиясы 19-шы бригадасының құрамында Ленинградты қорғау, Оленец аймағын азат ету шайқасына қатысты. 1944 жылы Польша, Чехословакия, Венгрия, Австрия мемлекеттерін азат етуге үлес қосты. Соғыстағы ерлігі үшін ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ, І дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Венаны алғаны үшін» медальдары, Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордені және көптеген мерекелік медальмен марапатталды.
Соғыс біткен соң 1950-1958 жылдары Қапал аудандық мектеп-интернатта директор болды. Сол жылдары Құрманғазы атындағы Алматы Ұлттық консерваториясын бітірді. Ал 1958 жылы Абай облысының Аягөз ауданына қарасты Таскескен ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте ән-күй, география, тарих пәндерінен сабақ беріп, өскелең ұрпақтың елжандылығын шыңдады. Зайыбы Ұлжан апамызбен ынтымағы ұйыған отбасын құрып, 42 жыл бірге өмір сүріп, 6 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 18 немере, 22 шөбере, 6 шөпшек өсірген мәуелі әулетке айналды.
Зейнетке шыққаннан кейін Алматы қаласына көшіп барып, кейін 2010 жылы алғашқы еңбек жолын бастаған Талдықорған өңіріне қайта қоныстанды. Ал 2014 жылы сол тұстағы облыс әкімдерінің қолдауымен Талдықорған қаласы, «Болашақ» шағынауданы 29-үйден 1 бөлмелі пәтер берілді. 2021 жылы осы үйде фәниге аттанып, Талдықорған топырағын мәңгілік мекен етті.
Жоғарыда баяндағанымыз Құрмантай атамыздың өмір көшірмесінің қадау-қадау тұстары ғана. Атамыздың ең басты ұлылығы, біріншіден, сұрапыл шайқаста кеудесін оққа тосып елін қорғаса, соғыстан кейін күйреген шаруашылықты қалпына келтіру, ел экономикасын өркендету, ұлт құндылығын ұлықтауға жан-тәнімен кірісті. Сол еңбектері баспасөздерде жарық көріп, оқырмандар тарапынан қолдау тауып отырды. Сол қатарда атамыздың өмір жолы өрнектелген «Правда» газетіндегі «Десантник», «Семей таңы» газетінде жазылған «Мен әлі қатардамын!», «Фашисті жеңген көкелер», «Jetisý» газетіндегі «Отан үшін отқа түсіп, қан кешкен», «Огни Алатау» газетіндегі «Мир сильнее войны», «Халық кеңесі» газетіндегі «Ажал аузынан» қатарлы бірнеше жарияланымды (суретте) айта кетсек болады.
Бүгін атамыз жайлы жазылған көптеген баспа материалы мен соғыста жүргендегі және бейбіт күндегі өмірін өрнектейтін фото естеліктерді, тұтынған заттары мен қолданған бұйымдарды, түрлі марапат куәліктерді қызы Қымбат Бақбергенова сақтап келеді. Қымбат апамыздың қолындағы атамыздың жеке архивін ақтарып отырып, санамыз сан-саққа жүгірді. Жәдігерлер бір адамның емес, бір ұлттың бірғасырлық өмір көшірмесінің өрлігі мен ерлігін, болмысы мен бітімін көргендей болдық. Демек, Құрмантай атамыздан қалған мұра кішігірім музей қорын құрауға жетерлік. Әрине, ең басты айтайын дегеніміз бұл дүниелер емес.
– Әкем өмірінің соңғы жылдарын осы үйде, «Болашақ» шағынауданы 29-үйде өткізді. Жас кезінде соғыстың өтін көргенмен кейінгі өмірі ұстаздықпен жалғасқандықтан өте мейірімді, көпшіл адам еді. Осы үйдің тұрғындарымен тонның ішкі бауындай сыйласып кетті. Бүгінде көршілеріміз атамыз жайлы жақсы естеліктер айтып, үнемі жылы пікірлерімен бөлісіп тұрады, – дейді ардагердің қызы.
Расында «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген нақыл сөз бар. Қымбат Бақбергенова биылғы Жеңістің 80 жылдығына орай атамыздың көршілерінің тілегін ескере отырып, өзі тұрған үйге Құрмантай Бақбергеновтың тұрғанын анықтайтын тақтайшаны орнату бастамасын көтеріп, құзырлы орындарға құжаттарын тапсырыпты. Бұл іс алдағы уақытта шешіліп қалар деген үміттеміз. Тіпті, атамыздың соғыстағы ерлігі мен бейбіт күндегі қосқан үлесі үшін Талдықорған қаласындағы көшелердің біріне Құрмантай Бақбергеновтың атын берсе де артық етпейді деп ойлаймыз.
Әрине, айту бізден, атқару сіздерден, ағайын!
Қажет АНДАС





