Канададағы Квебек қаласында 2026 жылғы Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament жарысы аяқталды. Қазақстандық Astana Team командасы 2013 жылы туған ойыншылар арасындағы турнирдің күш жағынан екінші дивизионы – AA Elites санатында жеңімпаз атанды.
Қазақстандық команданың құрамына «Торпедо», «Астана», «Юность» клубтарының ойыншылары, сондай-ақ Алматының «Тайгерс» клубынан және «Михайлов академиясы» командасынан бір-бір хоккейші кірді. Өткен жылы еліміздің командасы осы жас санатында және осы дивизионда күміс жүлдеге ие болған еді. Топтық кезеңдегі барлық матчтарда жеңіске жеткен қазақстандық команда плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Алдымен алаң иелері – Quebec Nordiques командасын 3:1 есебімен жеңді. Кейін жартылай финалда Quebec Remparts ұжымын 2:1 есебімен ұтты. Ал финалда Noir d’Or des Montagnes командасын 4:3 Б есебімен жеңіп, турнир чемпионы атанды. Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament – жыл сайын Канадада өтетін 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы халықаралық хоккей турнирі. Жарыс төрт дивизионға бөлінеді: BB, AA, AA Elites және ең жоғарғысы – AAA. Сонымен қатар қыздар дивизионы да бар. Astana Team екінші күшті дивизионда жеңіске жетіп, келесі жылы жоғары – AAA дивизионына көтерілуі мүмкін. Бұл шешімді турнирдің ұйымдастыру комитеті қабылдайды. Команда турнирге екінші жыл қатысып отыр. Олар 2024 жылы Францияда өткен іріктеу турнирінде жеңіске жетіп, алғаш рет AA Elites дивизионына жолдама алған болатын.





