Атом энергетикасы – тек электр өндіру емес. Ол энергетикалық қауіпсіздік, ғылым мен технология, жаңа өндіріс, кадр даярлау мен халықаралық әріптестікті қамтитын ұзақмерзімді бағыт.
Осы саланы дамытуға жауапты Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетовпен атом саласының қазіргі жағдайы, алғашқы АЭС жобасы, технологиялық даму мен халықаралық ынтымақтастық жөнінде әңгімелескен едік.
– Әсет Кеңесбекұлы елімізде Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрудың негізгі мақсаты қандай?
– Агенттіктің құрылуы атом саласын мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңін бастады. Президентке тікелей бағынышты Агенттік атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саясатын іске асырады, уран өнеркәсібін, ядролық отын циклі мен ядролық ғылымды дамытуға, атом энергетикасын үйлестіруге жауап береді. Басты қағидат – қауіпсіздік. Радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған ядролық отынды басқару, ядролық материалдарды есепке алу, халықаралық міндеттемелерді орындау мен мемлекеттік реттеуді жетілдіру де осы міндеттер қатарына жатады.
Атом саласының ұзақмерзімді басымдықтары 2050 жылға дейінгі Стратегияда айқындалған. Құжат атом энергетикасымен бірге ядролық ғылымды, өндірісті, жаңа технологияларды, кадр даярлауды, қауіпсіздік пен халықаралық ынтымақтастықты қамтиды.
– Елімізге атом электр стансасы неге қажет?
– Электр энергиясына сұраныс өсіп келеді. Энергетикалық инфрақұрылымның бір бөлігі ескірді. Сондықтан жаңа әрі тұрақты генерация көздері қажет. Атом энергетикасы ауа райына тәуелсіз базалық электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өнеркәсіп, көлік, инфрақұрылым, цифрландыру мен жаңа өндірістерге сенімді энергетикалық негіз қалыптастырады.
Еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Осы тұрғыдан атом энергетикасы – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. АЭС-ті тек электр өндіретін нысан ретінде қарауға болмайды. Оның айналасында инженерлік құзырет, жаңа өндіріс, ғылыми зерттеу, кадр даярлау мен технологиялық кооперация қалыптасуға тиіс.
– Алғашқы АЭС жобасын іске асыруда қандай жұмыстар атқарылды?
– Үкімет қаулысымен Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Балқаш көлі маңындағы аумақ алғашқы АЭС-ті орналастыру ауданы ретінде белгіленді. Белгіленген аумақта инженерлік-іздестіру мен алаңды таңдау жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан мен Ресей арасында алғашқы АЭС құрылысы бойынша үкіметаралық келісімдерге қол қойылып, жобаның негізгі қағидаттары айқындалды. Жобаны іске асыратын халықаралық консорциумға «Росатом» жетекшілік етеді. АЭС III+ буынды екі VVER-1200 энергоблогынан тұрып, жалпы қуаты 2 400 МВт болады. Қазір негізгі міндет – қабылданған шешімдерді іске асыру. Ол үшін үйлестіру тетіктерін қалыптастыру, келісімшарттық, қаржылық мәселелерді пысықтау, қажетті инфрақұрылымды уақтылы дайындау қажет.
– АЭС құрылысы еліміздің технологиялық және адам капиталына қалай әсер етеді?
– Мұндай ірі жоба көптеген салаға жаңа сұраныс қалыптастырады. Құрылыс, машина жасау, энергетикалық жабдық, автоматтандыру, цифрлық технология, материалтану бағыттарында жаңа құзыреттер қажет болады. Отандық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту, өндірісті оқшаулау мен технология трансферін қамтамасыз ету арқылы инженерлік, өндірістік әлеуетті арттыруға болады.
Атом энергетикасына инженер, физик, энергетик, технолог, цифрлық технология маманы, құрылысшы, радиациялық және ядролық қауіпсіздік сарапшысы қажет. Сондықтан атом саласын дамыту – ең алдымен адам капиталын дамыту. Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты мен жоғары оқу орындарының бұл үдерістегі рөлі арта түседі. Болашақта еліміз дайын технологияны пайдаланушы ғана емес, өзінің ғылыми және инженерлік құзыретін қалыптастыратын ел болуы маңызды.
– Халықаралық әріптестіктің маңызы қандай?
– Атом энергетикасын қауіпсіз әрі тиімді дамыту халықаралық тәжірибеге сүйенуді талап етеді. Осы бағытта Ресей, Қытай, АҚШ, Корея, Финляндия мен Жапония секілді атом саласындағы елдердің мемлекеттік органдарымен, компанияларымен, ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық жолға қойылған.
Бұл байланыстар азаматтық атом энергетикасын, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті, ғылыми зерттеулерді, технологияны әрі кадр даярлауды қамтиды. Біздің ұстаным – халықаралық әріптестікті технология немесе жабдық алумен шектемеу. Бірлескен зерттеу, тәжірибе алмасу, маман даярлау мен ұлттық құзырет қалыптастыру маңызды.
АЭХА-мен ынтымақтастықтың да орны ерекше. Қазір агенттікпен 6 ұлттық, 40 өңірлік және 7 өңіраралық техникалық ынтымақтастық жобасы іске асырылып жатыр. Маман даярлау мен біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысуда. Халықаралық бақылау да жалғасып келеді. Былтыр еліміздің атом саласы нысандарында АЭХА-ның 19 инспекциясы өткізілді. Қорытындысында бұзушылықтар анықталған жоқ.
– Атом энергетикасының қауіпсіздігіне қатысты қоғам алаңдайтын мәселелерге көзқарасыңыз қандай?
– Ядролық және радиациялық қауіпсіздік – жұмысымыздың абсолютті басымдығы. Фукусима-Дайити апаты секілді оқиғалар қауіпсіздік талаптарын үнемі жетілдірудің маңызын көрсетті. Қауіпсіздік тек технологиямен шектелмейді. Ол тиімді мемлекеттік реттеуді, тәуелсіз бақылауды, білікті персоналды, қауіпсіздік мәдениетін, төтенше жағдайға дайындықты әрі халықаралық ынтымақтастықты қажет етеді.
Бейбіт атомның мүмкіндігі электр энергетикасымен ғана шектелмейді. Ядролық және радиациялық технологиялар медицинада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, ғылыми зерттеулерде қолданылады. Радиоизотоптар мен радиофармпрепараттарды, материалтану мен радиациялық технологияларды дамыту жаңа ғылыми әрі өндірістік мүмкіндіктерге жол ашады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ
«Egemen Qazaqstan»





