Апта ортасында Тіл сарайында «Ауыл» партиясы басшылығының облыстық филиал активімен кездесуі өтті.
Шараға партияның саяси кеңес мүшелері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аумақтық филиалдардың төрағалары, сондай-ақ, жастар қанатының өкілдері қатысты. Жиында осы уақытқа дейін облыстық филиалды басқарған Айбек Ысқақов өз өтініші бойынша қызметінен босатылды. «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары, Орталық аппарат басшысы Ғалымжан Құсманғали оған аймақтағы партиялық құрылысты дамытуға қосқан елеулі үлесі мен жемісті қызметі үшін алғыс білдіріп, партия төрағасының атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Мұнан соң партия Жарғысына және саяси кеңес Президиумының 2026 жылғы 4 наурыздағы шешіміне сәйкес жаңа төраға болып Асхат Бәзілов сайланды.
Жиында Ғалымжан Құсманғали «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы аясында партия мүшелері жүргізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы айтты. Оның сөзінше, олар конституциялық өзгерістердің мәнін халыққа жеткізу, жаңа Конституцияның негізгі ережелерін әрбір тұрғынға, әсіресе ауылдық жерлерде түсіндіру ісінде ерекше жауапкершілік алған. Ол саяси ұйымның қазіргі міндеттеріне тоқталып, жергілікті жерлерде сайлаушылармен тікелей байланысты нығайтудың және негізгі бағдарламалық мақсаттарды жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаты Айбек Ысқақов, партия ардагері және Алматы облыстық филиалының төрағасы Қанат Бекиев, сондай-ақ, Жетісу облыстық филиалының төрағасы Асхат Бәзілов өңірдің дамуы мен партиялық жұмысты жетілдіру жөніндегі өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Мұнан соң «Ауыл» партиясының құрылғанына 25 жыл толуына орай партияның дамуына және оның идеяларын насихаттауға үлес қосқан белсенділерге мерейтойлық медальдар табыстау рәсімі өтті.
Кездесу «сұрақ-жауап» форматында аяқталды. Белсенділер мен жастар Жетісу облысындағы филиал жұмысының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарын айтып, жаңа әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.
Дастанбек САДЫҚ





