Көмбеден көтерілген қалың шаң, тұлпардың дүбірі, делебені қоздырған дүбірлі думан – Жетісу төрінде тағы бір мәрте ұлттық рухтың айбынын асқақтатты. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған облыс әкімінің кубогы үшін республикалық бәйге турнирі қалың жұрттың ықыласын өзіне аударып, сайын даланың саңлақ өнерін қайта тірілткендей күй кештірді.
Көк майса белдеуде мәреге қарай көсілген сәйгүліктердің шабысы, атбегілердің дегбірсіз толқынысы – қазақтың қанына сіңген бекзат өнердің өшпегенін аңғартты. Елдің әр қиырынан келген жүзден астам шабандоз бен жүйрік ат дүбірлі додада бақ сынады.
Дәстүрлі дода құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге секілді үш бағыт бойынша өтті. Әр қашықтықта қамшы салдырмай қара үзген сәйгүліктерге арнайы кубоктар, қаржылай жүлделер мен дипломдар тапсырылды.
Атап айтар болсақ, құнан бәйгеде мәреге алдымен «Бақ» жетті. Алматы облысы Жамбыл ауданының Шиелі ауылынан келген тұлпар қарсыластарынан оқ бойы озық келіп, 1 миллион теңгелік бас бәйгені иеленді.
Тұрар Рысқұлов ауданынан келген «Аққыз» екінші тұғырға көтерілсе, Павлодар өңірінің «Аманаты» үшінші орынға тұрақтады. Кербұлақтағы Малайсары ауылынан келген «Жүректоры» мен Жаркенттің «Лашыны» жүлделі бестікті түйіндеді.
Топ бәйгеде Павлодар топырағынан келген «Майданқара» мәре сызығын бірінші кесіп, 2 миллион теңгенің олжасын қанжығасына байлады. Жетісудың намысын қорғаған «Күреңқыз» екінші орыннан көрінсе, Ескелді ауданынан қосылған «Абду» үшінші сатыға жайғасты. Ұзынағаштың «Раидасы» мен Үшаралдың «Тұрпаны» да тұлпар танылған жүйріктер қатарынан табылды.
Көптің күткені – аламан бәйге. Нағыз атбегінің бабы мен сәйгүліктің қуаты сыналар ұлы додада мәреге Алакөл ауданының «Ұлары» бірінші жетіп, 5 миллион теңгелік бас жүлдені иемденді. Балқаш ауданының «Максимусы» екінші орын алса, Қордай даласының «Аврорасы» үшінші тұғырдан көрінді. Көксу ауданының «Темірланы» мен «Миллионы», Қараталдың «Мейданы», Шеңгелдінің «Ақтаналы» да аламаннан олжалы оралды.
Бәйге біткен соң ипподром маңын ерекше күй биледі. Атбегілердің қуанышы, жанкүйерлердің шаттығы, тұлпарлардың тері мен топырақ иісі араласқан қазақы болмыс – бәрі де ұлттық рухтың тірі бейнесіндей әсер қалдырды.
Жетісу жерінде өткен бұл дүбірлі дода Жеңіс күнінің мерейін үстем етіп қана қойған жоқ, баһадүр бабалардың сарқыты болған ат мәдениетінің әлі де ел жүрегінен өшпегенін байқатты.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Талдықорған қаласы





