Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның қатысуымен жергілікті атқарушы органдармен және білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметтің жұмыс барысын зерттеу қорытындысы бойынша жиын өтті. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жүргізді.
Жиынға облыстық білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, полиция департаменті мен прокуратураның басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жетекшілері, сондай-ақ «Жанұя» отбасын қолдау және психологиялық қолдау орталықтарының мамандары қатысты.
Кездесуде бала құқықтарын қорғау, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың профилактикасы және психологиялық қызмет сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Облыста бұл бағытта бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Психологиялық қолдау орталығы «Бала құқықтарын қорғау, әдістемелік психологиялық қолдау орталығы» болып қайта құрылып, штат саны 42-ден 73 бірлікке дейін ұлғайтылды. Әлеуметтік осал топтағы 27 605 және тәуекел тобындағы 7 400 оқушы бойынша деректер базасы жасақталған. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы қауіптің алдын алу мақсатында психикалық денсаулық және психологиялық қолдау орталықтары арасында меморандум мен өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілген.
Әрбір мектепте антикризистік жоспарлар әзірленіп, оқушылармен жеке және топтық кеңестер, педагогтермен интервизиялық жұмыстар жүргізілуде. «Қауіпсіз мектеп. Қауіпсіз орта», KiVa, «ДОСБОЛLIKE», «Отбасы мектебі» жобалары аясында 3 050 іс-шара ұйымдастырылған. Барлық мектепке электрондық «Психолог кабинеті» платформасы енгізіліп, педагог-психологтерге арналған біліктілікті арттыру семинарлары өткізілуде.
Сапар барысында Динара Болатқызы бірқатар білім беру мекемелерін аралап, оқушылармен және мамандармен кездесіп, балалардың ішкі жан дүниесін анықтау бағытында әдістемелік жұмыстар жүргізді.
Жиын барысында Диас Рахметұлы психологтердің жұмысын жүйелі түрде жетілдіру, әдістемелік қолдауды күшейту қажеттігін баса айтты. Жауапты мемлекеттік органдарға алдын алу шаралары бойынша нақты жоспар әзірлеу тапсырылды. Апта сайын психологтерге қосымша оқыту сабақтарын өткізу, электрондық жүйелерді тиімді пайдалану, аудандық кураторлардың мектептерге барып, өзекті мәселелерді зерделеуі міндеттелді.
Сондай-ақ сүйемелдеудің тізімінде тұрған балаларға көрсетілетін көмекті нақтылау, психологиялық орталықтың апта сайын талдау жүргізуі және оқушыларға сенім телефондары мен тиісті қызметтердің байланыс нөмірлерін қолжетімді ету қажеттігі атап өтілді.
Кездесу қорытындысында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық жауапты органдардың ортақ міндеті екені айтылып, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, мектеп психологтерінің жұмыс тиімділігін арттыру және әр баланың психологиялық әл-ауқатын тұрақты бақылауда ұстау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Гүлжан ТҰРСЫН





