Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Bestnews.kz ақпарат агенттігінің редакциясына берген эксклюзивті сұхбатында XXV қысқы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан құрамасының алғашқы нәтижелеріне баға берді, — деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Вице-министрдің айтуынша, жарыстың бірқатар кезеңдері артта қалды және ұлттық құрама спортшылары өз мүмкіндіктерін көрсетіп үлгерді.
Атап айтқанда, фристайл-могул бойынша жарыстар өтті, шорт-трекшілер алғашқы қашықтықтарын бағындырды. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша бесінші орынды иеленіп, әлемнің үздік бес мәнерлеп сырғанаушысының қатарына енді. Ертең спортшы еркін бағдарламада өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда ел намысын қорғайтын Софья Самоделкина әлі жарыс жолына шыққан жоқ.
Биылғы Олимпиада бағдарламасына алғаш рет параллель могул енгізілді. Бұл дисциплинада Қазақстан құрамасының көшбасшысы, әлем чемпионы Анастасия Городко бақ сынайды. Вице-министр спортшыға сәттілік тілеп, жоғары нәтиже күтетінін жеткізді.
Сондай-ақ, жанкүйерлер Денис Никишаның шорт-тректегі өзінің негізгі қашықтығы — 500 метрде өнер көрсетуін асыға күтуде. Үміт конькимен жүгірушілерге де артылып отыр. Олар Олимпиада ойындарының соңғы кезеңінде 1500 метр қашықтықта сынға түседі.
Серік Жарасбаев ұлттық құраманың әрбір мүшесіне қолдау білдіріп, жанкүйерлерді спортшыларға сеніп, қолдауға шақырды.





