Қатерлі дерттің атын естіген сәтте адамның жандүниесі аласапыран күйге түсетіні анық. Үрей мен үміт арпалысқан сол бір шақта дәрігердің кәсіби білігі ғана емес, жылы сөзі мен мейірімі де шипа болатынын бастан өткерген жан жақсы түсінеді. Осындай сын сағатта жаныма тірек болып, сенім сыйлаған Талдықорған қаласындағы облыстық көпсалалы клиниканың ақ халатты абзал жандарына шынайы алғысымды білдіруді парыз санаймын.
Онколог, маммолог, хирург Мақсат Айтқұлов – өз ісіне адал, білім мен білікті ұштастыра білген дәрігер. Қабылдауына алғаш кірген сәттен-ақ оның сабырлы болмысы мен сенімді дауысы көңілге медеу болды. Әр тексерудің мәнін түсіндіріп, емдеу жолдарын нақты әрі ұғынықты жеткізуі – науқасқа деген құрметтің белгісі. Ол тек операция жасайтын хирург қана емес, жан жарасын да жазуға тырысатын психолог іспетті. Осындай кәсіби әрі адамгершілігі биік дәрігерге айтар алғысым шексіз.
Клиниканың сәулелік терапия бөлімшесінің меңгерушісі, онколог Олжас Сабырұлы – сабыр мен жауапкершіліктің символындай жан. Сәулелік ем – үлкен дәлдік пен тиянақтылықты қажет ететін күрделі үдеріс. Әр науқастың жағдайын жіті бақылап, емнің әр кезеңін мұқият қадағалайтын дәрігердің еңбегі зор құрметке лайық. Күдікті сейілтіп, үмітті қайта жандыра білетін қасиеті талай жанға рухани тірек болып келеді.
Онколог-хирург Бахтияр Құсайынов та науқастар сеніміне ие болған білікті маман. Оның сабырлы мінезі, байыпты сөзі мен шынайы жанашырлығы көңілге сенім ұялатады. Әр ота – үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілікті жүрекпен сезініп, кәсіби шеберлікпен атқарып жүрген дәрігердің еңбегі өлшеусіз.
Дәрігер – тек мамандық иесі емес, үміт пен сенімнің шамшырағы. Адам өміріне араша түсіп, жандүниеге медеу бола білетін осындай жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Талдықорған қаласындағы облыстық көпсалалы клиниканың ұжымы шынайы жанашырлық пен кәсібиліктің үлгісі.
Ақ халатты абзал жандардың мерейі үстем болып, халықтың алғысына бөлене берсін!
Гүлзура Мейірманова
Талдықорған қаласы





