Бұл күнде Кеңдала ауылдық дәрігерлік амбулаториясына 13 мың тұрғын тіркелген. Медициналық мекеменің іргетасы 1993 жылы қаланып, ел игілігіне берілген. Содан бері екі рет күрделі жөндеу жұмыстары жасалған ғимараттың соңғы он жылда әбден тозығы жеткенін ауыл тұрғындары жоққа шығармайды. Талғар аудандық орталық ауруханасын сенімгерлік басқаруға алған «A-Class Mediсal» ЖШС былтырғы жылдың қараша айынан бастап аудан көлеміндегі 29 ауылдық дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункттерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастап кеткен. Содан бергі қысқа мерзім аралығында тозығы жеткен медициналық ғимараттарды түгелге дерлік қайта жөндеуден өткізіп, кабинеттерді керекті медициналық құрылғылармен толықтай қамтамасыз ету жұмыстарын қарқынды жүргізгеннің нәтижесінде жыл басынан бері 16 мекеме қайта іске қосылды. Солардың бірі Мәдина Әскерқызы басшылық жасайтын Кеңдала ауылдық амбулаториясы.
– Небәрі үш жарым айдың ішінде айнадай болған амбулатория ғимараты өте жарық әрі жылылығымен ерекшеленеді. Ыстық, суық су мен кәріз жүйелері жасалды. Бұрын ыстық су болмаған. Қазір іште мүгедек жандарға, жалпы емделуге келген адамдарға арналған дәретхана іске қосылды. Жарықтандыру да көңіл қуантарлық. Интернет жүйесі жақсы жұмыс істеп тұр. Осындай мүмкіндіктердің арқасында еш кедергісіз жұмыс істейтін боламыз, – дейді ЖТД мейірбикесі Аршынкүл Ахметова.
Амбулатория ғимараты жаңартылумен қатар қажетті құрал-жабдық, жиһаздармен қамтамасыз етілген. Мұндағы 4 жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен 28 орта буын мейірбикелер қатары ендігі жерде невропатолог, хирург, отоларинголог және стоматолог дәрігерлермен толыға түспек. Қабылдаулары тегін. Олардың барлығына арнайы кабинеттер жасақталған. Бұдан кейін науқастар бұл дәрігерлерге бола аудан орталығына сабылмайды. Сондай-ақ, дені сау балаларға арналған кабинеттен жас аналар үшін жүктілік кезіндегі күтімдер мен босанғаннан кейінгі бала емізуді үйренуге арналған әдістемелік құралдардың да түр-түрін табуға болады.
Бес төсектік күндізгі стационары бар амбулаторияда жас мамандар жұмыс істейді. Атап айтсақ, Ильяр Абдужалилов, Құрманжан Оралбековтердің есімдерін ел тани бастаған.
– Жөндеудегі 29 амбулаторияның ішінде 16-шы боп ашылып жатқан осы нысанда еңбек ететін дәрігерлер мен мейірбикелердің жұмысына сәттілік тілеймін. Амбулатория есігін ашқан үлкен-кішіні жылы жүзбен қарсы алсаңыздар соның өзі үлкен ем. Одан әрі тағайындалған дәрі-дәрмектің көмегімен тез сауығып кетуіне жағдай жасайтын боласыздар. Ауыл тұрғындары алдағы уақытта бұл амбулаторияға тек профилактикалық ем алуға ғана келуіне тілектеспіз. Ауырмай, ұзақ жасаңыздар!, – деді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Хасен Дәсібеков.
Жөндеуден өткен медициналық мекеменің салтанатты ашылуына арнайы келген ауыл ақсақалдары Бексұлтан Көлбаев, Жұмағали Кебекбаев, Мария Ордабайқызы, Найля Бейсембайқызы мен осында ширек ғасыр мейірбике болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Гүлжәмилә Достаева, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Күләйхан Ақбұйымовалар ақ баталарын беріп, тұрғындар тарапынан ризашылықтарын білдірді.
Әйтсе де іші айнадай жарқыраған амбулаторияның сыртқы келбетін көзім шалғанда көңіл құлазығанын жасырғым жоқ. «Бұл қалай?» деген сауалымызға «A-Class Mediсal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысынан «сыртқы жөндеу жұмыстары екінші маусымға жоспарланған» деген жауабын алдық. Демек, алдағы уақытта да жөндеу жұмыстары жалғасатын болады.
Кеңдала ауылы,
Талғар ауданы





