Аманжол Саматұлының бала күнгі арманы – дәрігер болу. Асқар таудай әкесі берген бағыт-бағдармен әскери салаға бет бұрып, арманына қол жеткізген азамат бүгінгі таңда әскери саладағы медицинаны ұйымдастыру қызметін мінсіз атқарып келеді. Әрбір әскери қызметшінің денсаулығына жауап беретін жас болса да бас болған әскери қызметкердің қарамағында 3 арнайы білімді фельдшер, дәріхана бастығы және санитар, жүргізуші қызмет етеді. Олар бейбіт уақытта әскерилерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, алғыс арқалап жүрген білікті мамандар.
– Әскери дәрігер болу – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Науқастардың өмірі мен денсаулығы үшін дәрігердің этикалық қағидаларына ғана емес, әскери антқа да адал болуға барымды саламын. Дәрігер ретінде алдыма келген әскери қызметшіге бірінші дәрі емес, жылы сөз арнауға, көңіл бөлуге тырысамын. Себебі, кей жағдайда сөздің құдіреті дәріден де қымбат болады. Жұмысқа орналасқан сәтте әскери сарбаз 2 метр биіктіктен құлап, білек сүйегін сындырап алады. Дәрігерлерге берілген «алтын уақыт» ішінде бірінші медициналық көмек көрсетіп, науқасты әскери госпитальге жеткіздік. Бұл алғашқы тәжірибем боп мәңгі есте қалды. Адам ең бастысы өзіне сену керек. Жүректе иман, бойда рух, адамгершілік қасиет болса, бәрін жеңуге болады, – дейді Аманжол Саматұлы.
Антына адал азамат әр күні мен атқаратын ісін жоспарлап, жазуды әдетке айналдырған. Қолы қалт етсе тұмса табиғаттың сұлулығын бейнетаспаға түсірумен айналысады. Саламатты өмір салтын ұстанатын ол жігерлендіретін кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Әсіресе, Қайрат Жолдыбай-ұлының «Кемел адамы» оған көп ой салған. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қаһарман Бауыржан Момышұлының рухты сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған ақ халатты абзал жан көпке үлгі-өнеге болуға әбден лайықты.
Еңлік КЕНЕБАЙ





