Кейде адамдардың басым айналып, көзім қарауытып, жүрсем ентігіп кетемін деген сөздерін жиі естиміз. Бұл – қанның аздығынан болуы мүмкін.
Күйзеліс, көз көруінің нашарлауы, шаршағыштық та қанның аздығының белгілеріне жатады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін құрамында темірі бар тағамдарды көбірек пайдалануды ұсынамыз. Жалпы ағзада 2,5–4,5 грамм темір қоры болады. Сондықтан адам ағзасындағы темір қорын толтырып отыру қажет.
– Әйелдер ер адамдарға қарағанда темірді көбірек қажет етеді. Орта есеппен әйел адам күн сайын 15 мг. темір қорын алуы қажет. Ал жүктілік және бала емізу кезінде 20 мг-ға дейін темір қорын алуы керек. Созылмалы темір жеткіліксіздігі салдарынан оттегін тасымалдайтын гемоглобин азаяды. Содан барып, қаназдық кеселі дамиды. Темір жаңғақта, қарақұмық, шпинат, мейіз, бауыр, томат, асқабақ дәні, қара шоколад, қызыл ет, балық, құс еті және картоп құрамында болады, – дейді дәрігер-терапевт Балжан Ақылбекова. Сонымен бірге темір жұмыртқа, сүт өнімдері, балық, скумбрия, асшаян, сыр және қой етінің құрамында кездеседі.
Ағзада В12 дәрумені жетпесе анемия қалыптасады. Фолий қышқылы жеткіліксіздігі де қаназдыққа апарып соғады. Фолий – В9 дәрумені арқылы түзіледі. Фолий қышқылы әйел адамды жүктілік кезінде түсік тастаудан қорғайды. Жалпы иммунитетке де әсері өте зор. Фолий қышқылы жасыл жапырақты көкөніс, цитрус өнімдері, бауыр, сәбіз, бұршақ, жасымық, қауын, жаңғақта болады.
Темір жеткіліксіздігіне – тері жабындысының құрғауы, шаш және тырнақтың сынғыштығы, шаштың түсуі, ангулярлы стоматит, дәм сезу бұзылысы, бор жеуге әуестік, керосин, бензин иісіне құмарлық және бұлшықет ауырсынуы, жұтыну бұзылысы мен тәбет төмендеуі жатады. Сондай-ақ, В12 дәрумені жеткіліксіздігінен дамитын қаназдықтың неврологиялық синдромына тітіркенгіштік, мазасыздық, ұйқы бұзылысы жатады.
Сондықтан да оқырман қауымға айтарымыз, қаназдық ауруына бей-жай қарамай, дұрыс тамақтанып, адам ағзасына пайдалы, құрамында дәрумендері бар тағамдарды қолдануға кеңес береміз. Адам ағзасының қалыпты жағдайын сақтап тұру үшін салауатты өмір салтын ұстанып, көкөністер мен жеміс-жидектерді көбірек пайдаланып, деніміздің сау болуына назар аударайық.
Дайындаған Гүлжазира Нұрпейсова, Бақыт Сағымбекова.
Фото: aif.ru





