2021 жылға арналған бюджет жоспарына сәйкес облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге 149,1 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көрсету пакеті (ТМККК) аясында – 93,3 млрд. теңге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті (МӘМС) шеңберінде – 55,8 млрд. теңге. Өткен жылмен салыстырғанда бюджет 25,6 пайызға ұлғайды.
2020 жылы бюджет 118,7 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде ТМККК – 88,5 млрд. теңге, МӘМС – 30,2 млрд. теңге. Негізгі өсім МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Облыс тұрғындары Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан кез келген медициналық мекемеде, оның қай жерде орналасқанына және қандай меншік нысаны екендігіне қарамастан, сапалы медициналық көмек алуға құқылы.
Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша Қордың филиалымен 81 медициналық мекеме шарт жасасты. Оның ішінде 35-і – жекеменшік медициналық ұйымдар. Жыл сайын жеке сектордың үлесі өсіп, нарықта елеулі бәсекелестік орын алуда. Бұл тұрғындарға ең жақсы клиниканы таңдауға мүмкіндік береді. Алматы облысы бойынша медициналық қызметтерді көрсететін мекемелер тізімі Қордың сайтында (Fms.kz) орналастырылған.
Қор тарапынан ЭКҰ-ға квоталарды ұлғайту бойынша «Аңсаған сәби» және ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалтуға «Қамқорлық» бағдарламасы іске асырылуда. Қор медициналық оңалтуды дамытуды, оның ішінде амбулаториялық деңгейде ынталандыруды жалғастыруда. Осы негізде 31 медициналық ұйым Алматы облысында оңалту көмегін көрсетеді. Жалпы бюджет 6,1 млрд. теңгені құрайды. Бұл қаражат 62790 оңалту жағдайына жоспарланған. Ал, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота көлемі 7 есеге ұлғайды. 2020 жылы 95 квота болса, биыл 738 квотаны құрады.
COVID-19 таралуының алдын алу мақсатында іс-шараларды қаржыландыруға 2021 жылдың І-ші тоқсанына қарастырылған бюджет сомасы – 8,94 млрд. теңге. Оның ішінде ТМККК аясында – 7,71 млрд. теңгені, МӘМС аясында – 1,23 млрд. теңгені құрайды.
Соның ішінде медициналық қызметкерлерді ынталандыруға – 3,37 млрд. теңге, стационарлық көмекке – 2,38 млрд. теңге, ПТР зерттеулеріне – 1,16 млрд. теңге, мобильді бригадалар жұмысына – 0,31 млрд.теңге.
Облыс тұрғындары арасында медициналық сақтандырумен қамтылған халықтың пайыздық үлесі – 77,2 пайыз. Бұл шамамен 1,6 млн. адам. Облыстың 460 мыңнан астам тұрғыны МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл халықтың осы бөлігінің, яғни сақтандырылмаған жағдайда, МӘМС пакетінің медициналық қызметтеріне қолжетімділігін шектеуі мүмкін. Алайда, олар әрқашан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы.
ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша қызметтерді толық көлемде алу үшін азаматтар сақтандыру мәртебесіне ие болуы керек.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы





