Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев тұмау мен ЖРВИ-дың айырмашылығы, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай, айналымдағы «гонконг тұмауы» штамы және аурудың алдын алу шаралары туралы сұхбат берді.
– Тұмау қандай ауру және несімен қауіпті?
– Тұмау – бұл тыныс алу жүйесінің өте жұқпалы вирустық ауруы, ол асқынуларымен қауіпті. Ауру – адамдарды жасына қарамастан зақымдайды. Эпидемиялық маусымда аурудың өсуі қараша айынан бастап байқалады, ал сырқаттанушылықтың жоғарылауы қаңтар мен ақпан айларына келеді.
Тұмау пневмония, бронхит, отит және жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйесінің зақымдануы сияқты ауыр асқынулардың дамуымен қауіпті. Бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін, әсіресе қауіпті топтағы адамдарда (балалар, қарттар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар). Вирустың өзі жасушаларды және дененің қорғаныс функцияларын бұзады, бактериялық инфекцияларға жол ашады.
– Вирус қалай беріледі?
– Тұмау – ауа тамшылары арқылы таралады, жұқтырған адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде құрамында вирус бар ұсақ тамшыларды ауаға шығарады. Сондай-ақ, вирус қол, бетті ұстау арқылы (көзге, мұрынға, ауызға) ағзаға тұрмыстық – байланыспен берілуі мүмкін.
Тұмаудың инкубациялық кезеңі әдетте 12 сағаттан 3 күнге дейін, орташа есеппен 1-2 күн. Бұл кезде адам клиникалық белгілері байқалмаса да жұқпалы болуы мүмкін. Тұмаудың белгілері инкубациялық кезең аяқталғаннан кейін тез дамиды.
– ЖРВИ мен тұмау бұл бір ауруға жатама?
– Жоқ, ЖРВИ мен тұмау бірдей емес, дегенмен тұмау ЖРВИ-ның бір түрі болып табылады.
ЖРВИ – бұл жүздеген түрлі вирустардан туындауы мүмкін жедел респираторлық вирустық инфекциялардың жалпы тобы, ал тұмау А және В тұмауының вирустарынан туындайды. Негізгі айырмашылықтар симптомдар мен ауру ағымының ауырлығында: тұмау әдетте кенеттен басталады, дене қызуы жоғарылап, бұлшықет пен бас ауру, интоксикация белгілері болады. ЖРВИ біртіндеп тамақтың жыбырлауы, мұрыннан су ағумен басталады.
– Облыстағы ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай қандай?
– ЖРВИ-ның қазіргі жағдайы жаңа эпидемия емес, қарапайым маусымдық вирус. Бүгінгі таңда ЖРВИ, тұмау бойынша Жетісу облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалануда, бірақ біз өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда халық арасында ЖРВИ жағдайларының болмашы өсуін байқап отырмыз. Облыс бойынша 2025-2026жж. эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-ның 30 мыңнан астам жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар науқастардың 65% — құрады. Өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 29,5% — ға өсуі байқалады.
– Облыста тұмаудың қандай штамдары айналымда бар және Гонконг тұмауы дегеніміз не?
Облыста Гонконг деп аталатын А тұмауы вирусының штаммы анықталуда. «Гонконг» вирусы жаңа вирус емес, ол 1968 жылы Гонконгта анықталғандықтан, осы атаумен айтылады. Бірақ қазір бұл бізде жыл сайын таралатын қарапайым вирус. Басында қандай тұмау дами бастайды, ол басым болады. Өткен жылы тұмаудың A (H1N1pdm09) типі басым болды, биыл A (H3N2). Бұл егде жастағыларда, 2 жасқа дейінгі балаларда және үшінші триместрдегі жүкті әйелдерде ауыр ағымда өтеді.
Қазіргі уақытта облыста жыл сайын күзгі – қысқы кезеңде айналымда болатын тұмау вирусының маусымдық түрі – А (H3N2) зертханалық расталды. Тұмаудың зертханалық расталған 136 жағдайы тіркелді (А тұмауы (H3N2)). ДДҰ мәліметтері бойынша алдағы эпидемиялық маусымда А (H3N2) тұмау вирусының белсенді болатыны, A (H1N1pdm09) және В тұмауы вирустары да айналымда болатыны болжанған. Олардың барлығы тұмауға қарсы вакцинаның құрамына кіреді, бұл аурудың ауыр түрлерінен қорғауды қамтамасыз етеді.
Тұмаудан басқа, облыста вирустардың басқа да түрлері айналымда бар. Зерттелген 30 үлгінің 14-і тұмауға жатпайтын вирустарға оң нәтиже берді, олардың арасында риновирус (9), парагрипп (3), бокавирус (1), короновирус (1) анықталды.
– ЖРВИ, тұмау ауруларының жаңа эпидемиологиялық маусымының басталуымен облыста қандай алдын алу шаралары жүргізілуде?
Күн сайын және апта сайын сырқаттанушылыққа мониторинг жүргізіледі; санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, денсаулық сақтау, білім басқармалары, ұлттық сараптама орталығымен бірлескен «Жетісу облысында тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және COVID-19 коронавирус инфекциясы бойынша 2025-2026 жылдардың эпидемиялық маусымында санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы» 2025ж. 12.09. облыс әкімінің орынбасарымен бекітілген, бірлескен жоспар шығарылып, іске асырылуда; білім беру және тәрбиелеу объектілерінде ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың көтерілуі кезеңінде: оқушылардың болмау себебін анықтай отырып, күнделікті «таңертеңгі сүзгі» жүргізіледі, бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныптағы оқушылардың ЖРВИ-мен ауыруы сыныптағы оқушылар санының 20%-дан 30%-на дейін тіркелген кезде кабинеттік оқыту тоқтатылады, егер сыныптағы ауырған оқушылар саны 30%-дан асса, оқушылар онлайн оқытуға көшеді. Жетісу облысында эпидемиялық маусым басталғаннан бері жалпы білім беру ұйымдарында оқушылардың ауру жағдайлары бір сыныпта 10% — дан аспайды.
Емханалардың жұмыс уақыты ұзартылған: таңғы 08.00–ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді; демалыс күндері: 09.00-18.00. Сүзгі және науқастарды сұрыптау жүргізіледі. Дәрігерді шақырған кезде медициналық көмек: 1 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, 60 жастан асқан тұрғындарға бірінші кезекте көрсетіледі.
– Қандай алдын алу шаралары қажет?
– Бүгінгі таңда тұмаудың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі — вакцинация. Жетісу облысында халықты тұмауға қарсы иммундау жұмыстары аяқталды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы вакцинациялауға 81201 адам жоспарланып, 100% иммундаумен қамтылды және облыс халқының жалпы санының 12%-дан астамын құрады. Жұмыс берушілер есебінен 150 адам егілді.
Естеріңізге сала кетейік, тұмау кенеттен басталып, ауыр ағыммен сипатталады, ал басқа вирустық инфекциялар біртіндеп дамиды.
Тұмаудың арнайы вакцинамен алдын — алудан басқа, аурудың жоғарылау кезеңінде дәрумендерді қабылдау, дұрыс тамақтану, жиі бөлмелерді желдету, ылғалды тазалау, жеке гигиенаны сақтау (жиі қолды сабынмен жуу) қажет екенін есте ұстаған жөн. Түшкіру, жөтелу кезінде мұрын мен ауызды орамалмен немесе майлықпен жабыңыз. Мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге және жаппай іс-шараларға бармаңыз және аурудың алғашқы белгілерінде балаларды үйде қалдырыңыз.
Жетісу облысы санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі





