Дәрігер– қастерлі мамандық. Бүгінде әлем жұртшылығы осынау маңызды мамандық иелерінің көмегіне мұқтаж. Себебі, экология, стресс, жұқпа, дүдәмал тағамдар, ғаламторға тәуелділік халықтың денсаулығына қатер төндіруде. Заманның сан түрлі кеселдерімен күресіп жүрген ақ желеңді абзал жандардың еңбегі ерекше. Осы орайда денсаулығы жиі мазалайтын жандардың бірі менмін.
Дәрігерге жүгінген сайын дүдәмал оймен баратынымыз рас. «Сырқатым қауіпті емес пе екен, жазыламын ба, ем қона ма» деп баратынымыз рас. Сондай кезде дәрігерлер жылы қабақ танытып қарсы алса, ауруымыздан жартылай емделгендей боламыз. Аурудың емі – саудың сәлемі. Күлімдеп қарсы алып, сөздерімен қуат, дәрілермен шипа берген дәрігерге алғысымызды арнап, күш алып, өмірге қайта оралғандай боламыз. Жылы сөздерімен емдейтін дәрігерлерге айтар алғысымыз шексіз. Олар аудандық орталық аурухананың емхана меңгерушісі Гүлсара Батырбекова, стационарлық бөлімінің меңгерушісі Арайлым Кәрібаева және Аида Қанатбек есімді дәрігерлер. Олар әрбір науқастың сауығуына барынша жағдай жасайды.
Алмалы ауылдық амбулаториясының меңгерушісі Жамал Доланбаева мен әлеуметтік қызметкер Гүлдана Асқарқызына ерекше рахмет айтқым келеді. Ісіне адал жандарға Алла разы болсын. Бала-шағаларының қызығын көріп, ел алғысына бөленіп, абыройлары арта берсін. Адамның бірінші байлығы – денсаулық. Халық «Денсаулық – басты байлық» деп бекер айтпаған. Сондай кезде халықтың денсаулығы үшін күн мен түнді алмастыра еңбек етіп жүрген ақ желеңді абзал жандардың еңбегі жана берсін.
Ұ. Майтасова
Алмалы ауылы,
Сарқан ауданы
Фото: medicusunion.com





