2025 жылы Қазақстанда балаларға медициналық оңалтудың қолжетімділігі айтарлықтай кеңейді. «Қамқорлық» жобасы аясында Атырау, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Жетісу және Ақмола облыстарында алты жаңа ауданаралық оңалту орталығы іске қосылды.
Биыл барлығы 125 мыңнан астам бала оңалту қызметін пайдаланды.
Балалар денсаулығын қорғау бағытында салалық бағдарламаларды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Елімізде «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы және 2026–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленді. Бұл құжат балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қолданыстағы және алдағы бастамаларды біріктіретін алғашқы кешенді бағдарлама болып саналады. Бағдарлама мемлекет, ата-аналар, педагогтар, дәрігерлер, әлеуметтік қызметтер және үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін бір платформада тоғыстырады.
Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға бағытталған салалық жобалар да дамуда.
«Сырлы дыбыс» – есту қабілеті бұзылған балаларға көмек көрсету бастамасы. Биыл қабылданған заңға сәйкес, 2026 жылдан бастап I–III дәрежелі есту қабілеті бұзылған балалар сүйек өткізгіштік операцияларынан кейін жергілікті бюджет есебінен есту аппараттарымен және аудиопроцессорлармен қамтамасыз етіледі.
«Ажарлы келбет» – бет пен бастың туа біткен анатомиялық кемістіктері бар балаларға реконструктивтік көмек көрсетуді көздейтін жоба. МӘМС жүйесі арқылы мұндай балаларға қажетті реконструктивтік және пластикалық операциялар жүргізіледі.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми интернет ресурсы





