Алматы облысында тағы 7 адам коронавирустық инфекция жұқтырды. Осыған байланысты «Жетісу медиа» алаңында баспасөз мәжілісі өткізілді. Жиынға Алматы облысының бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов қатысты.
Белгілі болғандай, 7 науқастың біреуі облыс орталығы — Талдықорған қаласының тұрғыны. Кеселге шалдыққан адам полиция қызметкері екені мәлім болды. Қалған 6 жағдай Кеген ауданында тіркелген. Барлық науқастармен қарым-қатынас орнатқандардан зертханалық талдау жасау үшін қан сынамасы алынған.
Бүгінде, 15 мамыр, сағат 5:50-дегі жағдай бойынша Алматы облысында 190 адамның COVID-19 вирусын жұқтырғаны ресми расталған. Ауру әлі күнге өршіп тұр. Оның өсу көрсеткіші, өкінішке қарай, 3,8 пайызды құрап отыр.
— Қазіргі таңда облысымызда профилактикалық скрининг әдісі енгізілген. Бұл – коронавирус инфекциясын жедел әрі сапалы, дәл анықтайтын заманауи әдіс. Мұндай әдіс енгізілгелі бері жасырын індет ошақтарын, СОVID-19 симптомсыз формалары белсенді түрде жедел анықтауға мүмкіндік туды, — деді Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





