ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдан бастап енгізілетін жаңартылған медициналық көмек пакетінде балалардың церебральды сал ауруы (БЦС) және басқа да әлеуметтік маңызы бар пациенттерге тегін медициналық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің барлық кепілдіктері сақталатынын хабарлады, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Медициналық кепілдіктердің бірыңғай пакетіне көшеді. Бұл реформа денсаулық сақтау жүйесін әділ, тұрақты және барлығына қолжетімді етуге бағытталған. Созылмалы аурулары бар барлық пациенттер емдеуді және дәрі-дәрмектерді бұрынғы көлемде қабылдауды жалғастырады.
Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімділігін арттыруға және халықты медициналық көмекпен барынша қамтуға бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерге азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын (D және Е санаттары) сақтандыруға мүмкіндік беретін жаңа қаржылық тетіктер енгізілуде. Бұл шара 1 миллионнан астам азаматтың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет бұрынғыдай азаматтардың барлық жеңілдетілген санаттарына, соның ішінде балаларға, жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге, студенттерге, мүгедектігі бар адамдарға және жұмыссыздарға қатысты өз кепілдіктерін сақтайды. Бұл жалпы алғанда 11 миллионнан астам қазақстандыққа, оның ішінде БЦС диагнозы бар барлық пациенттерге қатысты.





