Ұлы Жамбылдың ауылында туып еді. Мына жарық дүниенің есігін де тура сол, ұлы ақын бабасы өмірге келген ақпанның 28-і күні ашыпты. Есімі де қызық қойылған. Доғдыргүл. «Неге осылай аталдың екен, а? Әлде, бір себебі бар ма?» дедік әңгіме арасында құрбымыздан сыр суыртпақтап. Сөйтсек, осы төртінші перзентінің кіндігін кескен ұлты неміс, Дарья атты акушер келіншекке ата-анасының ықыласы ауыпты. Болашақта тура сондай доғдыр болса деп ниет етіпті. Сол бір пәруана тілектен туған атаулы есім екен. Өмірқұл мен Күләнданың бұл тілегін періштелер де құп көрсе керек, кейін бұл кісіңіз бүкіл Жамбыл ауданына танымал айтулы бас дәрігер болды. Ал енді осы мұратқа жету жолында қаншама талпынды десеңізші?!
«Әкем Өмірқұл тұлғасы ірі, бойшаң сары кісі еді. «Менің осы қызым кейін доғдыр болады» деп үнемі айтып отыратын. Бұл сөзді, мүмкін, Алласы аузына салған шығар, алайда өзіме-өзім он төрт жасымда-ақ қалайда дәрігер боламын деп серт бергем. Сол сертімнен таймағаныма қуанамын», – дейді құрбымыз.
Өмірқұл мына дүниенің дидарына соңғы рет көз салғанда артында сегіз баласы қалып бара жатты. Кенже қызы Ләйла небәрі үште еді. Өзі де небәрі қырық тоғызда болатын. Сонда он төрттегі Доғдыргүл асқар таудай әкесінің айықпас дерттен біртіндеп шөгіп бара жатқанын бала жүрегімен қынжыла аңдап: «Шіркін, мықты дәрігер болсам, асылымның жанын алып қалар едім-ау» деп бала қиялын қияға самғатыпты. Кейін осы жолға түсу үшін талмай талпынды. Мектепті де кілең жақсы бағалармен бітірген арманшыл қыз Алматыдағы медицина институтына ілігу үшін ой-й қанша ізденді десеңізші. 1977 жылдан бастап қатарынан төрт рет абитуриент болғаны қалай ұмытылсын? Екі рет физика сынағынан сүрінді, екі рет конкурстан өтпей қалды. Бірақ тайсалмады. «Медицинаңды қойшы енді айналайын, уақытың болса да зымырап өтіп барады, сені одан да КазГУ-ге түсірейік те» деген ағайындарының сөзіне де иілікпеді.
1980 жылы екі балы кем түсіп, конкурстан өтпей қалған күні «медучилищені қызыл дипломмен бітіргендер институтқа кедергісіз қабылданады екен» дегенді естіді. Жақын төңіректегі мұндай оқу орны Алматы мен Талғарда ғана, Алматыдағысына қалалық тіркеу қажет көрінеді, ал ендеше деп бүкіл құжаттарын жинап алып Талғарға тіке тартқан. Диктанттан 5, химиядан 4 алды да, жолы болғандар тізіміне ілінді. Осындағы медицина училищесінде бір жыл сегіз ай оқып, медбибі курсын тамамдады. 1982 жылы қызыл дипломын көтеріп келді де, Алматы медицина институтының есігін еркін ашып кірді ақыры.
Табандылығы мұратына жеткізген талапты қыздың сол күнгі қуанышын сөзбен айтып суреттеу де оңай емес, бірақ бір қызық жайт есінде жатталып қалыпты. Оқуға түсіп ауылына алып-ұшып келсе, мұның жетістігіне қойшы әрі дегендей үйдегілердің ешбірі сенбейді дейді. Бұлардың мұндай немкеттілігіне күйіп кете жаздаған Доғдыргүл «Студент Д. Молдахалықова мединституттың бірінші курсына қабылданды» деген анықтама қағазын көрсетуге мәжбүр болыпты. Содан кейін барып «ақ түйенің қарны жарылды» дегендей, ағасы Жұмахан бір қойды сойып тастап, айнала жұртқа кішігірім той жасап бергені де енді бүгін елжірей еске алатын жарқын сәттердің бірі еді ғой.
Бұл қуанышқа жеткенше де талай су ақты. Мектепті бітірген 1977 жылдан мединститутқа түскен 1982 жылдың аралығын есептей беріңіздер, қаншама уақыт. Діттеген мақсатынан айнымаған қайсар қыз осы аралықта үйінде құр қол қусырып отырған жоқ, әрине. Шешесіне көмекші болып колхоздың қызылшасын баптады, Қарғалы шұға комбинатына барып екі жыл жіп иіруші болды.
Талғарда оқып жүрген кезінде курс жетекшісі, хирургиядан сабақ берген Владимир Эммердің өнегесіне дән риза. Сол кісі оқыған тәлімді дәрістің ықпалы шығар, кейін хирург болсам деп армандайтын. Тіпті институтқа түсіп, жоғарғы курстарда Кентау қаласында дәрігерлік тәжірибеден өтіп жүргенінде күрделі ота жасауға да қатысқаны бар. Бірақ бесінші курста Көкшетаудағы ауылшаруашылығы жұмысынан келген соң терапевт болуға шұғыл бұрылғаны да бір қызық. Оған ықпал еткен кураторлары Роза деген оқытушы еді.
Өмірдегі тосын көріністердің кейбірі адамның қалыптасқан шешімін өзгертіп жібереді екен, сондай мысалды Доғдыргүл өз басынан өткерді. Бірде операциядан шыққан соң темекіні бұрқырата тартып тұрған хирург келіншекке көзі түскен бұлардың кураторы Роза: «Әне, хирург болсаңдар, сендер де өстіп еркекшораланып, темекі тартасыңдар. Арақ ішіп кетулерің де кәдік. Өйткені күн сайын қан сапырып жүрген қасапшы сияқты бұлар стрессті осылай басады» депті. Содан бұл «ойбай, құрысын онда» деген де, мамандық бағытынан жалт бұрылған. Қазір өзі күліп отырып еске алады. «Балалық па, жоқ әлде басымыздың әлі дымы кеппегендік пе, хирург болмаймын дедім де, терапевт мамандығын таңдадым. Кім біледі, хирург болсам…».
Біздің Доғдыргүл терапевт болып та талай адамның жанына жәрдем жасады. Солардың бірі – біз.
Әу баста бұл қызды Олжабай досымыздың кластасы ретінде тек сыртынан ғана білгеніміз болмаса, алдына қырыққа жуықтағанда ғана бардық. Дәрігер атаулыдан қалайда қаймығады ғой адам, палатада жатқан бірнеше науқаспен бірге біз де ең алғаш жүзіне қаймыға қарағанбыз. Қан қысымымызды өлшегені, кеудеміздегі дүрсілді тыңдап көргені, басын шайқағаны, түрін суытқаны есімізде. Содан бері, міне, жиырма үш жыл болып барады, Доғдыргүлдің дәргейіндеміз.
Ал бұл кісі сонау 1988 жылы қолына терапевт-дәрігер деген дипломын алып келген күзгісалым кезден бастап кешегі зейнет демалысына шыққан сәтіне дейін осы аурухананың отымен кіріп, күлімен шықты десе де болады. 1988-2006 жылдар аралығында алғаш Ұзынағашта учаскелік дәрігер, кейін терапия бөлімінің дәрігері, осы бөлімнің меңгерушісі, Қарғалы ауылдық ауруханасының бас дәрігері болды. 2006 жылдың қыркүйек айынан 2018 жылдың қыркүйек айына дейін Жамбыл ауданындағы 170 мыңнан астам адамның денсаулығына жауапты «Жамбыл аудандық орталық ауруханасы» МҚК директор-бас дәрігері лауазымында жүктелген қызметті абыроймен атқарды. Ертелі-кеш тынымсыз еңбек етті, елімен бірге есейді. Соңғы он екі жылында бүкіл аудан тұрғындарының денсаулығы үшін бәріне бас дәрігер ретінде есеп берді.
Осы өңірде өмір есігін іңгәлап ашқан әрбір нәресте мен фәни дүниеден көшкен әрбір пенде баласына ресми хаттама жазатын да дәрігерлер. Жылдың төрт мезгілінде күндіз-түні тыным таппайтын да солар. Біздің ауданда еңбектеген баладан еңкейген кәрінің бәрі біздің Доғдыргүл басқарған емдеу мекемелеріне жүгінді. Ол аурухананың алдын сыпырып жүрген жұмысшысынан бастап, кеселге кезіккен әрбір адамның сүйек-буын, жұлын-жүйке, ішек-қарнын түгендеп жататын операция бөлмесіндегі білікті дәрігерлері үшін де, одан кейін осы аудан тұрғындарының денсаулық тағдыры таразыланатын күндегі әбігерлі жиналыстар, отырыстар, мәжілістер… бәрі-бәрінде жауапты болды, әрбір оқиға мен мәселеге қатысты тиянақты жауабы дайын тұрды. Нәзік әйел болмысы өз алдына, сергек басшы тұлғасы да барлық жағынан сай болуға міндеттеді.
Иә, ол басшылық қызмет атқарған соңғы он бес жыл мұғдарында медицина саласы соншама өркендеді және қойылатын талаптың да соншама күшейгені күн сайын жаңа міндеттер жүктеп отырды. Қуаныш пен қызғаныштың қатар жүретіні заңды. Бір қызығы, жеткен жетістіктерді місе тұтпайтын ағайын болмашы кемшілікті қалт жібермейтін әдет тапқан кезде орынды-орынсыз кінә артқандардың біразын көрді Доғдыргүл. Анау бір кезеңде жыл сайын кемінде оннан астам тексерулердің үсті-үстіне келгені жүйкесін сонша қажытқаны да есінде. Кінәлі болса сол кезде мұның басынан ешкім сипамас еді, демек, ақтығынан жазбағанын айналасы мойындады. Осы салада қолы жеткен жетістіктің бәрі өзінің табанынан тік тұрып атқарған тынымсыз еңбегінің жемісі болатын.
Жемісті еңбегі, әрине, ескерусіз қалған жоқ. 2010 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», 2013 жылы «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атанды. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін қоғамдық ұйымдардың «Шапағат» медалімен, «Қазақстан Даңқы» орденімен, «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесі белгілеген «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан мәслихаттарының 20 және 25 жылдығына орай мерекелік медальдармен марапатталды. 2012 және 2016 жылы Алматы облыстық мәслихатының V және VІ шақырылымында депутат мәртебесіне ие болды. Қазір де халық сенімінен шығып жүрген қалаулы депутаттың бірі. Әсіресе, ардагерлер мен көпбалалы аналардың, жетім балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың жанашыры. Оларға көрсеткен жәрдемі мен қамқорлығына тоқталсақ, тағы бір мақалаға арқау болатын деректер жетерлік.
Ол жоғары санатты білгір терапевт-дәрігер, денсаулық сақтау саласының жоғары дәрежелі ұйымдастырушысы, 2017 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен менеджмент мамандығы бойынша экономика және бизнес магистрі білімін алған айтулы маман. Отыз алты жылдық дәрігерлік еңбек жолы барысында мыңдаған, тіпті он мыңдаған адамдардың ақ алғысына ие болған абзал дәрігер.
Доғдыргүл Өмірқұлқызы Молдахалықова медицина саласына басшылық еткен жылдары біздің Жамбыл ауданында дәрігерлік амбулаториясы бар, фельдшерлік қосыны бар, барлығы 13 емдеу мекемесі жаңадан салынды. 100 орындық перзентхана мен орталық емхананың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Орталық аурухана мен жедел жәрдем бөлімі, Мыңбаев және Жамбыл ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Үлгілі ауылындағы фельдшерлік қосын күрделі жөндеуден өткізілді. Көптеген жас мамандар қызметке қабылданып, білікті дәрігер санатына жетті. Халық денсаулығының күзетінде тынымсыз қызмет ететін арнайы жабдықталған 23 медициналық автомашина жаңартылды, жалпы құны 505 162 960 мың теңге тұратын осы заманғы талаптарға сай 60-қа жуық күрделі медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды, оның игілігін қазір бүкіл ел көріп отыр. Бәрінің атын атап, түсін түстеу тіпті мүмкін емес, біз жүгірте айтып өтіп барамыз. Міне, осының бәрі іскер басшының білімі мен мол тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті, жоғарғы басшылық алдындағы беделі арқасында жүзеге асырылған жұмыстардың тек бір парасы ғана.
Біздің асыл құрбымыз адам баласы өміріндегі алпыс дейтін айтулы межеге жетіпті. Не десек болады, соншама елдің денсаулығын түзеген, соншама адамға шынайы қуаныш сыйлаған жарқын жүзді дәрігердің өзіне енді Жаратқан Жаббар иеміз зор денсаулық берсін дейміз. Жасы, әрине, Жамбыл бабасының ғұмырымен пара-пар болуға тиіс, өйткені сол киелі топырақтың төл перзенті, оның үстіне мыңдаған адамдардың алғысы мен ақ батасын алғаны және бар, атасы жеткен межеге жуықтауы керек деп топшылаймыз. Адамгершілігіне, ақыл-парасатына, дәрігерлік мейірімі мен риясыз қамқорлығына риза елі төрт он бестің төрінен көрінген, әлі де еліктей сергек шипагер қызына дән риза деп білеміз. Өмірде қол ұстасып сенім артқан қосағы, ішкі істер органының ардагері, полковник Ойшы Арынұлы екеуінің ел алдында әрдайым жүзі жарқын. Ендеше, алдағы шуақты күндерінің көп болуына ел ішіндегі біз де бір тілекшісіміз.
Рәтбек САҒИД-УАҺАС,
журналист, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы





