Қазақстанда соңғы сегіз жыл ішінде екпеден бас тарту көрсеткіші 4,8 есеге өскен. Аталған жағдай ұжымдық иммунитеттің әлсіреуіне және жұқпалы аурулардың, әсіресе қызылшаның өршуіне тікелей себепші болып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, эпидемиологиялық ахуал күрделі күйде қалып отыр. Жыл басынан бері елімізде қызылшаның 4 184 жағдайы тіркелсе, оның 83,8 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екені анықталды. Өткен аптаның өзінде ауру деңгейі 1,3 есеге өскені байқалды. Мамандар дерттің таралуын нысаналы жас топтарындағы балалардың вакцинациямен жеткілікті қамтылмауынан көреді. Талдау нәтижелері көрсеткендей, науқастардың 77 пайызы – мүлдем екпе алмағандар. Екпе салдырмаудың негізгі себебі 55 пайыз жағдайда ата-аналардың саналы түрде бас тартуынан болып отыр.
Қазіргі таңда вакцинация – аурудың ауыр салдары мен асқынуларының алдын алудың жалғыз тиімді тәсілі. Инфекция ошақтарын оқшаулау мақсатында ел аумағында ауқымды эпидемияға қарсы іс-шаралар жүріп жатыр. Атап айтқанда, ауру шыққан жерлерде байланыста болған адамдарға шұғыл екпе егіліп, олар 21 тәулік бойы дәрігерлік бақылауда болады. Мемлекет тарапынан санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту үшін нақты қадамдар жасалуда.
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәлімдемеде:
«Иммунопрофилактика мәселелері жөніндегі Республикалық штаб отырыстарында аумақтық денсаулық сақтау департаменттері басшыларының есептері қаралады. Атап айтқанда, Жамбыл облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастамасымен иммундық препараттарды сатып алуға қосымша қаражат бөлінді», – делінген.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында 4 000-нан астам арнайы семинар өткізілді. Балабақшаларда қызылша жағдайы тіркелсе, екпе егілмеген балалардың келуіне уақытша шектеу қойылады. Мұндай қадам сау балалардың денсаулығын сақтау және індеттің одан ары таралмауы үшін қажетті амал.
Вакцинациядан бас тарту тек бір баланың емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Ұжымдық иммунитет төмендеген кезде, вирус еркін таралуға мүмкіндік алады. Дәрігерлер ата-аналарды ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және бала денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Оң өзгерістерге тек ортақ жауапкершілік пен медициналық сауаттылық арқылы қол жеткізуге болады.





