Алмалы ауылдық округіне қарасты Абай ауылында жаңадан салынған медициналық пункт ашылды. Жергілікті қазынадан 50 млн. теңге бөлінген нысанның құрылыс жұмыстарын Текелі қаласының «Айд Строй» фирмасы жүргізді.
Жаңа дәрігерлік пункттің ашылуы 143 үй, 607 адамнан тұратын ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Медицина ғимараты заманауи үлгідегі жаңа құрылғылармен жабдықталып, ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Аталған нысан науқастарды қабылдау, скрининг өткізу, екпе салу, балалы әйелдерді қарау, науқастарды орталық ауруханаға жіберу сияқты жан-жақты жұмыстарды атқарады.
Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде жыл басынан бері аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді тарқатып айтып берді. Жаңадан ашылған дәрігерлік нысан жергілікті халықтың дертіне шипа табатын құтты мекен болсын деп лебізін білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы барлық ауылдық елді мекендерді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтқан болатын. Өйткені, халық денсаулығы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарға жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының мамандары жаңа ғимаратта жемісті еңбек етеді деген сенімдемін. «Бірінші байлық денсаулық» деген нақыл бар халқымызда. Өткен жылы Ешкіөлмес, Қазыбаев, Бірлік ауылдарында медициналық ғимараттар бой көтерсе, биыл Абай ауылында ашылып отыр. Жақын арада Аманбөктер ауылында да медициналық нысан ашылады. Ауылды дамытып, тұрғындардың әл-ауқатының көтерілуіне қолдау жасап отырған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа ауыл тұрғындарының атынан алғысымды айтамын, – деді Ғалымжан Қанатұлы.
Ауыл ақсақалы Мейрамғали Жамантаев ақ бата берді. Салтанатты жағдайда жаңа дәрігерлік пункттің лентасын қию құрметі аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев пен медицина саласының ардагері, ауыл тұрғыны Әзікен Қазыкеноваға берілді.
Абай ауылының тұрғындарына дәрігерлік көмек бұрын ескі ғимаратта көрсетіліп келген болатын. Медициналық пунктте 2 медицина қызметкері жұмыс жасайды. Фельдшер Ақниет Қуатқызы, мейірбике Жанар Умирбаева тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетеді.
Ауыл тұрғыны Естай Жазықбаев бұл күнді жұртшылық көптен күткенін айтып, осындай қуаныш сыйлаған басшыларға ақжарма алғысын жеткізді.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы





