«Covid-19» жаңа коронавирус індеті әлемде бұрынғыдан да жылдам тарап жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай мәлім етті.
— Алғашқы науқас анықталып, олардың саны 100 мыңға жеткенше 67 күн өтті. 100 мыңнан 200 мыңға дейін — 11 күн, ал 300 мыңыншы оқиға төрт күннің ішінде тіркелді, — деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус Женевада өткен журналистермен кездесуде.
Қазір инфекция әлемде 350 мыңнан астам науқастан табылған. Соңғы мәлімет бойынша, «Covid-19» жұқпасынан әлемде 15 мыңдай адам қайтыс болып, 100 мыңы сауығып кетті. Ең көп көз жұмғандар — Италия (5,5 мыңға жуық) мен Қытайда (3 153 адам). Испанияда коронавирус эпидемиясы басталғалы індетті жұқтырғандардың көп өлімі тіркеле бастады. Испанияда «Covid-19» індетінен бір күнде 462 адам көз жұмды. Бұл бұрынғы күндерден 26 пайызға асып түсті. Сонымен қатар, Испанияда жұқтырғандар да көп, 4500-ден асып үлгерді.
Қазақстанда да бұл ауруды жұқтырғандар саны күннен-күнге өсіп келеді. Соңғы мәліметте Қазақстанда 66 адамнан қауіпті аурудың белгісі анықталған.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





