Кеген ауданында қауіпті індеттің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жалғасуда. Аудан орталығындағы үлкен базар, мал базары демалыс күндері жұмыс істеген жоқ. Жиын-тойларға, іргелі басқосуларға шектеу қойылған. Аудандық ауруханада өкпенің қабынуы бойынша 14 адам емделіп жатыр. Жыл басынан бері осындай сырқатпен ауырған 11 адам жазылып шықты. Өңір бойынша коронавируспен ауырған адам тіркелген жоқ.
Аудан бойынша коронавирустің екінші толқынына орай инфекция- лық аурулар бөлімінде 10 төсек, емхана бөлімінде 60 орын дайындалған. Жалпы, аудан бойынша 90 төсектік орын әзірленіп қойылған. Аудандық аурухананың екінші деңгейлі инфекциялық орындарында бір дәрігер инфекционист, 3 реаниматолог бар. Жұқпалы аурудың таралуының алдын алу жұмыстарын жүргізуге бекітілген 2 эпидемиолог, 1 дезинфектор, 1 жұқпаны бақылайтын маман жұмыс істейді. Ауруханада дәрі-дәрмектің 2 айдан аса уақытқа жететін, қорғаныс киімдері мен қажетті бұйымдардың 3 айға жететін қоры жабдықталып қойылған. Ең бастысы, бір мезгілде 50 нүктеге оттегі беретін стансы жұмыс істейді. Оның сыртында өкпені жасанды жолмен тыныс алдыратын 4 аппарат, 1 стационарлық жылжымалы рентген аппараты, 50 дана пульсоксиметр алынған. Аудандық ауруханада автобус базасындағы жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.
Ауданда қауіпті індеттің алдын алу мақсатында 5 фельдшерлік «Жедел жәрдем» бригадасы, 25 мобильдік топ, 1 мобильдік бригада іс-әрекет жасауда. Аудандағы күнделікті тұрмыстық заттар, азық-түлік сататын сауда орындарында, әлеуметтік нысандарда, халыққа қызмет көрсететін мекемелерде тұрғындардың бетпердемен жүруі талап етіледі. Жұртшылық та оған бейімделген.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы





