Талдықорған қаласындағы Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде өткен кезекті брифингте облыс тұрғындары үшін маңызды тақырып – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі соңғы өзгерістер талқыланды. Биылғы шілде айында Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Заң аясында денсаулық сақтау саласы сақтандыру моделіне түбегейлі бет бұрмақ. Бұл жай ғана құжаттық өзгеріс емес, әрбір азаматтың, әсіресе әлеуметтік осал топтардың сапалы медицинаға қол жеткізуіне кепілдік беретін маңызды қадам.
Брифинг барысында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеғұлова өңірдегі ахуалды баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Жетісу облысында 119 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
«Бұл азаматтардың арасында ең қиын жағдайда жүргендері де бар. Мәселен, 29 мыңнан астам тұрғын әлеуметтік әл-ауқаты төмен «D» (дағдарыс) және «Е» (төтенше) санаттарына жатады. Жаңа заң бойынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы санаттағы 1 миллионға жуық қазақстандық үшін жарналарды жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл халықтың ең осал топтарына медициналық көмектің қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті спикер.
Медициналық көмектің қаржыландыру көзі өзгергенімен, қызмет көлемі азаймайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, балалар мен мүгедектігі бар жандар мемлекеттің ерекше қамқорлығында.
Мәселен, церебральды сал ауруы (ЦСА) бар балалар 18 жасқа дейін 15 жеңілдік санатының аясында автоматты түрде сақтандырылады. Ал бала 18 жасқа толғаннан кейін де оның медициналық көмек алу құқығы сақталады. Егер ол жұмысқа қабілетті болса, бірақ жұмыс таппаса, жұмыссыз ретінде тіркелуі керек, сонда жарнаны мемлекет төлейді. Ал егер денсаулығында тұрақты шектеулер болса, мүгедектік тобын рәсімдеу арқылы мемлекет есебінен сақтандырылуды жалғастырады.
«Мынан түсіну керек: кепілдендірілген пакеттің (ТМККК) азаюы күтімнің қысқаруын білдірмейді. Қызметтер жойылмайды, тек олар енді МӘМС пакеті арқылы қаржыландырылады. Қант диабеті немесе ЦСА сияқты созылмалы аурулары бар пациенттер бұрынғыдай барлық дәрі-дәрмек пен кеңестерді ала береді», – деді Алмагүл Кенжеғұлова.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Арыстанбек Өтеғұлов жүйеге тұрақты түрде жарна төлеп келген азаматтар үшін жағымды жаңалық жеткізді. Егер сіз соңғы 5 жыл бойы үзіліссіз төлем жасасаңыз, бірақ уақытша қиындықтарға (жұмыстан шығу, т.б.) тап болсаңыз, сақтандыру мәртебесі 6 ай бойы сақталады. Бұрын бұл мерзім небәрі 3 ай болатын. Бұл ретте сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығын арттыру үшін 2026 жылдан бастап жұмыс берушілер мен қызметкерлердің жарна салу шегі 20-40 еселенген ең төменгі жалақыға (ЕТЖ) дейін көтеріледі.
Мәртебені қалай тексеруге болады?
Брифинг соңында мамандар тұрғындарға медициналық көмек алу үшін алдымен емханаға тіркелу қажеттігін ескертті. Өз мәртебеңізді тексерудің бірнеше оңай жолы бар:
- @SaqtandyryBot Telegram-боты арқылы.
- eGov.kz порталы немесе мобильді қосымшасы.
- 1414 байланыс орталығына хабарласу.
Жаңа реформалардың басты мақсаты ешкімді медициналық көмектен тыс қалдырмау. Әсіресе, Жетісудағы «D» және «Е» санатындағы азаматтардың жергілікті бюджет есебінен сақтандырылуы аймақтағы әлеуметтік әділдікті орнатудың маңызды құралы болмақ.
Мәулен Әнербай





