Жұмысынан айырылған қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында алты ай бойы медициналық көмек ала алады, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне кемінде бес жыл қатарынан тұрақты жарна төлеген азаматтардың сақтандырылған мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда алты айға дейін сақталады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының мәліметінше, аталған өзгерістер «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға енгізілген. Енді жүйеге ұзақ уақыт бойы жарна төлеп келген азаматтар жұмыссыз қалған немесе уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған жағдайда да жарты жыл бойы тегін медициналық қызмет алу құқығын сақтайды.
«Бұл өзгерістер азаматтардың табысы уақытша азайған кезеңде медициналық көмектен қағылмауына мүмкіндік береді. Алайда қаржылық жағдайы тұрақталған соң, төленбеген айлар бойынша берешекті өтеу қажет болады», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан.
Айта кетейік, қазіргі қолданыстағы нормаға сәйкес, жарна төлеу тоқтатылған жағдайда азаматтың сақтандырылған мәртебесі үш ай ғана сақталады.





