Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Марбург» қауіпті жұқпадан сақтану жайлы мәлімет таратты. Вирустың өршуі қаупі барын ескертті. Биыл қыркүйек айында Руанда мемлекетінің 7 аймағында «Марбург» вирусының 26 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 8 қайтыс болған. Ауру алғаш рет 1967 жылы Германияның «Марбург» және «Франкфурт» қалаларында шыққан. Сондай-ақ, жұқпаны Сербияның Белград қаласында Угандадан әкелінген маймылдармен жұмыс істейтін ғылыми қызметкер анықтаған.
«Марбург» вирустық жұқпасы – сирек кездесетін, салдары өліммен аяқталатын ауыр вирустық геморрагиялық қызба. Марбург вирусы жарқанаттардан және адамнан жұғу арқылы таралады.
«Марбург» вирустық кеселінің табиғи ошағы – оңтүстік, батыс және орталық Африка. Соның ішінде Оңтүстік Африка Республикасы, Габон, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Гвинея, Зимбабве, Кения.
Вирус ауру адамның физиологиялық сұйықтықтары, физикалық байланысы, терінің немесе шырышты қабықтың зақымдануы, төсек-орын, киім арқылы таралады. Инфекция мен симптомдардың басталып, таралатын инкубациялық кезең 2-ден 21 күнге дейін созылады.
Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, тамақ, бас ауруы жатады. Бұлшықет, буынның сырқырайды. Бірнеше күннен кейін асқазан-ішек жолдары зақымданып, геморрагиялық синдром пайда болады. Мұрын және көзден қан кетеді. Денеде қышымайтын бөртпе пайда болуы мүмкін. Қазіргі уақытта «Марбург» вирусына қарсы вакцина, препарат жоқ. Тек ағзаны демеу мақсатында симптоматикалық ем жасалады. Сол үшін жұқпадан барынша сақтану керек.
Аурудың алдын алу мақсатында эндемиялық елдерге барған кезде сақтыққа мән беру керек. Вирус жұқтырған адамдармен байланыстан аулақ болған жөн. Африка джунглиінде кездесетін жабайы жануарлардан сақтанып, жергілікті жануарлардың піспеген етін жемеу керек. Вирустың тасымалдаушылары – мысырлық жарқанаттар мекендейтін үңгірлер мен шахталарға бармау, жеке гигиена ережелерін сақтаған дұрыс.
Егер аурудың белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Қазақстан республикасына жұқпаның таралуының алдын алу мақсатында халықаралық әуежайларда санитарлық-карантиндік бақылау жасалып, жолаушыларға термометрия жүргізіледі.
Индира Кунбасова,
облыстық СЭБД басшысының орынбасары
Фото: npr.org





