Осы атаулы күнге орай Талдықорған қаласында Халықаралық мейірбикелер күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Кәсіби мереке аясында Жетісу өңірінің фельдшер, акушер және өзге де медицина қызметкерлері ерен еңбегі мен мамандығына деген адалдығы үшін Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды.
Медицина саласындағы дәстүрлі байқаулар биыл да жалғасын тапты. Жеңімпаздар төмендегідей номинациялар бойынша марапатталды:
-
«Үздік акушер» – Мадина Найзабекова
-
«Стационардың үздік мейірбикесі» – Раушан Қазиева
-
«Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымының үздік мейірбикесі» – Арай Ахметова
-
«Үздік фельдшер» – Азамат Құрамысов
– Мен 16 жылдан бері жедел жәрдем фельдшері болып қызмет етіп келемін. Жұмыс оңай емес. Түрлі оқиғаларға тап боламыз. Адам жанының арашасы болу – әркімнің қолынан келе бермейтін ауыр міндет. Сондықтан әріптестерімнің барлығы марапатқа лайық деп есептеймін. Барша медицина қызметкерлеріне табыс тілеймін, – деді жедел жәрдем фельдшері Азамат Құрамысов.
Салтанатты шарада Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Садықов сөз сөйлеп, медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, отбасыларына амандық тіледі.
Мерекелік күні Жетісу өңірінің бес медицина қызметкері ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен, тағы бес маман Алғыс хатпен марапатталды.
Бүгінде елімізде 200 мыңға жуық орта буын медицина қызметкері бар. Оның ішінде 80 пайызы – мейіргерлер. Ауылдық жерлерде шамамен 55 мың маман қызмет атқарады.
Мейірбикелер – дәрігердің сенімді серігі, ал медицинаның нағыз жүрегі екенін бұл мереке тағы бір мәрте дәлелдеді.
Медет ЖҰМАБАЙ