Алматы облысы Қаскелең қаласындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Қайғылы жағдайға байланысты тексеру және тергеу жұмыстары басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы
Қарасай ауданының білім бөлімі мәлім еткендей, оқиға 21 қаңтар күні болған. Алдын ала дерек бойынша, 15 жастағы оқушы таңертең бірінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде өзін кенеттен жайсыз сезінген. Осыдан кейін мектеп әкімшілігі жедел жәрдем шақырған.
Алайда жедел жәрдем бригадасы көрсеткен реанимациялық және медициналық көмектерге қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
«Бұл – отбасы, жақындары және бүкіл мектеп ұжымы үшін орны толмас ауыр қайғы», – делінген білім бөлімінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша уәкілетті органдар тексеру және тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қорытындысына сәйкес қосымша ақпарат ұсынылады.





