Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдап, тиісті құжатқа қол қойды. Жаңашылдықтар халықты МӘМС жүйесімен кеңінен қамту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осы өзгерістердің мәні мен әсеріне қатысты ресми түсініктеме берді.
Бүгінде халықтың 83%-ы МӘМС жүйесіне қатысады. Алайда шамамен 3,3 миллион адам сақтандырылмаған күйде қалып отыр.
Мемлекет басшысы Үкіметтің 2024 жылғы 7 шілдедегі кеңейтілген отырысында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін жарналарды жергілікті бюджет есебінен төлеуді тапсырған болатын. Осыған байланысты әлеуметтік әл-ауқаты төмен (D және E деңгейі) санаттағы азаматтар үшін жарналарды әкімдіктер төлейтін болады.
Бұл шараның арқасында 2026 жылға қарай қосымша 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қамтылады.
Сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жарналарды да жергілікті бюджет өтейтін болады. Бұл шешім өңірлік әкімдіктердің жұмыспен қамту және кедейлікті азайту бағытындағы шараларына жауапкершілікті арттырады.
Енді кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген азаматтар үшін жарна төлеуде үзіліс болған жағдайда сақтандыру мәртебесі алты айға дейін сақталады. Бұрын бұл мерзім үш ай болатын.
Мысалы, азамат бірнеше жыл жұмыс істеп, жарна төлеп келгенімен, уақытша жұмыссыз қалған жағдайда алты айға дейін МӘМС аясында медициналық көмек ала алады. Алайда бұл кезеңдегі берешек кейін өтелуге тиіс.
Президент 2024 жылғы Жолдауында «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» қалыптастыруды тапсырған болатын.
Қабылданған заңнамаға сәйкес:
-
2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер барлық азаматтар үшін тегін жүргізіледі (ТМККК аясында),
-
8 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туған жағдайда – сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін кеңес пен диагностика көрсетіледі. Бұған дейін тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана бұл мүмкіндік болған.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне төмендегі қызметтер енгізіледі:
-
амбулаторлық диализ,
-
12 топтағы созылмалы аурулар бойынша динамикалық бақылау,
-
амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету,
-
жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек.
Аталған аурулар қатарында: бауыр, қан, қалқанша безі, жүректің туа біткен ақаулары, артропатиялар, асқорыту, тыныс алу және әйелдер денсаулығына қатысты бірқатар сырқаттар бар.
2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс шегі өзгереді:
-
жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ),
-
қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ.
Бұл шешім бастапқыда ұсынылған 50 ЕТЖ орнына қабылданды. Осылайша салық жүктемесін шектен тыс арттырмай, жүйенің қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.
Осы шаралар нәтижесінде МӘМС жүйесінің жылдық табысы шамамен 200 млрд теңгеге артады деп болжануда.
МӘМС аясында мемлекет 15 санаттағы азаматтар үшін жарна төлейді. Олардың қатарында балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
2025 жылы бұл жарна мөлшерлемесі 2%-ды құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, өзге елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5% аралығында.
Қаржылық жүктеменің ұлғаюына байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемесін біртіндеп көтеру жоспарланып отыр:
-
2027 жылы – 2,2%,
-
2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін өседі.
Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.
Жаңа заң медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және өңірлік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Жаңашылдықтар 2026 жылдан бастап кезең-кезеңмен күшіне енеді.
«Жетісу-Ақпарат»





