Көп адам таңертең ұйқысы қанбай, өзін шаршаңқы сезінуінің себебін тек стресс немесе гаджеттерден көреді. Алайда Пирогов университетінің сарапшысы Анна Тихомирова мәселенің тереңде жатқанын айтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бауырның саулығы ұйқы сапасына тікелей әсер етеді және бауыр саулығының ұйқыға әсері дәлелді медицина деректерімен расталған. Аталған әсер бірнеше нақты биологиялық механизмдер арқылы жүзеге асады, ал ұйқының бұзылуы бауыр ауруларының жиі кездесетін және клиникалық маңызды белгілерінің бірі саналады», – дейді маман.
Медициналық зерттеулер бауыр мен ұйқы арасындағы байланысты ағзаның «ішкі сағаты» – циркадтық ырғақтармен түсіндіреді. Бауыр жасушаларында бүкіл ағзаның биологиялық ырғағын реттеуге қатысатын арнайы рецепторлар бар.
Бауыр – ағзаның циркадтық ырғақ реттегіші
Анна Тихомирова бауырдың атқаратын қызметін: «Олар энергия алмасуды, май алмасуын және ұйқы үшін маңызды – ұйқы мен сергектік циклдеріне әсер ететін гормондардың бөлінуін реттейді», – деп нақтылады. Егер бауыр қызметі бұзылса, мәселен, бауырдың майлы ауруы немесе цирроз кезінде, реттеу механизмі істен шығады. Нәтижесінде циркадтық ырғақтар үйлесімсіздікке ұшырап, ұйқы сапасының нашарлауына және күндізгі ұйқышылдыққа әкеледі.
Зерттеу нәтижелері: Ұйқының тиімділігі төмендейді
Ғылыми зерттеулер бауыр дертіне шалдыққан адамдарда түнгі оянулар саны сау адамдарға қарағанда әлдеқайда көп болатынын көрсетті. Науқастарда аталған көрсеткіш 8,5 ретті құраса, сау адамдарда небәрі 5,5 рет қана тіркелген. Сонымен қатар ұйықтап кеткеннен кейінгі сергек уақыт ұзақтығы да екі еседен астам жоғары. Анна Тихомирова:
«Зерттеулерге сәйкес, науқастарда түнгі оянулар саны әлдеқайда көп болған – 8,5, ал сау адамдарда – 5,5. Ұйықтап кеткеннен кейінгі сергек уақыт ұзақтығы оларда 45,4 минут болса, сау адамдарда – небәрі 21,3 минут. Осындай жағдай ұйқының тиімділігін төмендетіп, адамның түнде толыққанды тынығуына мүмкіндік бермейді», – деді.
Шешім жолдары мен маман кеңесі
Бауыр аурулары ұйқының үзік-үзік, үстірт және қысқа болуына ықпал етеді. Пациенттер жағдайды ұйықтап кетудің қиындауы және таңертең өзін әлсіз сезіну ретінде қабылдайды. Статистика бойынша, науқас адамдар сау адамдарға қарағанда шамамен 45 минутқа аз ұйықтайды.
Егер сіз түнде негізсіз жиі оянып, таңертең бойыңызда ауырлық сезінсеңіз, тек стресске баламастан, бауырдың функционалдық жағдайына назар аударған жөн. Дұрыс тамақтану мен уақтылы медициналық тексеріс – сапалы ұйқының басты кепілі.





