Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына қаржы аударғандар жарнаның қайда және қалай жұмсалатынынан бейхабар. Соның бірі – мен. Пайдаланбаған жарна үшті-күйлі жоғалады. Бірақ, медицина саласының қызмет көрсетуінде ілгерілеушілік байқалмайды. Талонға байланған тағдыр. Учаскелік дәрігерге кезекке жазылып, одан маманға талон алып, сарылып-сабылып жүргенде сырқатыңнан айығып кетесің. Жоқ, жазылып кетпейсің, табаныңнан таусылып әр есікті тоздырғаннан шаршап, жекеменшік емхананы бетке аласың. Акылы емханаға қаражатың болмағасын қазақы ем қолданып әбігерге түсесің.
Бүгінде мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері халыққа тегін кепілдендірілген медициналық жәрдем пен МӘМС негізінде медициналық көмек береді. Президент осы екеуін бірыңғай жүйеге айналдыруды тапсырған еді. Ал жаңа жүйе қалай жұмыс істейді? Кемшілігі көп МӘМС-ті жетілдіру жолдары қандай? Қаражаттың жұмсалуына қатысты да арыз-шағым жетерлік. Жүйе толық реттелгенше МӘМС-ті уақытша тоқтатса дегендер де бар. Бірақ, жүйе сол қалпында қаржыны қағып алып отыр.
…Газеттегі компьютермен жұмыс істейтін маманның жанары талып, жасаурады. Жұмыстан сұранып көз дәрігеріне көрінбекші болды. Содан не болды дейсіз ғой. Әлек болды. Ол өзінің учаскелік дәрігерінің қабылдауына кіру үшін 4 күн күтуі керек екен. Білгеніміздей, аталмыш емханада көз дәрігері жалғыз. Сондықтан қарашығыңды тексерту үшін бір айдан аса уақыт кезекте тұрасың. Сонымен ызаға булыққан компьютер маманы ақылы емханаға барды. Денсаулық сақтау мекемесінің тіркеу бөлімінде көзді тексерту 7000 теңге деп тұр. Маман қосымша тексерулер керектігін ескертіп, ақыны 18000 деп есептеді. Ақыры, қызметтесіміз көз дәрігері айтқан ақшаны төлеп, «компьютерде ұзақ отырмаңыз» деген ақыл—кеңес тыңдап, жұмысқа қайтып келді. Есіл кеткен ақша. Сол қызметкердің МӘМС-ке айына үзбей 15 000 мың теңге төлеп келе жатқанына бәс тігемін. Міне, біздің тегін медицинаның қызмет көрсетудегі жеткен жері.
Жұмыс берушілер міндетті әлеуметтік медициналық сақтаныру қорына қызметкердің табысынан ай сайын 3%, еңбекақысынан 2% аударады. Ал, біржолғы төлем төлеушілер жалақы қорынан 23,8% аударады. Жеке кәсіпкерлердің жарналары – 5 950 теңге. Дербес төлеушілердің аударымы – 4 250 теңге. Мемлекет тарапынан МӘМС-ке төленетін жарналар – 7 285,9 теңге.
Мысалы, «Жетісу-Медиа» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бухгалтері Гүлмира Сатыбалдинаның айтуынша, 287 000 теңге айлық алатын маман міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ай сайын 14 350 теңге көлемінде қаржы аударады. Бір жылда 168 000 теңге. Бұл – орташа жалақы. Ал, ұстаздар мен медицина мамандары, басқа да қомақты қаржы алатындардың жылдар бойғы есепсіз кетіп жатқан ақшаларын есептей беріңіздер.
Созылмалы, қауіпті сырқатқа шалдыққандар болмаса ел емханаға жүгінбейді. Мысалы мемлекеттік мекемелердегі жас қыз-жігіттер жыл бойы емханаға бір рет те бармайды. Бармай-ақ қойсын. Бірақ, солардан түскен жарна қайда кетіп жатыр? Түпсіз тұңғиыққа.
Емханаға ешкім бармайды дей алмаймыз. Олардың ішінде зейнеткерлер мен бос уақыты көп адамдар ем-домын асықпай алуы мүмкін. Бірақ таңнан кешке дейін жұмыс деп мойнына жүктелген міндетті атқарып алашапқын болып жүретіндерге жүйе тиімсіз. Емханаға келіп, емін алып, қаралу үшін жұмыстан қайта-қайта сұрана алмайтындар бар. Себебі, оның жұмыстағы жүктемесін, міндетін басқа адам атқара алмайды. Бұл әсіресе, мемлекеттік мекемелерге қатысты жағдай. Медицина саласы науқасты жылдам қабылдап, ем жасауға құлықсыз. Әлде бұл жүйе әлеуметтік сақтандырудан түскен қаржыны қымқыруға тиімді ме екен?!
МӘМС ешкімге есеп бермейді. Өз есептері өздерінде. Халықты ақпараттандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қаржыны емханаларға бөлдік деген бұлыңғыр мәліметтерді әлсін-әлсін жариялайды. Бірақ, ел сауатты. МӘМС-тің мәліметіне ешкім сенбейді. Халықта кінә жоқ. Барлығы талапқа сай бір-бір емханаға тіркелген. Бір ай аудармасаң МӘМС-тің көмегін ала алмайтынын естігелі тұрғындар жарнаны ай сайын аударады. Кейбір мемлекеттік емханада МРТ, КТ сияқты заманауи құрылғылар жоқ. Болса да меңгеретін маман жетіспейді. Сонымен өздерімен келісімшартқа отырған жекеменшік емханаларға барып шақшадай басың шарадай болып жүргенің. Олар күндіз бос уақыт жоқ деп емделушіні беймізгіл уақытқа шақыратын болды. Түнгі сағат 12-1-ге кезекке жазылып, өмірлеріне қауіп төндіріп жүрген жас қыздарды көрдік. Басымыз ауырса алдымен жаратқанға жалынып, содан кейін дәрігерге жүгінетініміз рас. Әрине жамандағың келмейді. Бірақ, мынандай сорақылықтардың барын ешкім жоққа шығара алмайды. Қарапайым тұрғындар ғана емес, депутаттар да Үкімет сағатында мәні қашқан МӘМС жүйесін сынағаны баршаға мәлім. Тексеру барысында анықталған бейберекетсіздік жағаны ұстатты. Әлі тісі шықпаған 5 айлық баланы қанқұрттан емдеу өз алдына, кей аурухана бір адамға бір күнде 32 қызмет көрсеттік деп есеп берген. Бұл ақылға қонымсыз. Өтіріктіде қисынын келістіре алмаған. Мынадай жалған ақпарат беру мемлекеттік деңгейдегі жүйе басшыларына сын. Саланың былыққа батқаны осыдан-ақ белгілі. МӘМС-тің қазіргі ұстанымы медицинаны қол жетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсаулына әкеліп отыр.
Облыстағы әлеуметтік медициналық сактандыру қоры филиалының директоры Иван Самойленкоға стоматологтың көмегі қанша жасқа дейінгі балаларға тегін көрсетіледі деген сауал қойған едік. Оның айтуынша, стоматологтың қызметіне 18-жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер тегін жүгіне алады. Жоспарлы түрде көрсетілетін көмек түрлеріне ауырсынуды басатын ем арқылы тіс жұлу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны салу жататындығын айтты. Одан бөлек, жақ-бет аймағында туабіткен патологиясы бар балаларға арнайы ортодонтиялық пластина орнату қызметі тегін көрсетілетін көрінеді. Сондай-ақ, стоматологиялық көмек алу үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес. Тек жүгінген тіс емханасы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан болу шарт. Осыдан барып МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесі артық қызмет көрсетіп жазып, «ақша жеуге» бейімделгенін байқауға болады. Жоғарыдағы 5 айлық баланы емдеу жөніндегі «ертегі» сөзімізге дәлел. Себебі, қаржы нәтиже үшін емес, көрсетілген қызмет үшін төленеді. Сондықтан депутат айтқандай жүйе 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдедік деп қисынсыз «ем жасауға» итермелеген. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы.
Мақаланың басында біздің медицина МӘМС пен қатар тегін кепілдендірілген медициналық көмек жасайтынын айтқан едік. Енді сол тегін медициналық көмектің кімдерге берілетіні жөнінде оқырмандарымызға ақпарат бере кетсек. Жедел медициналық көмек, алғашқы медициналық санитарлық көмек, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттерге қызмет ақысыз көрсетіледі. Шұғыл медициналық көмек,созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулар стационарда тегін медициналық көмек алады. Сондай-ақ, түберкүлез кеселінен емдеу, донорлық ем ақысыз жасалады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бірнеше топқа бөлінеді. Олардың қатарында Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктермен айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруы анықталған біздің елде уақытша жүрген шетелдіктер. Клиникалық ем-шаралардың да есебі ашық емес. Ем алғаның үшін аударған жарнаңның қаншасы кетіп, қаншасы қалды біле алмайсың. Пайдаланбаған қаржы өзіңнің арнайы есепшотыңда сақталатын болса. Оны басқа туыстарыңның керегіне немесе басқа да жағдайларға пайдаланатын болса құба-құп.
Мақала жазу барысында облыстағы әлеуметтік медициналық сактандыру қоры филиалының баспасөз хатшысы Айсұлу Әбішевадан сақтандыру қорының атқарып жатқан жұмысы жайлы сұрадық. Ол: «Өткен жылы өңірде МӘМС аясында консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетуге 10,0 млрд. теңгеге шарт жасалды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға артық. Төрт жыл ішінде аталмыш қызметтердің көлемі 3 есеге өсті, – деді. Жөн-ақ, десе де жиналған қаржының есебін біз білмейміз. «Бір адамның 82 тісін емдедік» деп мәлімет берген Алдаркөсенің туыстарына қалай сенесің?! «Өтірікшінің шын сөзі зая» деген осы шығар.
Гүлжан Тұрсын





