Қазақстанда қызылша инфекциясы өршіп тұр. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен республикалық штабтың отырысы өтіп, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жыл басынан бері елімізде қызылшаның 1 951 жағдайы тіркелді. Инфекцияның ең көп таралған аймақтарының көш басында Астана қаласы (581 жағдай), Жамбыл облысы (339 жағдай) және Алматы қаласы (317 жағдай) тұр. Алматы облысында да жағдай күрделі, мұнда 146 адам дертке шалдыққан. Мамандарды басты алаңдатып отырған мәселе – науқастардың басым бөлігі, яғни 79%-ы вакцинацияланбаған азаматтар. Оның ішінде егілмеген балалардың 59%-ы ата-аналарының бас тартуы себебінен қауіпке ілінген.
Қызылша – әлемдегі ең жұқпалы вирустардың бірі. Ол тек бөртпе емес, адам ағзасына ауыр зардап әкелетін дерт. Егер дер кезінде алдын алмаса, пневмония, есту қабілетінен айырылуға әкелетін отит, жүйке жүйесі мен мидың зақымдануы (энцефалит) сияқты асқынулар туындауы мүмкін. Сонымен қатар, аурудан кейін адамның иммундық жүйесі ұзақ уақыт бойы әлсіреп, басқа инфекцияларға қарсы тұра алмай қалады. Әсіресе жүкті әйелдер үшін бұл вирус өте қауіпті, себебі ол мерзімінен бұрын босануға немесе түсік тастауға себеп болады.
Министрлік инфекцияны тоқтатудың жалғыз жолы екпе екенін ескертеді. Қазіргі таңда вакцинациялау науқаны күшейтілген режимде жүріп жатыр. Вакцинация инфекциядан ғана емес, оның өлімге әкелетін ауыр асқынуларынан сенімді қорғайды. Мамандардың айтуынша, денсаулық – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі. Вакцина алу арқылы сіз тек өзіңізді емес, айналаңыздағы иммунитеті төмен адамдарды да қорғайсыз. Балаңыздың егу мәртебесін тексеру үшін EGU.KZ сайтына кіруге немесе 7701 нөміріне хабарласуға болады.





